«Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы берілмейді»: Еңбек министрлігі жауап берді

cover Фото: Orda.kz

Әлеуметтік желіде «6-дан аз баласы бар көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін» деген ақпарат тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл хабарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Желіде тараған ақпаратқа қарасақ, 6 және одан да көп баласы бар отбасылар ғана «көпбалалы отбасы» болып саналады деген жалған ақпарат таралған.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасына көпбалалы отбасы мәртебесі берілетінін хабарлайды», — деп мәлімдеді министрлік. 

Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді. Көпбалалы отбасыларға төленетін төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады және 2025 жылы:

  • - 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • - 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • - 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • - 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • - 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 15 728 теңге төленеді.

Сонымен қатар, 6 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген, «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқалары бар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға да ай сайын жәрдемақы төленеді. 

Айта кетейік, НЗМ-нің ата-аналары Перизат Қайрат ісінде жәбірленуші ретінде танылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар