«Кешірші! Үмітіңді ақтай алмадым»: 15 жасар қыз емтиханнан кейін өзіне қол жұмсады

cover

3 маусым Түркістан облысы, Ордабасы ауданында 15 жастағы мектеп оқушысы емтиханнан өте алмай, өз-өзіне қол жұмсаған.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

9-сынып бітірген оқу озаты Эльвира Мықтыбек емтиханнан кейін үйінің қорасына барып, асылып қалған. Жасөспірімнің мұндай әрекетін ешкім күтпеген. Эльвира өлер алдында анасына хат жазып кеткен. Онда «мама, кешіріңізші. Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым. Сізге жақсы ат келтіре алмадым» деп жазылған екен.

Эльвираның анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Төрт баланың анасы өзі қызының сынып жетекшісі болған.

Анасының айтуынша, ол қызына бағаға қатысты ешқашан қысым көрсетпеген.

– Мен қызыма сен «бес» деген баға ал немесе «бес» алмасаң болмайды, өмірдің бәрі беске қадалып қалған деп қысым көрсеткен емеспін. Тоғызыншы сыныпта барлық пәні «бес» болғандықтан, мен оны үздіктер қатарына ұсындым. Мен қызыма үнемі «бағада тұрған ештеңе жоқ, бір мәнісі болар» деп айтып отыратынмын. Барынша көмектесіп, бірге мамандық таңдасып жүргенмін.

Оқушының өлімі туралы сол күні емтихан қабылдаған алгебра мұғалімі де, мектеп директоры да, мектеп психологы да ештеңе айта алмады.

Қазір облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен білім сапасын бақылау департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Марқұм болған Эльвира Мықтыбектің емтихан кезінде шығарған есептерінің бәрін қазір қарап жатырмыз. Зерделеу жүріп жатыр. Қорытындысын, нәтижесін біткеннен кейін айтамыз. Бізбен бірге қазір тергеу орындары да жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, мектептің жағдайы бүгінге дейінгі, моральдық психологиялық жағдайы, қайғылы оқиғаның неден туындағанын, соның бәрін қорытындыдан кейін айтамыз, - деді Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаев.

Сондай-ақ, іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол өңірдің бас полицейі Қайрат Дәлбековтың бақылауында.

Айта кетсек, марқұмның денесі өткен аптада жер қойнына тапсырылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар