Мүгедектер өндірісі: Шайнатылған қол мен заңсыздыққа толы кәсіпорын

cover Коллаж Orda.kz

Алматы тұрғыны Жәнібек Тұяқбаевты жұмыс берушісі мүгедекке айналдырды. Ауыр жарақат алған қызметкерге жедел жәрдем шақыртуға тыйым салған кәсіпорын заң бұзушылықтарға толы. 80 мың деген айлықтың 8 тиынының да жұмыскердің шотына түспеуінің астында салықтан жалтару жатыр ма? Қауіпсіздік талаптарын елемеген өндіріс орны 20 жылдан бері қалай еш тексеріссіз жұмыс істеп келеді. Салдарынан жалғыз Жәнібек емес басқа да қол-аяғы құрылғыға шайнатылып, тоққа түсіп қалған жұмыскерлер жайлы Orda.kz тілшісі зерттеу жүргізді.

42 жастағы  Жәнібек Тұяқбаев Алматы қаласында орналасқан «МТЛ Эксперт» ЖШС жұмыс орнында денсаулығына аса қауіпті жарақат алады. Бұл кәсіпорын құрылысқа арналған металдарды кесу және майыстырумен айналысады. Оқиға 2023 жылдың 23 қыркүйегінде болды. Тұяқбаевтың бұрғылау станогына киімінің жеңі ілініп кетіп, сол қолы аппаратқа шайнатылып кетеді.

Жұмыс беруші жедел жәрдем шақыруға тыйым салған 

Тұяқбаевтың айтуынша, осындай ауыр жарақат алған кезде жұмыс беруші, яғни бастығы жедел жәрдем шақырмай, өздерің көлікпен апарыңдар деп ескертіп қойған екен.

«Сол күні мен жарақат алған кезде маған ешкім жедел жәрдем шақырмады. Мені Айнабұлақтағы ауруханаға бесінші этаждан құлап қалды деп апарды. Ақыр соңында мені № 4 қалалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен алып кеткен соң ғана оқиға полицияға тіркелді. Шынымды айтсам, ол жерде ешқашан жедел жәрдем шақырмайтын. Мен жұмыс істеген жылдар ішінде маған ұқсас аяқ-қолдары станокта қалып немесе тоққа түскен 3-4 жағдай болды, бір де біреуін жедел жәрдеммен ауруханаға апармаған. Өйткені, әу баста, бастық жедел жәрдем шақыруға тыйым салған соң, барлығы қорқады», - деді Тұяқбаев.                              -
Фото: Жәнібек Тұяқбаев

Ауруханаға түскен кезде  Жәнібек Тұяқбаев сол қолы мен иығына қатарынан екі рет ота жасаған. Бірінші ота 7 сағатқа созылыпты. Ашық және жабық сынықтармен қоса бұлшық еттің бәрі бұрғылау станогына шайнатылып, қолдың сүйегімен қатар жүйке талшықтары түгелімен істен шыққан. Тұяқбаев «Илизаров» аппаратымен сүйектерді өсіріп қатайту үшін бір жыл жүрген, ал соңғы 3 ай гипспен жүр. Оның үстіне бір жыл бойы қатайған сүйек қайта сынды.

Сонымен қатар, Тұяқбаевтың айтуынша, жедел жәрдем шақырмаудың басты себебі ауруханаға барған соң ары қарай оқиға полицияға міндетті түрде тіркеледі. Ал полицияға тіркелген соң  міндетті түрде жұмыс орнына тексеріс келеді.

«Полиция тексеріспен келсе, «МТЛ Эксперт» жұмыс орнындағы көптеген заңбұзушылықтар анықталады. Өйткені ол жерде ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Әдетте осындай жағдай орын алған кезде операция ақылы болатын. Егер ота құны 600 мың теңге болса, 300 мыңын бастық қалтасынан шығарса, қалғанын жұмыскерлер арасында қылдай бөліп 300 мыңын бізден жинап алатын. Ал қалған ем-домына деп не ақша, не көмек бермейді»,— деді қолы жарамсыз болып қалған азамат. 

Отадан шыққан соң, ертесіне Алматы полиция департаментінен патруль келіп, қалай, қайда жарақат алғанын сұрастырады. Сол арада Тұяқбаевқа жұмыс беруші «МТЛ Эксперт» директоры Раджап Давузов келіп, одан арыз жазбауын сұраған. Барлық ем-шараңа өзім көмектсемін деп уәде еткен екен. Бұған, егер көмек болса Тұяқбаев келісетінін айтқан.

«Мен 13 қазан ауруханадан шығып ертесіне жұмыс орныма бардым. Өйткені менің несие төлейтін уақытым келді. Оған қоса ары қарайғы ем-домым не болады деп бастыққа келдім. Давузов маған «Сен полицияға арыз жазыпсың, мен істі жабу үшін оларға 3 млн теңге бердім. Ал сенің ауруханада қолыңды кесеміз дегенде, оны аман алып қалу үшін дәрігерге тағы 1 млн теңге бердім. Енді көк тиын да бермеймін» деп мені шығарып салды»,—  дейді Тұяқбаев.

Тұяқбаев ауруханаға кезекті рет қолының жарасын таңуға барғанда, медициналық сақтандырудың уақыты біткендігін білген. Артынша анықтаса, жұмыс беруші оны артқы күнмен 26 қыркүйек жұмыстан шығарып жіберген екен. Осыдан кейін ғана, қолы жарамсыз болып қалған Тұяқбаев не жұмыссыз, не медициналық сақтандырусыз, не жұмыс берушіден қайыр болмайтынын түсінген соң, Алматы полиция департаментіне барып арыз жазады. Қылмыстық іс арыз түскен соң 3 айдан соң ғана қозғалған екен. Іс қозғалып, еңбек инспекторы тексеріс бастаған кезде, Давузов Тұяқбаевты қайтадан жұмысқа тіркеп қояды. Қылмыстық іс қаралған сотта неге екені белгісіз азаматтық талап-арыз бірге қаралмаған екен. Алайда, Давузовтың жұмыс беруші ретінде кінәсі толық дәлелденіп, сот оған бір жыл жұмыстан шететілумен қатар заңбұзушылыққа қатысты мемлекетке айыппұл төлеу туралы шешім шығарады.    

Сонымен қатар, Тұяқбаевтың айтуынша, сотта Давузов жұмыскерлерлердің өмірі сақтандырылған деп жәбірленушіге еміне қаражатты сақтандырудан алсын деген. Алайда, сақтандыру компаниясы жұмысшылармен келісім-шарт жасамағаны анықталды. Давузов тек өзінің кәсіпорынын ғана сақтандырып қойған екен. 

Салықты аз төлеудің айлакерлік жолы 

Сондай-ақ, қолы жарамсыз болып қалған азаматтың айтуынша, «МТЛ Эксперт» кәсіпорынында ресми 14 адам жұмыс істейді. Алайда, ешқандай келісім-шартсыз жұмыс істейтін адамдар да бар екен. Оған қоса жалақы мәселесінде де көптеген заң бұзушылықтар бар.

 Ресми түрде көрсетілген 80 мың теңге жалақы 15 жыл бойы өзгермеген. Ал шын мәнінде ол 80 мың теңгенің 8 тиыныда жұмыскерлердің шотына түспейді. Тек ғана 8 мың теңге шамасында зейнетақы жинақтау қорына ғана түсіп тұрады екен. Бұл айлакерлік салықты аз төлеудің амалы ма деген сұрақ туындайды. Негізінде, жалақы 600-500 мың теңге шамасында қолма-қол беріледі.  

Техникалық қауіпсіздік сақталмаған 

«Тек осы оқиғадан соң ғана техникалық қауіпсіздікке жауап беретін адам алған екен жұмысқа. Еңбек инспекторы да жұмыс берушінің көптеген техникалық қауіпсіздікті сақтамағандығын сараптамада анық көрсетті. Сонымен қатар, сараптама қортындысында қолдың толық қалпына келуіне 2-3 жыл керек, алынған жарақат ауыр деп көрсетілді»,— деді Тұяқбаев. 

Бұған дейін де «МТЛ Эксперт» жұмыс орнында мұндай жағдайлар болған. Ең ауыр деген Тұяқбаевтың оқиғасына ұқсас төрт жағдай болыпты.

«Бұндай кезде ауруханаға көлікпен апарып, ота ақылы жасалады. Жартысын жұмыс беруші қалтасынан шығарса қалғанын сол жердегі жұмыскерлерден қылдай бөліп жинап алып жүрген екен. Арыз жазар алдында мен ол жігіттермен хабарласып арыз жазуға қосыласың ба деп сұрадым. Көбісі бас тартты.Бір жігіттің аяғы металл кесетін размоткада қалып қалған кезде, жарты жыл үйінде жатты.Сол кезде біз жұмыстастармен бірге оған ай сайын 10 мың теңгеден ем-домына ақша жинап беріп отырған едік»,— деді зардап шегуші. 

Тағы бір қызығы, ресми түрде кәсіпорында Раджап Давузов директор деп көрсетілген. Алайда, шындығында ол жердің басы-қасында басқарып жүрген оның әкесі Исмар Давузов екен.

Orda.kz тілшісі мәселінің анық-қанығына жету үшін әрі екінші тараптың пікірін білу мақсатында «МТЛ Эксперт» кәсіпорнына барды. Біз барған кезде жұмыс орнында Раджап Давузовтың әкесі Исмар Давузов отырды. Жәнібектің айтқанының барлығын жоққа шығарып, оның жарақат алуына өзі кінәлі деп айтты. 

«Бізде техникалық қауіпсіздікке жауап беретін адам Жәнібекке қатысты оқиға дейін де болды, қазір де бар. Ал Жәнібекке келер болсақ, ол барлығына өзі кінәлі. Ол жұмысқа ішіп келетін күндері болды. Дәл сол қолы сынған күні ол  жұмысқа ішімдік ішіп келіп бұрғылау станогына өзі барды. Негізінен ол станогта басқа арнайы үйретілген адам істейтін. Біз оны кейін жеңіл-желпі шаруаларды орындағанға жұмысқа шақырдық ол өзі келмеді. Еміне деп ақшалай көмек те бердік»,— деді  Исмар Давузов.

Ал неге жедел-жәрдем шақырмадыңыздар деген сұрағымызға, Исмар Давузов жедел-жәрдемге уақыт құртықымыз келмеді, кептелістен қалай жетер еді деп айтты. Сонымен қатар, ол бірінші қылмыстық іс қаралған сотта ұлының жұмыс беруші ретінде ұлының жеңілгенінен де хабарсыз болып шықты. Сондай-ақ, ол Тұяқбаевтың қолы шайнатылып, ауруханаға ашық жарақат ретінде түскенінен де білмейді екен. Бізге ол оның жарақаты жеңіл болды, тек қолы сынғандығын жеткізді.

Давузовтың сөйлеу мәнері бізге қызық көрінді. Сот туралы сөз қозғағанымызда ол бізге «Менің адамдарым менімен ешқашан соттаспайды», деп қысқа қайырды. Сондай-ақ, сот шешімімен ұлы директорлық қызметтен босағанда кәсіпорынды кім басқарды дегенімізде, оның әйелі басшылықта болды деп мәлімдеді. Жалақы жағын да сұрастырдық, айлық 80 мың емес ресми түрде 100 000 мың  теңге түседі ал қалған қосымша жұмыстарға ақша қолма-қол берілетінін айтты. Және барлық жұмыскерлер ресми түрде жұмыс жасайтынын жеткізді.

Кәсіпорынның бір жұмыскерден Жәнібек Тұяқбаев қолы бұрғылау станогында қалып қалған күні ішіп келді ма деген сұрағымызға:

«Жоқ, оқиға болған күні ол мас болмады, мен онымен ешқашан жұмыста ішімдік ішкен емеспін. Және оның қолындағы жарақат бұрғылау станогында қалған соң қолының жартысы шайнатылып, сүйгеніе дейін көрініп тұрды»,— деді жұмыскер.

1900 шаршы метр цехтың ішінде екі кесетін әрі екі металлдарды майыстыратын тағы екі апаратпен бұрғылау екі аппарт орласқан. Сонымен қатар, айналасында жалпақ металлдар жатыр. Цехтың ішінде техникалық қауіпсіздікті салатын жазба қабарғада ілініп тұр. Біз цехтың ішіндегі аппараттардың орналасу жүйесін маманға көрсетіп, қаншалықты дұрыс екенін сұрастырдық.

Құрылыс саласында қауіпсіздік шараларына да үлкен мән беретін архитектор Берік Омаров фото-суреттерге қарап, едендегі ретсіздікті бірден байқады.

Маманың айтуынша, қауіпсіздік техникасына сәйкес, еденде жүруге болатын жасыл аймақтар сызықпен белгіленуі керек. Оларда металл көтеріп, ғимарат ішінде тасымалдайтын көпірлі кран бар, сәйкесінше, барлық жұмыскерлерлер басына каска киюге міндетті екендігін айтты. Біз ол жерде болғанда жұмысшылардың басынан ешқандай каска көрмедік.

Сонымен қатар, біз жалақының құжатта басқша көрсетіліп, ал қолма-қол басқа сома алатыны жайлы  халықаралық адам құқықтары бюросының және заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Дмитрий Тихоновтан сұрастырдық. Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші жұмысшылардың еңбек қызметін орындау кезінде еңбек қауіпсіздігін сақтандыруға міндетті екендігін айтты.

«Барлық айтылған фактілерді ескерсек, өндірісте еңбеккерлердің құқықтарының бұзылуы жүйелі сипат алып отыр. Жұмыс берушінің мұндай мінез-құлқы жұмысшылардың құқықтық санасының төмен болуымен байланысты. Осындай жағдайды 15 жыл бойы өзінің құқықтарының бұзылғанын білген жұмысшы не үміттенді? Қазақстан заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші еңбеккерлерді еңбек қызметін орындау кезінде еңбек қауіпсіздігіне сақтандыруға міндетті. Сонымен қатар, өндірісте жазатайым оқиға орын алғанда жұмыс беруші алғашқы медициналық көмек көрсетуге және қажет болған жағдайда жарақат алған қызметкерді ауруханаға жеткізуге міндетті. Өндірістегі жарақаттарға жергілікті еңбек инспекциясы жауап беруі керек. Жұмыс беруші қызметкерлерге уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік көмек төлеуге міндетті, ол көмек қызметкердің еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін 100% орташа жалақы мөлшерінде төленеді», — Дмитрий Тихонов.

Жәнібек Тұяқбаевтың қорғаушысы Инга Иманбайдың айтуынша, бұл жерде жұмыс беруші кінәлі немесе кінәлі емес деген әңгіме болмауы тиіс. Біздің қолымызда Раджап Давузов жұмыс беруші ретінде кінәсі дәлелдейтін қылмыстық іс бойынша соттың шешімі бар.

«Тұяқбаевтың ісі бойынша жұмыс берушінің кінәсі екені 100 % дәледенген. Қазіргі мақсат, қылмыстың істің шешімін негізге ала отырып, Тұяқбаевқа өтемақы өндіру. Заң мен моральдық тұрғыда жұмыс беруші жәбірленушіге өтемақы төлеуі керек. Оқиғадан бері 2 жылға жуық уақыт болғанымен бір түйір дәрі де алып бермеген, не көмектеспеген. Давузовтың заңсыз жұмыс істегенінің кесірінен ақырында Тұяқбаев сақтандыру бойынша да ешқандай өтемақы ала алмай отыр. Алдағы жасалуы тиіс оталар тағы бар. Қылмыстық іс бойынша сот шешімі жұмыс берушіні кінәлі деп таныған соң азаматтық сот өтемақы өндіру керек. 2 жылға жуық жұмыссыз отырған соң несиелерінің төлеу мерзімі өтіп екі еселеніп кеткен. Матиралдық тұрғыда әбден қиналған, оның үстіне денсаулығын қалпына келтіру керек. Жасалуы тиіс оталар да ақылы. Соттан талап ететініміз Тұяқбаевтың екі жылдық моральдық және матиралдық шығыны өндірілуі тиіс»,—  деді Иманбай. 

Қазіргі таңда жарамсыз қолмен жұмыссыз қалған ер адамның бала-шағасы бір жарым жылдан бері әйелінің мойнында. Арасында такси жүргізуші болып жұмыс істеп те көрген. Алайда, несиесін төлей алмаған соң көлігін салуға тура келген екен. Енді алда, Тұяқбаевқа қол сүйектерін бір-біріне жалғап қатайту үшін және қолдың жүйке жүйелерін қайта қалпына келтіруге тағы да ота жасау керек. Сондай-ақ, ол үшінші топтағы мүгедектік алған. 

Елімізде дәл осындай еңбек қауіпсіздігін сақтамайтын және оларға соңында не моральдық не матиралдық шығынды да өтемейтін кәсіпорындар бар. Жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе де еш әділеттілікке жете алмай жүргендер қаншама. Orda.kz бұл матиралды жазудағы мақсаты осындай кәсіпорындарды негізінен қандай заңбұзушылықтар болатынын көрсету. Сонымен қатар, біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы оқиғаға байланысты сауал жолдадық.  Ал Жәнібек Тұяқбаевтың ісі бойынша, азаматтық соттың қалай өрбитінін редакция бақылауда ұстайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар