Иран Орталық Азия еліне әскери ескерту жасады

cover Фото: IRNA

Иранға Iran International телеарнасы пайдаланатын спутниктің Түрікменстанға тиесілі екені жақпай қалды. Иран осы елге әскери сипаттағы ескерту жасады, деп хабарлайды Orda.kz Iran International телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарнаның мәліметінше, Иран «кейбір ұйымдар мен мемлекеттерге» ескерту жасаған. Егер Түрікменстан осы телеарнамен ынтымақтастықты жалғастырса, онда аталған арнаға байланысты нысандар мен инфрақұрылым Иран әскері үшін ықтимал нысанаға айналуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Басылымның жазуынша, Iran International Ұлыбритания аумағынан хабар таратады және сигналынТүрікменстанға тиесілі TürkmenÄlem 52E/MonacoSat спутнигі арқылы жеткізеді. Аталған спутник арқылы ондаған теле және радиоканал да эфирге шығады.

Телеарна Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып, Иран қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» әскери қолбасшылығының аты аталмаған өкілі мәлімдеме жасағанын хабарлайды.
«Сионистік медиа Iran International Иран халқына қарсы ақпараттық және психологиялық соғыс жүргізіп отыр.
Осыған байланысты Иран тарапы телеарнамен жұмыс істейтін тараптарға ескерту жасап, қолдау жалғаса берсе, олар Ислам Республикасының әскери нысаналар тізіміне енгізілуі мүмкін», деді әскери өкіл. 

Сонымен қатар Тегеран бұған дейін Түрікменстан мен Монако елдеріне де тікелей ескерту жолдағаны хабарланды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар