Қолқаны қапқан жағымсыз иіс: Екі жыл бойы тұншыққан өңірдегі ахуалдың себебін әкімдік те, экологтар да білмейді
Фото: Ислам Әден Orda.kz
Алматы облысындағы Алатау қаласына қарасты Қоянқұс ықшам ауданының тұрғындары жағымсыз иістен уланып жатыр. Ал иістің нақты қай жерден екенін ешкім де дөп басып айта алмайды. Ақыры әкімшілік пен тұрғындар кездесіп, мәселенің нақты неден екенін анықтауға жиналды.
Orda.kz тілшісі арнайы Қоянқұс ықшам ауданына барып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.
Тұрғындардың сөзінше, сасық иіс жел соққанда және жаңбыр жауғанда шығады және бұл мәселе 2 жыл бойы шешілмей келе жатыр.
Иіс нақты неден шығуы мүмкін?
Қоянқұс тұрғындары түрлі болжамдарды айтты. Бірі — құс фабрикасы десе, бірі — шошқа өсіретін қожалықтан шықты дейді. Ал бірі тіптен нәжіс таситын көліктердің ауыл маңайына қалдықтарды төге салуынан деп отыр.
«Осы жақын маңайда мола бар. Сол маңайдан мен бірнеше рет байқадым. Молалардың жанына нәжіс таситын көліктер келіп, нәжіс суларын төгіп кетеді», – деді тұрғындардың бірі.
Тұрғындар әкімдіктің бұл істен хабардар екенін де ашық айтты.
Жер үйде және көпқабатты үйде тұратындар бұл жағымсыз иісті кешке қарай сезеді. Олар сасық иістің қай жақтан екенін нақты ешкім білмейтінін, бірақ жобамен қай жерден шыққанын айтады.
«Ащыбұлақ жақта су бар. «Сол сасиды» дейді. Майбұршақ өсіретін алқап бар. «Сол да сасиды» дейді. Енді түрлі әңгімелер айтылады. Бірақ нақты ешкім білмейді. Міне, халықтың шағымы осы», – дейді Гүлжиен есімді ықшам ауданның тұрғыны.
Алатау қаласының санитарлық-эпидемиялық басқармасының бөлім басшысы Сәкен Байдуллинұлының айтуынша, иіс келуі мүмкін деп тұспалдауға болатын жерлердің барлығы Іле ауданында. «Алматы Су», құс зауыты және т.б объектілер.
«Құжаттама толтырылғаннан кейін, біз экология департаментіне жібереміз. Бұны бірінші рет жібергелі отырған жоқпыз. 4-5 жыл бойы қатарынан жіберіп келе жатырмыз. Ал неліктен халықтың шағымданып жатқанын маған емес, экология департаментінен сұраңыз», – деді Сәкен Байдуллинұлы.
Санитарлық-эпидемиялық басқармасының бөлім басшысының сөзінше, олар тек мониторинг жүргізіп, экология департаментіне ақпаратты өткізеді. Әрі қарай іс Алматы облыстық экология департаментінің құзырында.
Ешқандай да иіс жоқ
Orda.kz редакциясы істі бей-жай қалдырмай, осы іс бойынша қандай жұмыстар істеліп жатқанынан хабардар ету үшін санитарлық-эпидемиялық басқармасының бөлім басшысы сілтеп отырған Алматы облыстық экология департаментіне сауал жолдады. Олардың жауабында Қоянқұс ықшам ауданында жағымсыз иіс фактісі бойынша ресми өтініштер мен шағымдар түскен жоқ.
«Сонымен қатар, бұл факт бойынша Департаменттің мемлекеттік экологиялық инспекторы жергілікті атқарушы орган өкілдерінің, соның ішінде Алатау қаласы әкімінің орынбасары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, сондай-ақ Алатау қаласының санитарлық-эпидемиялық бақылау өкілінің қатысуымен сапарға шыққанын хабарлаймыз. Қоянқұс шағын ауданына шығу кезінде айқын жағымсыз иіс фактісі болған жоқ, иістің шығу көзі анықталмады. Сонымен қатар, тұрғындарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормалары түсіндірілді. Яғни, ластану фактісі расталған жағдайда, сондай-ақ ластау көзі, ұйымның атауы мен ЖСН/БСН анықталған жағдайда, департамент Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдайды», — деп жауап берді Алматы облыстық экология департаменті.
Департамент тұрғындарға «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі, «TazaQazBot» телеграм-чат боты және басқа да қолжетімді байланыс арналары арқылы немесе «102», Алатау қалалық ІІБ бөліміне хабарласа алатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ редакция Экология және табиғи ресурстар министрлігіне де сауал жолдаған болатын. Олардың мәліметінше, Алатау қаласында ауа сапасын бақылауға арналған тұрақты бекеттер жоқ. 18 маусым күні Алатау қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ауадағы зиянды заттардың деңгейін тексеру үшін сынамалар алғанымен, ауадағы зиянды заттардың рұқсат етілген шекті мөлшерден асуы анықталмаған.
«Қосымша түрде Қоянқұс ықшам ауданында (Сералин көшесі, балалар алаңында) 10 шілде 18:00-ден бастап 11 шілде 12:00-ге дейін әр 6 сағат сайын тәуліктік сынама алынған. 16 шілде 2025 жылғы №7 хаттама нәтижесі бойынша да шекті мөлшерден асу тіркелмеген. Алатау қаласы аумағында (Жаңа-Талап, Жаңа-Дәуір, Қоянқұс, Ынтымақ, Гейт Сити ықшам аудандары) ауаға зиянды зат бөлетін өндірістік, тамақ, коммуналдық кәсіпорындар жоқ. Алатау облысының Қоянқұс ықшам ауданында жағымсыз иіс бойынша азаматтардан немесе заңды тұлғалардан ешқандай шағым түспеген», деп жауап берді Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Өртеніп жатқан қоқыс алаңы
Сондай-ақ, Orda.kz тілшісі «Алатау құс» фабрикасының маңайына барып, фабриканың артында орналасқан қоқыс алаңының өртеніп жатқанын аңғарды.
Ал бұл құс фабрикасы БАҚ өкілдері мен әкімшілік адамдары жиналған жерден жалпылама есептегенде шамамен 11 км қашықтықта орналасқан.

Бұл туралы Алматы облысының экология департаменті «Алатау құс» фабрикасының жағымсыз иістің таралуына қатысы бар-жоғы анықталмағанын мәлімдеді.
Бұл бейнеролик бойынша Orda.kz редакциясы «Алатау құс» фабрикасына да мән-жайды анықтау үшін сауал жіберген болатын. Алайда жауап әлі келген жоқ.
Қолқаны қапқан шошқаның иісі
Тұрғындардың бірі жақын маңайдағы шошқа өсіретін қожалыққа алып барды. Алайда әкімдік пен БАҚ өкілдеріне ол жердің иесі кіруге тыйым салды.
«Шұжық цехінің артында кішігірім шошқа асырайтын жеке қожалық бар. Ол жерге ветеринарлық инспекциямен бірге барып қарағанбыз. Қожайыны күзге дейін барлығын жоқ қыламын, көшемін деп отыр», – деді Алатау қаласының ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Дәулетхан Жетеуов.
Ал шошқа асырайтын қожалықтың иесі 300 бас шошқа асырап отырғанын айтты. Күзге дейін ол 300 бастың санын қысқарта ала ма, алмай ма ол – беймәлім.
«2025 жылдың 1-жартыжылдығына «Первомайские деликатесы» ЖШС (шұжық зауыты) объектісіне профилактикалық тексеру жүргізді. Жүргізілген тексеру барысында аталған кәсіпорынның аумағында шошқа өсіретін шаруашылық анықталмады», – деп жауап берді Алматы облысының экология департаменті.
Облыстық департаментінің бізге берген жауабында, жоғарыда аталған кәсіпорыннан басқа, 2025 жылдың 1-жартыжылдығы кезеңінде Алатау қаласының Қоянқұс ықшам ауданына департамент тексеру жүргізбеген.
Тұрғындар да, экологтар да, әкімдік те иістің нақты неден шығатынын айта алмады. Тілшілеріміз барғанда иіс шықпады. Тұрғындардың сөзінше, иіс кешке қарай, болмаса жел соққанда шығып, тұрғындардың қолқасын алады екен. Дегенмен әлдекімдер нақты неден шыққанын жасырған болса, олар тұрғындардың шағымданатынын ескермепті. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Қарапайым тұрғындардың тыныш, әрі жайлы өмірі үшін атқамінерлер бел шешіп кірісіп, осы мәселеге көз жұма қарамайды деп үміттенеміз.
Еске сала кетейік, Алматыдағы №1 балалар үйін Қонаев қаласына ауыстыру туралы шешімге балалар қарсы шығып, автобустың жолын бөгеп, наразылық танытты. Олар кішкентай топтың балаларын алып кетуге қарсылық танытып, қақпаның алдына тұрып алды. Балалар қарсыласқан соң, әкімдік полиция қызметкерлерін шақырып, шара қолданды, жазықсыз балалардың кейбіреуі жарақат алды.
Жаңалықтар
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды
- Стоматологиядағы бала өліміне қайталама наркоз бен ескерілмеген препараттар себеп болуы мүмкін — сарапшы