Қостанайда бір оқушы рейдке шыққан мұғалімін мотоциклмен қағып кетті

cover Фото: freepik.com

Қостанай облысының Свердловка ауылында кешке қарай 9-сынып оқушысы мотоциклмен мұғалімді қағып кетті. Ақпаратты Қостанай облысының білім басқармасы растады, деп хабарлайды Orda.kz.

Жазатайым оқиға 27 мамырда болған. Мұғалім түнгі уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмаған балаларды анықтау үшін рейдке шыққан. Мұғалімді мотоциклмен қаққан оқушы мектеп бақылауына алынды.

«Оқушыға қатысты тәрбиелік сипаттағы шаралар қабылданды. Кәмелетке толмаған баланы бақыламағаны үшін оның заңды өкілдері сөгіс алды. Кеңестің шешімімен оқушы мектепішілік бақылауға алынды»,  деп хабарлады өңірдің білім басқармасы. 

Оқушы үшін сабақтан тыс жұмыс ұйымдастырылды әрі оған тәлімгер бекітілді. Ведомствоның мәліметінше, оқушының отбасы зардап шеккен мұғалімге материалдық көмек көрсетеді. Мектептің кәсіподақ комитеті де әріптесіне материалдық көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. 

Айта кетейік, Семейде шырша безендірген мұғалім биіктен құлап, жарақат алған еді. Мұғалімнің қоғамдық жұмысқа тартылуы үлкен дау туғызды. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар