Перизатты Димаш Құдайберген, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қарин қайырымдылық жолында қалай қолдады?
Коллаж: Orda.kz
Астанада Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайратқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Оған қор есебінен қайырымдылыққа бөлінген бір миллиардтай қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр. Сотта бұған дейін Алматының бұрынғы әкімі және Nur Otan партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің патша әулетіндегілердің есімдері аталды. Алдағы уақытта аты елге мәшһүр басқа да адамдар жайлы естіп қалуымыз мүмкін.
Orda.kz редакциясы Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі жазбаларын зерттеп, оның кімдерден қаражат алғанын және ірі кәсіпкерлерге дәл осы қор арқылы қайырымдылық жасауға кімдер кеңес беруі мүмкін екенін анықтап көрді.
Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры (кей жазбаларда Biz Birgemiz Qazaqstan, Biz Birgemiz, BizBirgemiz деп те көрсетілген) 2021 жылғы 21 қазанда ресми тіркеуден өткен. Қордың бірнеше құрылтайшысы болған және олардың бәрі пандемия кезінде құрылған осы атауы мемлекеттік бастамадан шыққан BizBirgemiz еріктілер қозғалысына қатысы бар тұлғалар еді.
Қор құрылған кезде қозғалысты бірнеше ай бойы Перизат Қайрат басқарған. Кейбір ескі жазбаларда оның есімі қате «Қайрат Перизат» деп жазылған. Ол сол кезеңде Nur Otan партиясының белсенді мүшесі болған және жастар қанатындағы қайырымдылық істеріне жауапты қызмет атқарған.
Қор тіркелген соң, бір айдың ішінде Перизат Қайрат мұқтаж жандарға пәтер берілгенін атап, қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Сол кеште Геннадий Головкиннің былғары қолғабы аукцион арқылы сатылып, алғаш рет қомақты қаражат жиналған болатын.
Головкиннің қолғабы мен елеусіз қалған фестиваль
«1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесі мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына жалау болу мақсатында қайырымдылық кешін ұйымдастыруды жөн көрдік. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген ниетпен мейірімді жүрекпен «BizBirgemiz» жалпыұлттық қозғалысының ұжымы, еңбегімен еленген еріктілер қауымы болып, жақсылық жолында жарысып жүрміз. Осы кеште көп балалы 3 отбасыға баспана сыйладық», – деп жазды Перизат Қайрат сол кеш туралы жазбасында.
Жазбада қайырымдылық кешінде үш көпбалалы отбасыға пәтер кілті табысталғаны жазылды. Сонымен қатар кейінірек қылмыстық іс эпизодтарында аты аталған бір оңалту орталығы және сол кеште жиналған қанша қаржы екені көрсетілген.
«Сіздердей ақ мейірлі, кең пейілді, жаны жомарт жандардың арқасында осы кеште қаржылай 48 360 000 теңге жиналды және жерлесім, жомарт құрылысшы (@moldirmensulu) Мөлдір ханым 300 шаршы метрді құрайтын жаңа тұрғын үй кешенінен кеңсе сыйлады. Нарықтағы бағамен кем дегенде 100 миллион теңгеге есептелініп отыр. Барлығы 148 360 000 теңге. Басты демеушілеріміз @gpark.official құрылыс компаниясының басшысы @gabit_satmagambetov Сәтмағамбетов Ғабит мырзамен «SolarA» корпорациясының басшысы (@assel.baurzhanovna_official) Жолмұқанова Әсел ханымға ерекше алғысымды білдіремін», – деп жазды Перизат Қайрат.
Мөлдір ханым — MM Group Stroy компаниясының иесі Мөлдір Сүйіншәлі. Сонымен қатар жазбада негізгі демеушілер ретінде өзге құрылыс компанияларының жетекшілері де аталады. Бірі – Gpark құрылыс компаниясының иесі Ғабит Сәтмағанбетов. Екіншісі – SolarA құрылыс компаниясының бас директоры Әсел Жолмұқанова. Ол сол кеште Головкиннің қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алған. Енді сол қаражатты қайтаруды талап етіп отырған компания. Олардың айтуынша, қолғаптар әлі күнге дейін компания кеңсесінде сақтаулы тұр.
Осы үш кәсіпкер туралы кейін Перизат Қайраттың инстаграм парақшасында басқа да қайырымдылық бастамалардың демеушілері ретінде атап, жазба жариялады. Сондықтан алдағы сот процесінде Gpark пен MM Group Stroy өкілдерінің есімдері тағы да аталуы мүмкін.
Айта кетейік, сол кеш туралы жазбада Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры тіпті хэштегтер қатарында да көрсетілмеген. Бұл — жазба жарияланған уақытта қордың аккаунтында бір ғана пост болғандықтан шығар. Жалпы, Перизат Қайраттың жеке парақшасымен салыстырғанда қордың инстаграм парағы белсенді жазбалар салып тұрмаған. Мысалы, онда 2022 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың сәуірі арасында мүлде ешқандай жазба жоқ.
2022 жылдың қыркүйегіндегі жазба Қостанай облысындағы орман өрті кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналды. Бұл туралы Перизат Қайрат жеке парақшасында арнайы жазба жариялаған.
«Кеше, 3 қыркүйек күні кешкі сағат 22:00-де жағдайдың ушығып бара жатқанын естіп, бірден іске кірістік. BizBirgemiz қоғамдық қорының еріктілерімен бірге таң атқанша керек-жарақтарды сатып алып, гуманитарлық көмек жинады. Таңертең өңірге 20 тонна көмекті жөнелттік. Оның ішінде балалар тағамы, жөргектер мен гигиеналық заттар бар», – деп жазды Перизат.
20 тонна зат бір жүк көлігінің жүктемесіне тең болады. Бір ғана жүк көлігіне демеуші болған меценаттар саны көп. Тағы да сол MM Group Stroy және SolarA, MEGA-AGAT құрылыс компаниясы, Q Group ЖШС мен Magnum компаниясы. Перизат Қайрат Magnum иесі Азамат Османовқа жеке алғыс білдірген.
Нақты қанша қаржы немесе заттай көмек көрсетілгені туралы жазбада айтылмайды. Бірақ 15 шілдеде өткен сот отырысынан кейін, Перизат Қайраттың есеп-қисапқа онша жақсы емес екені белгілі болды.
2022 жылдың 26 желтоқсанында Астанада Біз біргеміз Fest атты іс-шара өтті. Бұл туралы Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі парақшасында қазір ешқандай жазба жоқ. Мүмкін, ол мұны салуды ұмытып кеткен болар. Ал бірге ұйымдастырғандардың бірі – Астана қаласы әкімдігі бұл туралы ұмытпаған. Қала әкімдігінің ресми сайтында осы оқиғаға арналған толыққанды баспасөз хабарламасы жарияланған.
Іс-шара расында да ауқымды болды. Өйткені Димаш Құдайберген күн сайын «Барыс Аренада» ән шырқай бермейді. Сол күні сахнада Димашпен бірге өзге де танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Олардың қатарында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та болған еді.
«Біздің Қор үш жыл бойы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетумен айналысады. Олар өте талантты және біз олардың қабілеттерін дамытуға көмектесуіміз керек. Бүгінгі іс-шараны өткізу демеушілеріміздің қолдауының арқасында мүмкін болды. Билеттерді сатудан түскен барлық қаражат медициналық орталыққа арналған жабдықты сатып алуға жұмсалады. Президент өз сөзінде мүгедектер мен қарапайым адамдардың тең құқықтары болуы керек екенін бірнеше рет атап өтті. Біз бұл сөздермен келісеміз», – деп әкімдік ресми мәлімдемеде Перизат Қайраттың сөзі келтірген.
Бұл сөздерден қор басшысының есепке шорқақ екенін байқауға болады. Себебі ол кезде қорға небәрі бір жыл екі ай ғана болған. Фестивальден нақты қанша ақша түскенін де Перизат Қайрат айтпаған.
2023 жылы Перизат Қайрат бар назарын Газа секторында зардап шеккендерге «көмек көрсетуге» бұрды. Оның қорына жүздеген миллион теңгенің қалай аударылғаны және БАӘ-нің патша әулетінің мүшелерімен достық қарым-қатынасы туралы мәліметтер алдыңғы сот отырысында айтылды. Бұл туралы материалымыздан оқыңыз.
Содан кейін 2024 жылдың сәуірінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры арқылы тағы да жүздеген миллион теңге аударылды. Сол кезеңде Kaspi.kz компаниясының бірінші рет 200 миллион, артынша тағы 500 миллион теңге аударғанын жұрт қызу талқылаған еді. Тергеу материалдарында бұл қаражат 620 миллион теңге деп көрсетілген.
Сонымен қатар, Jusan банк 300 миллион теңге бөлінгені белгілі болды. Сотта өзге де ұйымдардан жүздеген миллион теңге аударылғаны айтылды. Мәселен, «Стройконструкция» компаниясы 200 миллион теңге аударған.
Бұған қоса, қазақстандық банктердің мобильді қосымшаларында кез келген азамат қор шотына өз еркімен ақша аудара алатын мүмкіндік болған. Сот барысында Forte Bank-тің бір топ-менеджері жеке шотынан жарты миллион теңгеден астам қаражат аударғанын айтса, НЗМ (НИШ) оқушыларының ата-аналары тағы бір миллиондай теңге аударған. Нәтижесінде Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге екі миллиард теңге жиналды деп мәлімдеген.
2024 жылдың мамырында Перизат Қайрат Еуропа қайта құру және даму банкінің қор шотына бір миллион доллар аударғанын жазды.
«Енді біздің қор аудан орталығынан алыс орналасқан ауылдарда су шайып кеткен үйлердің орнына жаңа баспана салады. Су тек үйлерді ғана емес, мал мен мүлікті де алып кеткен», – деп жазған еді сол кезде Перизат.
Сол жазбадан кейін мына Перизат Қайраттың Дубайдағы Jumeirah Burj Al Arab қонақүйінің алдында түскен фотосы ең танымал сурет шығар.
Сол уақытта Astana Hub-тың ІТ мамандары Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының ресми сайтын тегін жасап берген. Бұл сайтқа Қайрат жиналған қаражат пен оның қалай жұмсалғаны жөніндегі есептерді орналастыруға уәде берген. Бірақ жоғарыда айтылғандай, есеп беру мәселесі Перизат Қайраттың әлсіз тұсы болған.
Orda.kz дереккөзі мәлім еткендей, қордағы миллиондаған қаржының бәрі ерікті түрде жиналған деуге келмейді. Кейбір меценаттарға «дәл осы қорға аудару ұсынылған». Бұл ұсынысты жеткізген Ақордамен байланысы бар шенеунік болған көрінеді.
Қайрат өз жазбаларында жоғары лауазымды тұлғаларды анда-санда атап, оларға алғыс білдіріп отырған. Ең жиі аталатын — Қасым-Жомарт Тоқаев, бірақ оның аты дипломатиялық сыпайылық тұрғысынан ғана көрсетілген. Ал одан төменірек лауазым иелерінің атының аталуы тегін болмауы мүмкін.
Кейбір шенеуніктерге Перизат Қайрат бір рет қана алғыс айтқан. Мысалы, Бауыржан Байбекті ол 2021 жылы өткен қайырымдылық кешін ұйымдастыруға көмектесті деп атап өткен. Бір жолы ол қазіргі президент көмекшісі Арман Қырықбаевты да атаған. Ол 2019–2022 жылдары Nur Otan партиясының хатшысы болған, ал 2024 жылдың наурызынан бастап Ақордада коммуникациялар бөліміне жетекшілік етеді.
Ал кейбір тұлғаларға Қайрат бірнеше рет алғыс айтып отырған. Мысалы, Ақордадағы ең ықпалды тұлғалардың бірі – мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Ол Президент кеңесшісі болып 2019 жылдың сәуірінен бері қызмет етіп келеді.
2022 жылдың 13 шілдесінде Перизат Қайрат Instagram-да Ерлан Қариннің оның Чэмпи есімді померан шпиці тұқымдас күшігін сипап тұрған бейнежазбасын жариялаған. Жазбада Қайрат бұл кездейсоқ жолыққандарын жазған.
30 шілде күні Перизат Қайрат АҚШ-та өткен Халықаралық дарындар олимпиадасынан алған әсерін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Онда ол былай деп жазады:
«Демеушілік көрсеткен СҚО әкімшілігі және БізБіргеміз қоғамдық қоры.
Барлық серіктестеріме көп-көп рахмет! Осы сәтті пайдаланып, ҚР-ның Мемлекет кеңесшісі Қарин Ерлан мырзаға ерекше алғысымды білдіремін. Құжаттама және санаулы күнде виза алуға өз тарапыңыздан көрсеткен көмегіңіз ерекше. Сенім білдіріп, көрсеткен қолдауыңызға рахмет».
Перизат Қайраттың алғысына ие болғандар қатарында биліктегі Nur Otan (қазіргі AMANAT) партиясының жоғары шенділері мен Астана әкімдігінің лауазымды тұлғалары бар. Мысалы, бұрынғы мәдениет министрі Асхат Оралов. Ол 2021–2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, ал 2022–2023 жылдары AMANAT партиясының атқарушы хатшысы болған. Сондай-ақ Ерлан Қаналимов – 2021–2023 жылдары қалалық мәслихаттың хатшысы, ал 2023–2025 жылдары Астана мәслихатының төрағасы. Ол да AMANAT мүшесі.
Дегенмен, Перизат Қайрат ең жиі алғыс айтатын тұлға – Астана қаласы әкімінің қазіргі орынбасары, ал бұған дейін Сарыарқа ауданының әкімі болған Есет Байкен. 2021 жылы жарты жыл бойы Перизат Қайрат оның қарамағында инвестиция тарту және әлеуметтік бағыт бойынша кеңесші болып қызмет еткен. 2022 жылы ол Байкен мырзаға Астанада жаңа мешіт ашқаны үшін алғыс білдірсе, 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында этноауыл ұйымдастырғаны үшін Байкен мен Қаналимовті мақтап жазды. Яғни қала әкімі Жеңіс Қасымбекті емес, бұрынғы басшысы болған орынбасарды ерекше атап өтті.
Перизат Қайратқа қатысты тағы бір дерек бар. Ескерту: Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына қатысы жоқ. Париждегі Паралимпиада ойындарынан қайтып келген спортшыларды әуежайда гүлмен қарсы алды. Бұл Перизат Қайратқа тиесілі Rebel Flowers гүл дүкенінен алынған гүлдер еді.
Перизат Қайраттың адамдардың іші бауырына кіріп, араласа алатын ерекше қабілетінің бар екеніне ешкімнің таласы жоқ. Ол – нағыз нетворкинг ( пайдалы келіссөз жасаудың) шебері еді. Ақтөбеден шыққан жас қыз елордалық элитаның да, қарапайым халықтың да сеніміне ие болды. Оның тек жақсы аты ғана емес, беделі де болды. Ал Қазақстанда беделді болу арқылы қомақты табыс табуға болады. Тіпті қайырымдылық саласында да кәсіпкерлер кімге қаржы берсе, майшелпектің біразы өздеріне тиетінін жақсы біледі. Алайда 2021 жылы бұл жағдайдың ұрлыққа, болмаса қылмыстық іс пен сот процесіне ұласатыны ешкімнің миына кіріп шықпаған еді.
Автор: Игорь Улитин
Жаңалықтар
- Дубайда қырғын болғаны рас па? Х желісі қарулы қақтығыстар туралы фейк видеолармен күрес бастады
- 8 наурыз мерекесінің шығу тарихы
- Соғыстың төртінші күні: Иранда не болып жатыр?
- БАҚ: Хаменеидің ұлы Иранның жоғары көшбасшысы болды
- Ақтөбеде пауэрбанк кесірінен бір отбасы баспанасыз қалды
- Иранға шабуыл: Әлем басшылары дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпесе деп алаңдаулы
- «Ақиқат пен есептің арасы жер мен көктей»: Арал теңізінде не болып жатыр?
- Рудныйда аулада ойнап жүрген баланы көлік қағып мерт қылды
- Көкпардан әлем чемпионаты 15–21 наурыз аралығында Түркістанда өтеді
- Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялай бастады: Шиеленіс аймағынан 467 адам шықты
- Семейдегі ойын-сауық орталығында алапат өрт шықты
- «Бәрі жақсы, қала сол баяғыша»: Дубайдағы қазақстандықпен сұхбат
- Тоқаев энергетика министрін қабылдады
- Тоқаев Оман сұлтанына эвакуациядағы жәрдемі үшін алғыс айтты
- «Ақша қателесіп түсті» дегенге сеніп қалмаңыз: Банк қосымшасы арқылы жасалатын алаяқтық схема
- Алматыда 2006 жылы қылмыс жасаған адам 19 жылдан кейін сотталды
- Денесінің 85%-ы күйген: Щучинскідегі жарылыстан 9-шы адам көз жұмды
- Израиль Тегерандағы президент резиденциясына соққы жасады
- Иран мектебіндегі қанды қасаптан қаза болған 165 адамның жаназасы шығарылды
- Щучинскіде жарылыс болған дәмхананың иесі ұсталды