Экс-әкім Бағдат Мәнізоров халықтың көз жасына қалды (репортаж)

cover Фото: Orda.kz

Ырысты тұрғын үй кешенінен үй сатып алып, үйіне кіре алмай жатқан азаматтар Orda.kz редакциясына хабарласып көмек сұрады. Тұрғындар «журналистерден басқа мәселемізді шешетін ешкім жоқ» деп шағымдануда.

Олар үйлеріне кілттің жоқтығынан емес, жарық пен жылудың тартылмағандығынан кіре алмай отырған сыңайлы. 2021 жылдың қыркүйегінде дайын болу керек болған баспананың кілтін алған тұрғындардың шағымы күн санап артуда. Барлығы орынды.

Orda.kz сайтының тілшісі Ырысты тұрғын үй кешенінің тұрғындарының кезекті жиналысына қатысты.

Фото: Orda.kz

Ұсқыны кеткен үй

Тұрғын үйге барар жол батпақ, шұрық тесік. Аулаға кірген бойда көзге түскені – құрылыс қоқыстары мен техника. 144 пәтерлі бір тұрғын үйдің ауласы ашық тұр. Ары қарай барар жер жоқ. Салынған 2-3 үй мен батпақ болып жатқан далаға баратын жол қоршалып, бөтен адамға кіруге тыйым салынған.

Фото: Orda.kz

Алғашқыда аулада тұрған 6-7 адам журналисті көрген бойда кезек-кезек бастарындағы шешілмеген мәселелерімен бөлісе жөнелді. Соған қарағанда шағымды еститін құлақ жоқ деген ой келеді.

Ашынған тұрғындардың бірі тіпті үйіне кіріп, журналистке жағдайды өз көзімен көріп, көз жеткізуге ұсыныс жасады.

Ертас есімді азамат қызының бірінші қабаттағы үш бөлмелі пәтерді ипотекаға алып, бастапқы жарнасын төлеп, алғашқы несиелерін де өтеп үлгергенін алға тартты.

Ащы болса да, шындық

Кіре берісте құрылыс қалдықтары мен жергілікті құрылысшылардың ішкен асының қалдықтары үйіліп тұр. 1-2 адам кіріп-шыққан соң ол жан-жаққа шашыла бастады. Дәлізге кірген бойда жеделсаты тұрды. Бірақ әлі қолданысқа енбеген сияқтанды. Себебі дәлізде жарық жоқ, ал литтің іші қарашаның соңында, есік алды батпаққа батып жатса да мұнтаздай таза болды.

Фото: Orda.kz

Ертас мырза еш қысылмастан, үйінің жағдайымен бөлісті. Үш бөлмелі 6 есіктен тұратын пәтердің тек 1 есігі ашық, қоныстанған болып шықты. 6 адам бірге ылғалды бір бөлмеде тұрып жатыр. Расында үйде өткізген 15 минуттың ішінде аяқтан сыз өтіп, ылғалдан дем алу қиындады.

Өлместің күні. Жерде көрпеге оранып жатқан екі сәби. Екі жақтан үйді шамасы келгенше жылытып тұрған тоқ пеш. Сәбилердің оранған көрпелері түннен бері дымқылданып қалған. Мұндай көрініс кім-кімнің болса да жүрегін сыздатады.

Фото: Orda.kz

Алматыға сонау Атыраудан келген

Фото: Orda.kz / Суретте Ертас Сыдықов

Ырысты тұрғын үй кешеніне қызының үйіне Атыраудан көмекке келген Ертас мырза баласына жаны ашып, көпшілікпен бірге бүгін наразылық науқанына шықты.

«Мен өзім Атыраудан қонақ болып келіп отырмын. Қызым мен күйеу балам осы жерден ипотекаға үй алды. Үйдің кілті қолдарына тигеніне 2 ай болды, 30 пайыз ақшасын тапсырыс берушіге төлеп қойған. Пәтерге көшіп келгендеріне міне, 1 айдай уақыт болып қалды. Үш баласымен осында тұрады. Үйдің іші салқын. Әне-міне деп қыстың да келуіне аз қалды. Көріп тұрғандарыңыздай үйдің іші ылғалды. Жерге төсеген көрпелеріміз дымқылданып кетеді. Бір бөлмені жылыту үшін 2 жылытқыш пеш қосып отырмыз. Кенеттен өрт шығып кетсе кім жауап береді? Қазір үйдегі балалар балабақшаға да барып жүрген жоқ, осында көшіп келгелі күркілдеп жөтеле бастады. Бұл үйдің не газы, не суы жоқ, светі де жылытқыш пештердің күшін көтермей, сөніп қала береді. Ең болмағанда аяқтың асты да жылытылмаған. Тек бетонның үстіне ленолиум төсей салған, аяқтан сыз өтеді» деді баласына алаңдаушылық білдірген Сыдықов Ертас.

Оның айтуынша, басшылар қыркүйекте тұрғындарға үйдің кілтін табыстағанда бәрі қосылады деп уәде берген.

Уәде уәде күйінде қалды

Фото: Orda.kz

«Біз ақшамызды аударып қойдық. Сол үшін талап етіп тұрмыз. Балалар айына 180 мың теңге несие төлейді. Бір ай төледі, енді екінші айын төлейді. Басқа жерден үй жалдап тұрайын десе, ақшалары жетпейді. Балаларыма уақытша арзандау пәтер болса, алып берейін деп едім, ондай да мүмкіндік жоқ. Күйеу балам мен қызым таңнан кешке дейін жұмыста, балалар үйде болған соң оларды қарайтын адам жоқ. Содан олар жөндеп орналасып алсын деп, осында келіп, балалармен отырмын.  

Өткенде болған суықтарда мында жату мүмкін емес. Суды жақында берді. Оның өзі дат болып ағып жатыр. Оны да іше алмай отырмыз. Суды тасып әкелеміз» деді Ертас Сыдықов.

Бәріне қызық

Ертас мырзаның үйін қарап, жағдаймен танысып жатқанымыз сол еді, артымыздан құрылысшылардың бірі келді. Журналистің ол кісіден нысанда неше адам істейтінін және үлгерімдері жайлы сұрағаны сол еді, құрылысшы артқа айналып, сұрақтан безіп сыртқа қарай атып шықты. Сұраққа жауап бергісі келмеді, бірақ наразылыққа шыққан адамдарды бақылауда ұстауды жөн көрді.

Фото: Orda.kz

Тұрғын үйдің ішін аралап, жағдаймен танысып болғанша, сыртта 20-30 шақты адам жиналып қалыпты. Бәрі улап-шулап өз жағдайларымен жарыса бөлісе бастады.

Ырысты тұрғын үйіне бір ай бұрын көшіп келген жалғызбасты ана үйді алғанына өкініп қалған. Ақшасын қайтарып, баспана алуға басқа амал жасайын десе, оған да мүмкіндік жоқ екен.

Құжаттар алдын ала дайындалды

Фото: Orda.kz / Cуретте Лейла Сулейманова

«Маусым айынан бастап ипотека рәсімдеу үшін құжаттарымызды дайындай бастадық. Сол кезде қыркүйекте «үйлеріңізге кіресіздер» деді. Мен бұл үйді «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алдым. Менің бөлек жалдамалы пәтер мен ипотекаға төлеп отыратын ақшам жоқ. 1 айлық несиемді төлеп қойдым. Бір бөлмені екі тоқ пешпен жылытып отырмын. Пәтерлерді тегін алған жоқпыз. Ай сайын 150 мыңнан төлеп жатырмыз. Өткен аптада тұрғындар бастықтармен кездескен. Олар «Не істеймін мен енді? Істеп жатқан адам жоқ қой енді» дейді. Онда тұрғындар өзіміз шығып сол канализацияның трубасын жасап берейік пе? Болмайды ғой олай. Біз тоқ пештермен қашанғы тұрамыз. Бала-шаға ауырып жатыр. Амалсыздан балаларымды ауылға апарып тастадым. Өзім де ауырып қалдым. Менің қорқып тұрғаным, ауырып, жұмыстан шығып қалсам несиемді кім төлейді? Төлеп беретін ешкім жоқ» деді Ырысты тұрғын үй кешенінің тұрғыны Лейла Сулайманова.

Оның айтуынша, жауапты басшылар бітпеген үйді қолданысқа беріп жіберген. Тұрғындардан жазбаша құжаттар да жаздырып алған. Бірақ Лейла ханым 8 жыл күткен үйін бітпеген күйінде алатынын растайтын ешқандай қағазға қол қоймағанын алға тартты.

«Біз басшыларға несие төлемдерін шегере тұрайық, үй дайын болсын, толық бітіріп алыңыздар дедік. Олар келіспеді, «жоқ, төлейсіздер» деді. Ақшамызды қайтарып берсін де деп айтып көрдік. Олар ақшаны құртып тастағандарын айтты. Бәріміз 20 жылға ипотека алдық, ары қарай не болатынын білмеймін» деді болашағына күмән келтіре бастаған Лейла ханым.

Бұрынғы әкімнің кепілдігі не болды?

Тұрғындар бір ауыздан Алатау ауданының бұрынғы әкімі Мәнізоров Бағдат кепілдік болғандықтан, сеніп қалғандарын айтты. Алайда қазіргі таңда Alatau Progress мердігер компанияның басшысы ретінде құжаттарда Мәлік Ахметов көрсетілген.

Orda.kz редакциясы 2019 жылы «қызмет бабын пайдаланып аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген» Бағдат Мәнізоровтың шу шығып жатқан үйге қандай қатысы бар екенін анықтап көрді.

Фото: Orda.kz

Белгілі болғандай, Алатау ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Мәнізоров – Alatau Progress мердігер компаниясының жалғыз құрылтайшысы, қарапайым тілмен айтқанда компанияның негізін қалаушы тұлға. Ал құжаттарға қол қойып жүрген Мәлік Ахметов компанияның тек бірінші басшысы.

Сырты бүтін, іші түтін

«Сырты бүтін, іші түтін» ешқандай коммуникациясы іске қосылмаған үйді банк арқылы қолданысқа енгізуге Бағдат мырзаның бұрынғы қызметіндегі таныстары септігін тигізді ме, әлде банк қызметкерлері құжаттарды дұрыс тексеріп алмады ма, белгісіз деп ашынады тұрғындар.

Ырысты тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұған дейін бір емес, бірнеше рет басшылармен жиналыс өткізіп, олардың «ертеңдерін» естумен келген. Амалсыздан Алатау ауданы әкімдігіне шағым да жазған. Себебі, мердігер компаниядан ресми ақпарат беруді сұратқан хатқа еш жауап келмеген.

Осы уақытқа дейін ашынған тұрғындардың жан айқайын естіген не әкімдік, не мердігер компания, не заң орындары болмаған. Бұлай деп отырғанымыз, компанияның заңгері мен Мәлік мырза ауырып қалған, жалпы Ырысты тұрғын үй кешеніне қатысы бар адамдардың барлығы жаппай сырқаттанып қалған деседі.

Фото: Orda.kz

Тұрғындардың бірі кеше тоқ пешті көтере алмай жарық өшіп қалғанын айтты. Салдарынан келіншек халаттың сыртынан куртка киіп жатуға мәжбүр болған. Мердігер компанияның өкілі Дәурен мырзаға хабарласып, жағдайды жөндеуге көмек сұраған кезде ол «мен не, тоқтың астына түсем бе?» деп жауап қатқан екен. Тұрғындар үйде барлық жағдай жасалып, жарық өшіп қалса ештеңе демейтіндерін алға тартты. Бірақ мұнда жағдай мүлде басқа.

Айтатын ауыз бар, еститін құлақ жоқ

Фото: Orda.kz / Суретте Перизат Карина

Әдетте кез келген жағдайға сабырмен қарайтын Перизат ханымның шыдамы таусылған. Ол жақында банкрот болатынын мәлімдеді.

«Мен осы үйден пәтер сатып алдым. Әлі кіре алмай жатырмыз. Пәтердің құжаттарын сонау маусым айында жасап қойғанбыз. Сол кезде бізге қыркүйекте кіресіздер деп сендірген. Осыған сеніп, асығыс ипотека рәсімдедік. Біз ай сайынғы төлемді уақытылы төлеп жатырмыз: бірі екеуін төлесе, бірі алғашқы айын төлеген. Өз басым қазан айында несиемді өтедім, енді міне қараша айының төлемін өтеуім керек. Қазір жалдамалы үйде тұрып жатырмын. Мұнда тұру мүмкін емес. Үйді жылыту мүмкін емес, өйткені электр қуаты әлсіз. Ол құрылысшылар үшін уақытша орнатылған трансфарматордан тартылып тұр. Қанша жерден тоқ пеш қоссаң да, ол қабырғаларды дұрыс жылыта алмайды. Су жоқ, жылу жоқ. Құрылыс сапасын айтпағанда. Шатырдан су ағып жатыр.

2-қабатта тұратын адамдар жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жаңбыр жауғанда жауын суы 2-қабатқа дейін жеткен. Не масқара? Менің пәтерім 3-қабатта. Ол жақта да суық. Терезенің жаны шұрық тесік. Есіктер қалай болса, солай салынған. Ал ең бастысы - еден. Ол жай ғана жалаңаш бетонның үстіне төселген. Оның өзінде бетон кедір-бұдыр. Кейде оның үстімен жүріп, сүрінесің» деп тұрғындардың бірі Перизат Карина құрылыс жұмыстарының сапасымен бөлісті.

"Мен күйзеліске түстім". Бәрінен көмек сұрауға дайынмын

Перизаттың айтуынша, ол үйіне кіре алмай, екі есе шығынға батып отыр. Несиеге 145 мың теңге және жалдамалы пәтерге 150 мың теңге, оның коммуналдық қызметі бар, өзінің қосымша шығындары бар.

«Қандай адам ай сайын 300-350 мың шығынды көтере алады. Жалпы, мен өте сабырлы адаммын, бірақ қазір үмітім үзілді. Банкрот болуға сәл-ақ қалдым. Мен жұмыс істеймін, салық төлеймін, осы елдің азаматымын. Мен бұған неге шыдап жүрмін? Ештеңеге әсер ете алмаймын, маған ешкім жауап бермейді, ешкім ештеңеге кепілдік бере алмайды, мен неге мұндай жағдайға тап болдым? Мұнымен қоймай, менің банк алдындағы міндетім бар. Егер мен ақша төлемесем, сенімсіз төлеуші ​​боламын. Мен қазір кез келген адамнан көмек сұрайтын жағдайға жеттім. Мен бәріне дайынмын. Мен баламның суық қабырғада өмір сүргенін қаламаймын. Әкімдікке де жеке жүгіндім. Мүмкіндігінше жаздым. Мердігерден ресми ақпаратты да сұраттық. Бірақ ол бізге әлі жауап бермеді. Қай жағынан барсаңыз да, барлық жерде үнсіздік. Ең жаманы - үнсіздік. Уақыт өтіп жатыр, ақшам таусылып барады. Менің жалақым барлық қажеттіліктерді өтеуге жетпейді. Қолымда балам мен науқас анам бар. Мен депрессияға түстім. Мен үш баласымен өзін көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен әйелді шынымен де түсінемін. Түсініп тұрсыз ба? Жағдай осыған дейін жетіп тұр. Айтып жатырмыз, айтып жатырмыз, бірақ естіп, елеп тұрған ешкім жоқ» деп Перизат жан айқайымен бөлісті.

Құрылысшылардың бәрі қайда?

Фото: Orda.kz

Осыдан кейін Перизат ханым үйді әрлеп жатқан құрылысшылар мен оны бақылауында ұстайтын адам болмай тұрғанда құрылыстың жақында аяқталатынына күмән келтірді. Оның айтуынша, басшылар да, жұмысшылар да азаннан кешке дейін бірінші қабаттағы «Ырысты» дүкенінің алдын күзетіп, шәй ішеді.

Сөздің шындығын тексеруге бет алғанда дүкенші журналистің алдында есікті тарс жапты, мердігер компанияның техникалық қадағалауына жауапты Дәурен мырза жұмысын ары қарай жалғастырды, таңнан бері басын көрсетпеген жұмысшылар қызу жұмысқа кірісті. Жағдай күнделікті осылай жүре ме, әлде дәл бүгін солай болып қалды ма белгісіз.

Фото: Orda.kz / Суретте Дәурен мырза

Жүз ойланып, мың толғанды

Журналистерді көргеннен бері шетте бәрін бақылап жүрген Дәурен мырза үйдің шетінде құбырларды тексеріп жүрген Orda.kz журналисіне өз шындығын айтар, айтпасын білмей біраз ойланып, ақыры өз ойымен бөлісуге шешім қабылдады.

«Жылу жұмыстары жүріп жатыр. Осы айдың аяғы не желтоқсанда бітеміз дегенбіз. Халық өзі мазасызданып жатыр. Бұл кісілер кілтті «ас үйдің жиһазына өлшемдер жасаймыз» деп алған. Олар кілттерін алған соң ішіне кіріп алды. Біз бұл кісілерді мәжбүрлеген жоқпыз. Тұрып жатқан ішінде 2-3 адам ғана. Айтып отырған 9 отбасы кілт алып, тек жүктерін кіргізіп қойғандар. Шынында тұрып жатқан үш-ақ отбасы. Мен бұл кісілермен күнде кездесемін. Түнде жарық өшіп қалғаны рас. Бірақ бүгін оны қайта қосып береміз деп уәде беремін. Күнде жиналыс жасаймыз. Жылу жүйесін 30 қараша не 1 желтоқсан аяқтаймыз» деді Дәурен мырза. Бірақ артынша өз ойынан айнып, жазбаны өшіруді сұрады.

Фото: Orda.kz

Оның айтуынша, тұрғындарға «қыркүйек айында көшіп келуге болады» деген сөз мүлде айтылмаған.

Алайда, Ырысты тұрғын үй кешенінің ресми сайтында үй 2021 жылдың 3 тоқсанында, демек қыркүйек айында өткізілуі тиіс еді.

Әркімнің өз шындығы бар

«Ырысты» тұрғын үй кешенінде тек тұрғындардың шағымын естіген журналистер басшының ресми жауабын ала алмай, Алатау ауданы әкімдігіне қарай бет алды.

Фото: Orda.kz

Orda.kz тілшісінің алдынан Алатау ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бесіров Ертіс шығып, жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ертіс мырза ешқандай арыз түспегенін және мердігер компаниямен бірігіп, жағдайды анықтап, шешім қабылданатынын алға тартты. Бірақ қандай шешім қабылданатыны белгісіз күйінде қалды.

Фото: Orda.kz / Суретте Ертіс Бесіров

«ЖК «Ырысты» мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлер емес. Ол жеке инвестициямен салынып жатыр. 61 көпқабатты тұрғын үй қарастырылған. 28 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігердің мәліметінше, қазіргі таңда 1 тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол 144 пәтерден тұрады. Олардың айтуынша, тұрғындарға келісім шарт жасалғанда қараша айының соңына дейін коммуналдық қызметтерді беру жоспарланғанын ескерткен. Оған дейін онда көшіп кіруге болмайды деп ескертілген. Оған қарамастан 63 тұрғын үйдің кілтін алып алған. Оның ішінді кейбіреуі үйдің ішіне кіріп алған. Мердігер компания су, жарық пен жылу мәселесі осы екі апта ішінде шешіледі деген ақпаратпен бөлісті. Мердігер мекеме әлі ішкі жылу беру жүйелерін толық аяқтамаған. Мердігер мен аудан әкімдігімен бірлесіп, мәселе қашан толық шешілетініне және оған толық қашан кіруге рұқсат берілетінін анықтаймыз. Кейін ақпарат беріледі» деді Бесіров Ертіс.

Шындыққа апарар жол

Алайда, Ертіс Бесіров сөзінде тұрып, Алатау ауданы әкімімен бірлесіп, комиссия құрып, тұрғын үйдің мердігер компаниясымен жиналыс өткізгені белгілі болды. Бірақ онда басшылықтың қандай шешімге келгені бізге беймәлім.

Бірақ Алатау ауданы әкімдігінің қызметкері мердігер компанияның басшысы Еркін мырзаның байланыс нөмірлерімен бөлісті. Әкімдік алдында тұрып, Еркін мырзаға хабарласқанда ол кісі қайтадана Ырысты тұрғын үй кешеніне барып, бұған дейін екі ойлы болып жүрген Дәурен мырзадан түсініктеме алуға болатынын айтты.

Амал қанша? Сұраққа жауап табу үшін не істемейсің? Бірден тұрғын үй кешеніне қарай бет алдық. Таңнан бері наразылыққа шыққан Дәурен мырзаның бұл жолы көлеңкесі де көрінбеді. Біраз күттік. Сөйтсек ол кісі түстенуге шығып кетіпті. Тіпті журналистерге түсініктеме беретінінен хабарсыз екен. «Басшылықтан сұрап көрейін» деп тұтқаны қоя салды.

1 желтоқсанға дейін бәрі шешіле ме?

Фото: Orda.kz

Тұрғын үй маңынан алысқа кетпестен, мердігер компанияның басшысы Еркін мырзаға қайта хабарластық. Қызметкері тамақтанып отырғандықтан, Еркін мырза түсініктемені өзі, телефонның арғы бетінен тұрып беруге мәжбүр болды.

«Бұл жаңа ғимарат. Мұнда ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес. Әр нәрсе өз кезеңіне сай жүреді. Үйлерде жарық бар. Суды уақытша қостық. Жылу 1-2 желтоқсанға дейін тартылады. Бұл жаңа ғимарат, ескі үй емес. Мұнда бәрі жаңа. Бұрын бізде қазан айында -18 градус, жауын-шашын болмаған. Суық болған жоқ. Газ бар үйлерге 15 қазанда жылу беріледі. Жалдаушылармен ауызша келісім жасалды. Келісімшартта біз тұрғын үйді жалға беру сыртқы желілерді қоспай-ақ жүретінін белгіледік. Келісімді халықтың өзі түсінбеді, оқымады. Бұл бір үй емес, тұтас шағын аудан. Журналистердің келгенінен ештеңе өзгермейді. Ол әдеттегідей жалғасады. Бізде бар болғаны 10 күн кешіктірілді. Адамдардың өзі бәрін көріп отыр» деді «Достар-Алуа» ЖШС директорының орынбасары Еркін Шашыбайұлы.

«Достар-Алуа» ЖШС-ның «Alatau Progress» компаниясына қандай қатысы бар деп сұрағанымызда, Еркін мырза:

«Alatau Progress» тапсырыс беруші, ал «Достар-Алуа» тапсырысты орындаушы екенін түсіндірді.

Осылайша, 24 қарашадағы Ырысты тұрғын үй кешенінің түрі осы: тұрақсыз жарық, дат басқан суық су, ылғалды, жылуы жоқ үй.

Ендеше бізге тек мердігердің берген уәдесін күтіп, 1 желтоқсанға дейін күту ғана қалды. Orda.kz редакциясы Рысқұлов көшесінен сәл төменде тұрған көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналардың мемлекеттік бағдарлама арқылы 20 жылға несиеге алған үйдің жағдайы 7 күнде қалай өзгеретінін өз бақылауында ұстайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар