Қазақстандағы қанды қаңтар: алтыншы күн, Алматы

cover

Алматылық журналистер елдің ең үлкен қаласында наразылық шерулерінің басталғанына куә болды. Бейбіт түрде басталған митингілер нағыз қиратулар  мен жантүршігерлік зорлық-зомбылыққа айналды.

Orda.kz сайты The Diplomat басылымымен бірлесе отырып, Шерилдің қаңтар айындағы барлық оқиғалар мен наразылық шерулерін басып жатқан көшелерден жазған қазақстандық тәуелсіз журналистер туралы әңгімелейді.

Шерил Л. Рид

АЛМАТЫ, Қазақстан: 4 қаңтарда журналист Бек Байтас «Алатау» театрының алдында арнайы жасақ қызметкерлері жиналған шерушілерді тұтқындап жатқан сәттің куәсі болды. Кенет адамдардың арасынан бет аузы қанға боялған адамды көзі шалып, оған жақындай бергенде солдаттардың бірі оның қолынан ұстап, полиция көлігіне сүйреп апарды.

Оған Orda.kz сайты қазақ редакциясының бас редакторы 21 жастағы Бек: «Мен журналистпін», - деді. Ол журналистік куәлігін және қолындағы пресса күәлігін көрсетті. Бек әдеттегідей полиция ұзақ бөгемейді деп ойлады, бірақ журналисті босатудың орнына сарбаз оның бауырынан екі рет жұдырықпен ұрды. Ер адам Бекке фургонға отыруды бұйырды.

Фургонда наразылық білдіруші 10 адам мен бірге Бек бұрынғы әріптесін көрді. Олар жол бойы Facebook желісінде болып жатқан барлық оқиғаларды тікелей эфирде көрсетіп келді. Фургон бөлімшеге жеткенде, полицейлердің бірі Бектің қолын бұрап, оның телефонын тартып алып, экранын шақпақшы болды. 

Үш полиция қызметкері одан бір сағатқа жуық жауап алды: «Сен наразылық акциясында не істеп жүрсің? Басты мақсатың қандай? ҚДТ негізін қалаушысын білесің бе? Өз еліңді жақсы көресіңбе?» сынды сұрақтар қойылды.

Бек қойылған барлық сұрақтарға жауап бере отырып, «Мен журналистпін. Мені ұстауға құқыңыз жоқ» деп бірнеше рет ескерту жасады. 

Адвокатқа құқығы бар екенін білсе де, Бек қамаудағылардың жауап алған кезде не сезінетінін түсінгісі келді. Полиция журналистен камераға бөлімде оны ешкім ұрмағанын айтуға мәжбүрлеп, тек содан кейін ғана үйіне жіберді. 

Бектің үш сағат қамауда болуы оның наразылық шараларынан хабар таратуына кедергі болмады. Екі күннен кейін ол шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардың дәл ошағына барды.

«Мен қашықтан жұмыс істесем болар еді, бірақ мен оқиғаның ошағында жүргім келді», - дейді ол.

Алматы. Сурет Леонид Рассказовтікі

Наразылық білдірушілердің табандылығы

49 жастағы «Азаттық» журналисі Асылхан Мамашұлы Бек қамауға алынғаннан кейін бірден кешкі сағат 20:00 шамасында «Алатау» театрына келді. Ол мыңдаған демонстранттар тұрған театр баспалдақтарына 300-ге жуық арнайы жасақтың басып кіруге әрекеттенгенін көрді. Олар анда-санда еліміздің әнұранын шырқап, «Біз Жаңаөзенді қолдаймыз!» деп ұрандатты. Шерушілер полицияны бірнеше рет құлатып өтті.

Жиналған жұрт театр алдындағы көшеге қарай жылжыған кезде екі әскери көлік келіп, қорғаныс киімі – дулыға, қалқан және шоқпар ұстаған адамдарды түсіріп кетті. Асылханның айтуынша, бұған жауап ретінде жастар топырлап келіп жаңа түскен әскерилерге қарай ұмтылып, оның арты жаппай төбелеске ұласты. Кейбір сарбаздар қалқандарынан айырылып, басын қолдарымен жауып жерге құлады. Шерушілер оларды соққыға жықты.

«Мен алғаш рет наразылық білдірушілер арасында мұндай беріктік пен сенімділікті көрдім. Олар әскерилерге қатты қарсылық көрсетті», – дейдіАсылхан.

Алматыдағы «Алатау» театры. Сурет Шыңғыс Уәлихандікі
Республика Сарайына бет бұрған наразылық білдірушілер. Сурет Шыңғыс Уәлихандікі

Шерушілер оған бұл арнайы жасақ сапын бұзып, қала орталығына аттанған үшінші топ екенін айтты.

Асылхан Республика алаңына келгенде сағат түнгі 3:30 болды. Онда әскерилер шерушілерді жақын маңдағы көшелерге ысырып жатқан. Ауада улы газ, әкімдік маңындағы сынған жол төсемдері, қанға боялған оқтар жатты. 

Алаңның батысында қарулы адамдар наразылық білдірушілерге көз жасаурататын газ гранаталарын жаудырды. Біреуі Асылханның қасында жарылған.

«Мен өлдім деп ойладым. Ненің жарылғанын білмедім. Тамағымды күйдіріп, көзімнен жас ақты», - деп еске алды Асылхан. «Таза ауа жұтып, тұншықтырғыш газдан құтылу үшін жақын маңдағы көшеге жүгірдім. Жарты сағаттан кейін ғана мен қалыпты тыныс ала бастадым».

Алдыңғы шептегі шерушілердің ешқайсысында противогаз болмағандықтан, Асылхан олардың қалай дем алып келе жатқандарын түсінбеді. Сағат 4-те шерушілер Orda.kz тілшісіне полицияның өздеріне резеңке оқ атып жатқанын айтты. Әскерилермен қақтығыс таңға дейін жалғасты.

Алматы тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялаған қалада оянды.

Алматыдағы наразылық білдірушілер. Сурет Шыңғыс Уәлихандікі

Тақтар таласы

5 қаңтарда таңғы сағат 10 шамасында Бек Orda.kz сайтындағы екі әріптестері 37 жастағы оператор Леонид Рассказов пен 25 жастағы журналист Мәдина Әшеваға келіп қосылды. Олар Леонид «Тақтар таласы» деп атаған Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында наразылық білдірушілер мен полицейлердің қақтығыстарын түсіріп жүрген.

«Екі топ болды: бірі наразылық білдірушілер, екіншісі полиция», - деді ол. Жақсы кадр алу үшін Леонид пен Бек оқиға ошағына жақындады.

Бектің айтуынша, полицейлер қалқандары мен таяқшалары бар қорғаныс құралдарын киіп алған.  Демонстранттар қолдарын көтеріп: «Атпаңдар!» деп айқайлап жатты. Оларға қарай көзден жасағызатын газ бен резеңке оқтар жауды.

Леонидтің айтуынша, полицияның нысанасы наразылық білдірушілер болған, бірақ он шақты журналист тура атыс сапында тұрған. Көздерінен жас ағып, тамақтары күйе бастағанда Леонид пен Бек артқа шегінген. Осы кезде резеңке оқ Леонидтің арқасына тиіп, күртешенің саңылауын тесіп өткен.

«Мені біреу кеп тепкен сияқты болды», - деді ол.

Ал Бектің оң көзінің астына резеңке оқ тиген.

«Көзім күйіп жатқандай болды». Бектің беті тез қызарып, күні бойы көзі көрмей қалды. Олар дереу жақын маңдағы дәріханаға барып, ауырсынуды басатын дәрі ішкен, бірақ жарақаттарына қарамастан журналистер сыртта қалып, түсірілімді жалғастыруға бел буған.

«Мен бұлай қауіпті болады деп ойламадым, өйткені ешкім бізді қорқытқан жоқ. Бұл тек полиция мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыс болды», - деді Леонид.

Ақырында кейбір демонстранттар оған да қарсы шықты.

Шынайы атыс

Сол күні таңертең Асылхан мен «Азаттық» операторы Санат Нұрбек наразылық білдірушілердің шағын тобы жиналған «Алатау» театрына қайтып келді. Еш жерде полиция көрінбеді. Жиналғандардың біразы Асылханға сұхбат беруге бел буғанымен, көбі Санаттың камерасына түспеуді жөн көрді.

Оператордың айтуынша, жиналғандар өз талаптарын тізген. Атмосфера өте тез қызып кетті, өйткені шенеуніктердің ешқайсысы оларға жауап қатпады. Сосын наразы қауым өз шарттарын тікелей полиция мен әкімдікке жеткізуді ұйғарды.

Асылхан мен Санат олардың соңынан еріп, жолда «Нұр Отан» партиясы ғимаратының қалай өртеніп жатқанын көрді. Жиналған жұрт Төле би көшесіндегі полиция бөлімшесіне жақындаған кезде, кеше түнде ұсталғандарды босатуды талап ете бастаған, алайда полицейлер шеруге шыққандарға шығудан бас тартты. Санат пен Асылханның айтуынша, ғимараттың төбесінде тұрған полицейлер демонстранттарды қумақ болып, оларға дыбыс шығаратын граната лақтырған.

Шерушілер бірнеше сағат бойы полиция бөлімшесінің сыртында тұрып, биліктегілердің ең болмағанда біреуімен сөйлесуге тырысқан. 

Шамамен осы уақытта Асылхан кеңсеге оралса, журналист Аян Қалмұрат оператор Санаттың жанына келді. Санаттың айтуынша, наразылық білдірушілер бірден Аянды жақтыртпады – расында, олар үшін жаңа адам. 

«Мен қорықтым. Бізді таяқпен, күрекпен бірнеше рет ұрмақ болды. Мен пресс-жилет, камера мен микрофон оларды ашуландырғанын түсіндім, өйткені олар беттерін жасырғысы келді. Бұл адамдар бейбіт шерушілер емес, керісінше бейбіт шерушілер бізді құтқарып қалды», - дейді 26 жастағы Аян.

Шеруге шыққандар ары қарай Республика алаңына жылжыған. Аян мен Санат олардың соңынан ерген.

Санаттың байқауынша, жиналғандардың көбі жұқа күртеше киген жастар болған. Жол бойында өртенген бірнеше көлік пен әскери техника тұрған. Алаңға кірген жұрт жиналғандарды ештеңені бұзбауға, сабырға шақырған.

Осы кезде полицейлерден қалқандарын, таяқтары мен күректерін тартып алған шерушілер одан ары ашуға бой алдырған - шенеуніктердің ешқайсысы оларға әлі де жауап қатпады.

«Олар өз талаптарын айтты, бірақ үкіметтен жауап болмаған соң, әкімдік ғимаратын өртеп жіберді», - деп еске алды Санат.

Шамамен жарты сағаттан кейін президент резиденциясы өртенді.

Адамдар жан-жаққа қашып, «резиденцияда атыс басталды» деп шулап жатты, дейді Санат. Санат пен Аян аяғы мен денесінен оқ жарақатын алғандардың маңы тез арада қанға боялғанның куәсі болды. Оқтар мылтық оқтарына ұқсас болды.

Президент Резиденциясы. Сурет Леонид Рассказовтікі
Резиденция алдында өртенген көліктер. Сурет Леонид Рассказовтікі

Түтіннен ештеңе көрінбеді. «Жастар өте агрессивті болды. Олар резиденцияға кіріп, оқ атқандармен төбелесуге дайын еді», - деді Санат.

Ол Аян екеуі президент резиденциясының жанында жаралылардан түсініктеме алып жатқанда, екі әскери көлік өтіп бара жатып, көпшілікке оқ жаудырғанын да көрді.

Санат: «Аян маған жүгір деп айтты, бірақ мен бұрылып, сол екі көлікті видеоға түсірдім», - деді.

Өртеніп жатқан резиденцияға наразылық білдірушілер кірмек болған кезде журналистер екіге бөлінуге мәжбүр болды.

Арада бес минут өткен соң Аян Санатқа телефон соқты. Ол Санатқа оқ тиіп кетті ме деп, бірден офиске бет алған. 

Этникалық қақтығыс

Сол күні Леонид пен Мәдина Республика алаңының маңында не болып жатқанын видеоға түсіріп, бірнеше шерушілерді мылтықпен дайын тұрғанын көрді. Олар Желтоқсан мен Тимирязев көшелерінің қиылысында әкімдіктен қашып бара жатқан әскерилерді, наразылық білдірушілер қару-жарақ пен күрекпен қуған шерушілерді байқап қалған. Солдаттардың бірі өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, оған мініп, қашып кеткен. Басқа сарбаздар үш полиция көлігіне қарай жүгірген, бірақ олар сарбаздарды тастап кеткен. Леонидтің айтуынша, демонстранттар оларды қуып жетіп, соққыға жыққан.

Содан кейін олардың жанына бір топ адам келген.

«Полицейлер кеткеннен кейін жағдай одан сайын нашарлады. Біз қауіпсіз емес екенін түсіндік, өйткені үкімет те жеңіліп жатты», - дейді Леонид.

Өртеніп жатқан әкімдік ғимараты. Сурет Леонид Рассказовтікі
Әкімдік ғимаратының алдында жиналған жұрт. Сурет Леонид Рассказовтікі

Ол Мәдинамен бірге әкімдікке жақындамақшы болғанда наразылық білдірушілер оның есігін өртеп үлгерген. 

Дәл сол кезде олар Леонидтің пресс-жилетін көріп, оған тиісе бастаған. Шерушілер оның қайдан келгенін сұрай бастады. Леонид Қазақстанның солтүстігінде дүниеге келген, анасы – еврей, ал әкесі – украин. Олар Леонидті орыс деп ойлаған. Мәдина этникалық қазақ болғандықтан оларға екеуінің де журналист екенін және Orda.kz сайтында жұмыс істейтінін қазақша түсіндірді.

Шерушілер арасында жанжал туындады – олар Леонидке болып жатқанның барлығын түсіруге рұқсат беру керек пе, әлде жоқ па шеше алмады. Ең агрессивті топ оны пресс-жилетінен тартып, камерасын жұлып алмақшы болды. 

Бұл кезде кеш батып қалған еді, Леонид пен Мәдина кеңсеге қайтпақшы болған. Достық көшесіне жеткенде наразылық білдірушілер тағы да оның пресс-жилетінен тартқылап, камерасын тартып алып, «орыссың» деп, бетіне түкірген. 

«Өмірімде бірінші рет адамдар ұлтыма байланысты маған тіл тигізді. Көңіліме қатты тиді, өйткені Қазақстан – менің Отаным», - дейді Леонид. Ол шерушілерді елемеуге тырысып, басына капюшонын жауып, медициналық бетпердесін киіп алған.

Мәдина наразылық білдірушілердің басқа тобынан көмек сұрап, олар Леонидтің камерасын қайтарып берді. Артынша бірнеше демонстранттар журналистерді қоршауға алып, Леонид пресс-жилетін шешіп, камерасын тыққанша оны жауып тұрды.

«Қазір мен өзімді өз елімде жүрмегендей сезінемін», - деді ол.

Өте қауіпті

Санат пен Аян оқтың астында қалғаннан кейін «Азаттық» радиосының Алматыдағы бөлімшесінің жетекшісі Қасым Аманжол жағдай тым қауіпті болып шыққандықтан, атыс естілген аудандағы барлық тілшілерді кері шақыртты. Шерушілер «Қазақстан», «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы», «КТК» және «Мир 24» мемлекеттік телеарналарының кеңселері орналасқан екі ғимаратты өртеп жіберді.

«Ереуілшілер осы телеарналардың кеңселерін әдейі өртеп жіберген. Олар осы жылдар бойы қате ақпарат алғандарына ашулы болды. Мен шерушілер Азаттық тілшілерінің наразылық акциясына шыққанын көргенде оларды қауіпсіздік мақсатында қоршауға алғанын мақтанышпен айта аламын», – дейді Қасым.

Алдыңғы түнде қаланың шығыс бөлігіндегі наразылық акциясын жариялап жүрген Қасымды да полиция екі сағатқа қамады.

Оның әріптесі, «Азаттық» астаналық редакциясының редакторы Дархан Өмірбек те 4 қаңтар күні баспасөз куәлігін көрсеткенімен наразылық шерулерінен хабар таратып жатқан жерінде ұсталды. Ол тұтқындалған 100 демонстранттың қатарында болды.

«Олар маған акцияға барғаныма өкінемін деген қағазға қол қоюымды талап етті, бірақ мен келіспедім», - дейді Дархан. Ол төрт сағат ұсталып, еш айыпсыз босатылды.

Наразылық акциясы ешқандай зорлық-зомбылықсыз өткен Астанада (сол кездегі Нұр-Сұлтанда) көптеген ереуілшілер мас болған, дейді Дархан. «Біздің мәдениетімізде билікке қарсы шығу жоқ, сондықтан кейбіреулері батылырақ болу үшін ішімдік ішіп алған». 

Астанадағы наразылық акциясы. Сурет Махамбет Әбжандікі

Бостандыққа шыққаннан кейін Дархан наразылық акциясы кезінде қаза тапқандардың аты-жөні жазылған электрондық кесте жасады. «Мен мұны өлім туралы жедел хабарларды жеңілдету үшін жасадым», - деді ол.

Тізім алғаш рет қаңтар айының соңында жарияланды және елдегі ең сенімді кестеге айналды. Үкімет бұл адамдардың атын атауға асықпады. Сонымен қатар, билік отбасыларына жақындарының қазасы, қатыгездік пен азаптаулар туралы хабарласа, құрбан болғандар террорист деп танылатынын ескертті, деді Дархан.

Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова 5 қаңтар күні Бек пен Леонидке резеңке оқ жауғанын ести сала, журналистерге кеңседе қалуға бұйрық берген.

«Егер мен біреуді оқиға ошағына жіберсем, сол жерде оған бірдеңе болып қалса, ол менің жауапкершілігім болар еді. Кейбіреулері маған құлақ аспады. Құдайға шүкір, бәріміз тіріміз», - деді ол.

Оқиға орнына Гүлнәр өзі баруды ұйғарды. Ол пресс-жилетін киіп, көлік жалдап, көмекшілерімен бірге көшеде не болып жатқанын камераға түсірді.

Интернет бұғатталды, бірақ Orda.kz кеңсесіндегі редакторлар желіге қосылудың жолын тапты - екі ноутбукта интернет болып, сол арқылы Telegram-арнаға жаңалықтар жарияланды.

Гүлнәр екі журналист қорыққанынан наразылық акциясы кезінде Orda.kz сайтынан шығып кеткенін айтты. «Қорықсаңдар, журналист болмаңдар!» дедім.

Содырлар қала әкімі мен телеарнаның түсіру тобы отырған екі көлікке оқ жаудырып, «Алматы» телеарнасының жүргізушісі Мұратхан Базарбаев қаза тапты. Базарбаев асқазаны мен аяғынан оқ жарақатын алып, сол жерде қайтыс болды. Телеарна операторы қолынан жарақат алып, кейін екі саусағынан айрылған.

«Біз террорист емеспіз!»

5 қаңтар күні кешке қарай полиция мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыс күшейе түсті. Қала орталығындағы дауыс зорайтқыштар халықты көшеден аулақ болуға шақырды. Наразы топ Алматы әуежайына келіп, бес ұшақты басып алып, екі сарбазды өлтірді. Кейбіреулер өздерімен атыс қаруын алып, қару сататын дүкендерге басып кірді.

Бұл Бектің қаланы аралауына кедергі болмады. Ол Мәметов көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысына жақын маңдағы көшеде мәйітті байқаған, бірақ көліктен түсіп, мәйітке қарай жақындай бергенде, бір топ адам «тез кет!» деп табанды түрде айтты.

Бек көлігіне қайта отырып, оталдырды. Сейфуллиннен Төле би көшесіне бұрылғанда қасына көлік тоқтап, терезесін төмен түсіріп, жүргізуші винтовкасын шығарды. Ол Бекке «атамын» деп ескертті. Артынша ер адам аспанға оқ атты.

Сол түні Бек Төле би көшесінде полиция бөлімшесі маңында көлігіне оқ атылғанын естіді. Кейін ол сол кезде 12 жасар баланың өлгенін білген.

Бек тонаушылардың кафелерге, банктерге, кеңселерге және сауда орталықтарына кіріп-шығып жатқанын көрді. Олар қолдарынан келгеннің бәрін, соның ішінде банкоматтарды да ұрлады.

Сынған банкоматтар. Фото Леонид Рассказов
Бос дүкендер. Сурет Леонид Рассказовтікі

Кешкі сағат 21:00-ге қарай тәртіп сақшыларының қарасы мүлде көрінбеді. Адамдар полиция көліктерінің үстіне секіріп, ұрланған қалқандарымен көшелерде ары-бері жүгірді. Ол өртке оранған көліктерді, соның ішінде өрт сөндіру көлігін, үш полиция машиансын және бірнеше азаматтық көлікті көрді.

Бейнебақылау камераларына түспеу үшін көптеген адамдар нөмірсіз сапарға шыққаны анық.

Сол түні Бек пресс-жилетін кимеу қауіпсіз деп шешті.

Мас және агрессивті

6 қаңтар күні таңертең Қазақстанға ҰҚШҰ құрамында Ресейдің 3 мың әскері келді.

Таңертең Бек Республика алаңына оралды. Әкімдік пен президент резиденциясы әлі лаулап тұрды, пайдаланылған снарядтар жерде жатты. Ол аз ұйықтап, беті ісіп, бетіне тиген резеңке оқтан әлі беті қызарып тұрған. Бек оны өз адамдарының бірі деп санаған бір топ мас мародерлерді кездестірді.

Олар оған Республика алаңында тосқауыл қою жоспарлары туралы айтып берді. Олар алаңда қан дақтарын көрсетіп, мәйіттерді туыстарына қайтару үшін тауып алғылары келетіндерін айтты.

Сурет Леонид Рассказовтікі

Бек оларға журналист екенін айтпады және камераға ештеңе түсірмеді. Олар оған қорғаныс таяқшасын ұсынды, бірақ ол бас тартты. Бұл адамдардың көпшілігі мас және агрессивті болды.

«Мен аздап қорықтым. Бірақ үйге қайтқым келмеді, маған қызық болды», - дейді ол.

Бұл күні алаңға 300-ге жуық адам жиналды. Олар ақ матаның үстіне үлкен әріптермен жазылған ұранды ұстады: «Біз қарапайым халықпыз! Біз террорист емеспіз!»

Кешке әскери киім киген адамдар алаңға жиналғандарға оқ жаудырды, нәтижесінде ондаған адам қаза тапты.

Жанармай тонаушылар

7 қаңтарда Асылхан Мәскеуден келген екі тілшімен қаланы аралап келе жатқан. Олар Республика алаңы мен президент резиденциясының жанынан өтті, бірақ әскерилер ғимараттардан оқ жаудырғандықтан кете алмады.

«Біз олардың не үшін және кімге оқ атқандарын түсіне алмадық», - деді Асылхан.

Олар алаңға жақын маңда терезесіне бес-алты оқ тиген, жолаушылар отырғышында қан дақтары бар көлікті көрді.

Радиодан үкіметтің лаңкестікке қарсы операциясы туралы хабарлар естілді. Тоқаев құқық қорғау органдарына ескертусіз шерушілерге оқ атуға рұқсат берді.

Әкімдік. Сурет Леонид Рассказовтікі
Әкімдік. Сурет Леонид Рассказовтікі

Асылхан қала орталығының батысында жанармай құю бекеттерінде шелекпен жанармай жинап жатқан адамдарды көрді. Осы маңда бірнеше ер адам өтіп бара жатқан көліктерге бензин шашып, өртеп жіберген.

Асылхан мен мәскеулік тілшілер от жағушыларды қуып жіберді.

Қаңтардағы өлім

Сол күні Бекке ата-анасы қоңырау шалды. Әжесі қайтыс болды.

«Мен ешқандай ауырсынуды сезбедім», - деді ол. «Мен тіпті жылай да алмадым».

Осы уақытқа дейін ол Алматы көшелерінде қанды қаңтардың бірнеше құрбанының өлі жатқанын көрген. Оның неше түрлі сұмдықтарды көргені соншалық, ол есін жия алмады.

Келесі күні әжесі жерленді, бірақ Бек жерлеуге қатыса алмады. Жеті күннен кейін ол отбасына барып, құрмет көрсетті. Үш сағат бойы көлік жүргізіп, жолда келе жатқан Бектің ойына басқа нәрсе келді. Ол төрт рет наразылық акциясына қатысып, оны жариялап, өзін ажал аузына итергенін түсінді және ақыры көзіне жас алды.

«Мен бәрін қате істеп жатқанымды және өмірімді қатерге тігудің қажеті жоқ екенін түсіндім. Жақсы материал менің өміріме тұрмайды». Ол біраз кідіріп, ойланды. «Мен жасай алатын ең жақсы нәрсе - тірі қалып, жұмысымды жалғастыру».

«Әділ сөз» құқық қорғау ұйымының мәліметінше, қаңтардағы наразылық шеруін жариялауға байланысты журналистер мен блогерлерге қатысты 50-ден астам заң бұзушылық тіркелген. Кемінде 22 журналист қамауға алынып, олардан жауап алынды, оның ішінде бесеуі ұсталды, бесеуі соққыға жығылғанын мәлімдеген.

2022 жылдың тамызында жарияланған ресми мәліметтерге сәйкес, қаңтардың бірінші аптасында 238 адам қайтыс болды. 10 мыңға жуық адам ұсталып, жауап алынды. Қазақстан соттары 1113 адамды соттады, оның жартысына жуығына «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген айып тағылды.

Әкімдік. Сурет Леонид Рассказовтікі

Шерил Л. Рид – американдық журналист және FulbrightProgram стипендиаты. Ол Орталық Азиядағы БАҚ-тың репрессиясын зерттеп, 80-нен астам журналистерден сұхбат алды. Қосымша ақпарат cherylreed.com сайтында.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар