Қазақ салтындағы бала асырап алу дәстүрі

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Қазақ өмірінде бала асырап алу дәстүрі ежелден қалыптасқан. Негізінен өз кіндігінен ер баласы жоқ адамдар бала асырап алатын. Өйткені ондай адамды халық «қу бас» деп атаған. Сондықтан да бала сүю үшін шамасы келгендер бірнеше әйел алған. Егер балалары тұрмай, шетінеп кете берсе немесе бала үшін тоқал алуға мүмкіндігі болмаса, бала асырап алудан басқа амал қалмайтын. Orda.kz тілшісі бала асырап алудың ең негізгі себептерімен ережелерін назарларыңызға ұсынады.

Бала асырап алудың бұдан басқа да себептері болған. Олар әртүрлі жағдайларға байланысты туындаған. Барлығын бірдей тізіп шығу мүмкін болмағандықтан, негізгілеріне ғана тоқталайық.

Әдетте өз кіндігінен баласы бар адамдар да бала асырап алған. Бірі шаруашылық жүргізуде өз балаларына серік ету үшін, екіншілері балалы ағайындардың қысымымен, не жетім қалған туыс балаларына шынайы әкелік қамқорлық жасау мақсатымен асырап алған. Сонымен қатар, жақын туыстар арасындағы туыстық байланысты үзбей, нығайта түсу үшін бірінің баласын бірі бауырына басу дәстүрі болған.

Баласы жоқ адам алдымен бірге туған туысының баласын, одан кейін жақын ағайынының баласын алатын. Әрине, мұндай жағдайда туыстары бірнеше балалы болған кезде ғана бір баласын беруге келісетін. Кейде бөтен елдегі тамыр-таныстарынан немесе атасы бөлек жетім балаларды (ертеде тіпті құл балаларын, төрелер болса төлеңгіттерінің балаларын) бауырына басып, бала етіп алу сирек те болса кездескен. Көбінесе ер балаларды, ал ер бала болмаған жағдайда қыз балаларды да асырап алған.

Жілік ұстату дәстүрі

Қандай жағдайда, кімді асырап алса да, халық дәстүрі бойынша міндетті түрде орындалатын рәсім болған. Ол — той жасап, ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстату.

Әркім өз дәулетіне қарай той өткізген. Бай адамдар қуанышын көпшілікке жария етіп, ат шаптырып, үлкен той жасаса, дәулеті шағындар жақын туыстары мен ауыл ақсақалдарын шақырып, құрмалдық жасап өткізген.

Қалай болғанда да, жиналған жұрттың көзінше балаға жілік ұстату — асырап алушы ата-ананың оны туған баласындай көретініне берген анты іспетті. Бұл рәсімнің құқықтық мәні де болған. Егер кейін асырап алған бала мен әке арасында дау туындап, іс билерге жетсе, жілік ұстату рәсімі әкенің жауапкершілігін білдірген. Ал бала жілік ұстағанын мойындаса, ол да өз міндетін қабылдаған болып саналатын.

Сонымен қатар, бауырына салынған бала емшек жасынан асқан болса да, анасының емшегіне ауыз тигізсе, ол сол ананың ақ сүтін емгенмен бірдей деп есептелген. Бұл — аналық құқықты бекіту белгісі.

Ер балаға жілік ұстатумен қатар, ашамайға мінгізу жоралғысы да болған. Өйткені көбінесе бала 5–6 жасында асырап алынған. Бұл — баланың атқа мініп үйренетін шағы.

Заңды бала мәртебесі

Рәсімдер орындалғаннан кейін асырап алған бала туған баламен тең құқықты саналған. Ержеткенше барлық қамқорлық ата-анасының мойнында болған. Әке тірі кезінде ұлына қалыңмал беріп, әйел әперуге, қажет болса енші беруге міндетті болған. Қыз бала да дәл солай — қалыңмалын алып, жасауын толық беріп ұзатылған. Қазақ дәстүрінде бауырына заңдастырып салынған бала туған баламен бірдей құқыққа ие болған.

 Бөтен рудан алынған жетім бала да жоғарыдағы рәсімдер арқылы заңды бала саналып, өгей әкесінің тегіне өтіп, сол рудың заңды ұрпағы ретінде есептелген. Оған өгей әкесінің туыстарының, тіпті жеті атаға толмаған ағайындарының қыздарына үйленуге қазақ салты рұқсат етпеген.

Бұл — асырап алынған баланың «қандас емес» деп бөлінбейтінін, бала беру дәстүрінің берік екенін көрсетеді.

Жесір және бала асырап алу

Егер ер адам қайтыс болып, артында жас балалары мен жесірі қалса, жесірі қайта тұрмысқа шықпай, күйеуінің түтінін түтетемін десе, оған зорлық жасалмаған. Мұндай жағдайда күйеуінің жақын туыстарының бір жас баласын бауырына салып, рәсім жасап, оны марқұмның баласы деп атаған. Ол бала сол шаңырақтың мұрагері ретінде өседі.

Асырап алған бала ержеткен соң өз еліне немесе туған ата-анасына қайтамын десе, оған қарсы тұра алмаған. Әсіресе үйленгеннен кейін бөлек тұруға ерікті болған. Егер бала бөтен рудан болса, өгей әкесі қайтыс болғаннан кейін басқа балалармен бірге мұра алып, өз еліне қайтуға құқылы болған. Ал туыстарынан алынған бала заңды түрде мұрагер саналған.

Қайтадан баланы қайтарып алу

Әке тірі кезінде әртүрлі жағдайларға байланысты берген ұлын не қызын келісім арқылы қайтадан алуға да мүмкіндік болған. Мысалы, бір ұлын туысына берген адамның өзіндегі ұлдары қайтыс болып, артында жесірі қалса, асырауға берген ұлын қайтара алған.

Қазақ дәстүріндегі бала асырап алу қазіргі құқықтық процедуралардан өзгеше болғанымен, мазмұны жағынан терең әрі жауапкершілікке негізделген институт еді. Бұл — тек перзент табу жолы емес, ұрпақ, әулет, намыс және қоғам алдындағы міндет ұғымдарымен астасқан салт. Бүгінгі күнде бұл дәстүрдің құқықтық формасы өзгергенімен, оның түпкі философиясы — жетімді жылатпау, әулетті жалғастыру, баланы қоғамнан шеттетпеу — өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Бала асырап алу дәстүрі қазақ өмірінде өте жиі кездеседі. Оған негізгі себеп елдің басындағы жаугершілік, қоғамда үстем болып отырған туысқандық байланыстар жүйесі, ата баласы  ру-тайпа ішіндегі адам саны көп болсын деген мүдде, себебі сан кейін сапаға әкеледі. Қазақ шежіресінің ұзын-ырғасы осындай асырап алу оқиғаларын жиі баяндайды. 

Қазіргі қазақ ру-тайпаларының көпшілігі белгілі бір тарихи кезеңде бір-бірімен саяси және шаруашылық мүдденің ортақтығы жақындастырған қауым деп есептеуге болады. Біздің әкімшілік-территориялық құрылым, яғни аудан, облыс деп жүргенімізді байырғы заманда ру-тайпа ұғымдары алмастырған. Бала асырап алуға мүдделі қазақ ешкімді де бөтенсінбейді. Ағайын-туыстың баласы, алыс жамағайын, қолға түскен тұтқын, ат арқасына мінгесіп келген олжа, панасыз қалған жетім бәрі де қазақ ішінде егер пысық, еті тірі болса өз орнын, яғни әкесі мен шешесін тауып кетеді.

Бала асырап алатын адам алдымен ауыл ақсақалдарымен ақылдасады, батасын алады. Содан кейін ауыл-елді жиып, бір қойын сойып қазан көтереді. Осы тойдың үстінде баланың қолына қойдың, не жылқының ортан жілігін ұстатып үйге кереге астынан кіргізеді. Ол үшін бірнеше қарулы жігіт киіз үйді аздап көтереді, сол саңылаудан бала үйге еңбектеп кіреді. 

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар