Халық сенген қайырымдылық алаяқтыққа айналған ба?

cover Фото: Dall-E арқылы жасалған

Соңғы кезде кез-келген әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, не көп, қайырымдылық қорлары көп. Бірақ, Перизат Қайратқа қатысты оқиғадан соң көпшіліктің алдында қайырымдылық қорларының барлығын алаяқтықпен салыстыратын жағдайға жетті. Халық енді кімге сенеді?

Orda.kz еліміздегі танымал қорлардың негізін қалаушылар мен сарапшыларға хабарласып, халықтың садақа деп берген миллиардтаған қаржысы қалай жұмсалып жатқанын сұрастырды.

Қайырымдылық қорлары мен ұйымдарының қаражатты өз қажетіне жарату немесе мақсатсыз жұмсау фактілеріне қатысты жанжалдар ақпарат көздерінде соңғы кезде жиі жарияланып жүр. Көктемде қаржы мониторингі алаяқтардың «емделуге» және «аз қамтылғандарға көмек көрсетуге» деген желеумен 660 мың қазақстандықты алдап кеткені туралы мәлімет таратқан болатын.

Краудфандинг арқылы қазақстандықтардан 6 миллиард теңге жиналды, бірақ оның 2 миллиарды алаяқтық белгілеріне ие.

Қаражат мүлік сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігіуге және шетелде қымбат пәтерлер жалдауға жұмсалған.  

Мамыр айында «Жібек жолы» қауымдастығына қарасты қайырымдылық ұйымдарына қатысты жанжал болды. Балалармен жұмыс істейтін 26 мекеме бірден жабылды. Ұйымдастырушыларға балалар құқықтарын бұзу және діни экстремизм сияқты айыптар тағылды.

Күзде мәдениет және ақпарат министрлігінің қайырымдылыққа қатысты өзгерістер әзірлеп жатқаны белгілі болды. Жаңа түзетулер бойынша жеке тұлғалардың банк картасына қаражат жинауға тыйым салу ұсынылды. Бұл бастама қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды.

Түзетулерге қатысты талқылаулар жүріп жатқан тұста, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының басшысы Перизат Қайратқа байланысты жанжал отқа май құйғандай әсер қалдырды. Жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық жобаларға емес, қымбат жеке қажеттіліктерге жұмсалғаны анықталды. Қор құрылтайшыларының қатарында еліміздің бас партиясының белгілі тұлғалары да бар болып шықты.

Экономист Марат Әбдірахманов елімізде 20-дан аз құрылтайшысы бар қайырымдылық қорлары ғана жұмыс істейтінін атап өтті. Мысалы, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорында 16 құрылтайшы болған, ал басқа қорларда кейде екі-үш адамнан асапайды екен.

Заңсыз табыстарды қайырымдылық арқылы «тазарту» туралы әлемдік тәжірибені жиі естиміз. Бірақ, Марат Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстанда қомақты қаражаттарды мұндай жолмен «тазарту» мүмкін емес.  

«Біздің елде заң бойынша қайырымдылыққа жұмсалған қаражаттың салық шегеріміне тек мардымсыз бөлігі ғана есепке алынады. Ескі салық кодексінде табыс салығы алынатын кірістің 2%-ына дейінгі қайырымдылық шығындары салықтан босатылады деген норма болған. Ал жаңа салық кодексінде бұл пайыз артқан жоқ», — деп түсіндірді Марат Әбдірахманов.

Қайырымдылық арқылы табыс «тазартылмаса» да, Қазақстандағы олигархтар өз имидждерін жақсартуда үлкен жетістіктерге жеткен. Сарапшының айтуынша, «бірқатар зауыт, газет, кеме» иелері әсіресе имидждік қайырымдылық жобаларында белсенді, олар өздерін қоғам алдында мұқтаж жандарға көмек көрсететін адал адамдар ретінде көрсетуге тырысады.

Ал, неге Қазақстанда жақсылық жасау дегенді алаяқтыққа айналдырып, жеке пайда табуға қолданып жатқанын сұрағанымызда, Марат Әбдірахманов қарапайым әрі шынайы жауап берді.

«Бұндай теріс іріктеу жүйесі мемлекеттік қызметте қалыптасқан, соның нәтижесінде оған жақын құрылымдардың, оның ішінде қайырымдылық қорларының да қосылғанын көрсетеді. Қайырымдылық қорларында да теріс іріктеу жүріп жатыр. Мысалы, егер Павлодардан шыққан виртуалды дерекқор жасаушысы Қазақстанда қалып, Google-да жұмыс істемей, цифрлық даму министрі болса, бәлкім, басқадай нәтиже көретін едік. Бірақ осындай дарынды және еркін ойлайтын адамдар, неге екені белгісіз, басқа елдерге пайда әкеліп жатыр, ал бізде оларға процестерді басқаруға мүмкіндік беретін механизм жоқ. Міне, теріс іріктеу дегеніміз осы», — деді Марат Әбдірахманов.
Көбінесе қайырымдылық қорлары әлеуметтік жағдайы мұқтаж жандар мен денсаулығы нашар балаларды емдеуге деп ашылып жатады. Біз материалымызда осы қос тақырыпты да қамтитын еліміздегі танымал екі қайырымдылық қорының негізін қалаушыларға қоғамды толғандырып жүрген сұрақтарды қойдық.

Алдымен еліміздегі ең танымал деген қайырымдылық қорлардың бірі  «Dauletten» қайырымдылық қорына тоқталайық. Қордың негізін қалаған танымал бұрынғы блогер, қазіргі мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, ал директоры Жасұлан Бостандықұлы. 2020 жылдан бері қордың шотына 1,6 миллиард теңгеден астам астам қаражат түскен. Ал 1,4 миллиард теңгеден астам қаржыға көмек көрсетілген.   

«Кезінде бұл қорды ашып, «Dauletten» деген атау бердім, оны мен бұрыннан бері айтып келе жатырмын, қор ашылғаннан бастап, мен ешқандай құрылтайшы емеспін, мен тек қордың негізін қалап, ашып бердім. Бұл жерде айлық алған емеспін, керісінше қайырымдылық жасаймын, тіпті жетпей жатса кәсіпкер достарымнан, таныстарымнан көмек сұраймын», — деді депутат. 

Мұқаевтың айтуынша, «Dauletten» қоры әу баста-ақ, есеп-қисап пен жиналған қаражаттың ашықтығын басты  мақсат қылып қойған. Ал әкімшілік және басқа да шығындарға қордың шотынан 2АЕК ғана аспайтын қаражаттың төңірегінде жұмсалатынын айтты. Сонымен қатар, қайырымдылықтың қаражатын жеке нөмірге, жеке шотқа жинайтын қорлардың көбейіп кеткендігін жеткізді.  

«Жалпы соңғы өзгерістерге, соңғы жағдайларға байланысты заңмен реттеліп және бақылауда болу керек. Мен мұны қор ашылғанға дейін де, ашылғаннан кейін де мәселе ретінде айтып жүрдім. Міндетті түрде бақылау керектігін мен қолдаймын, барлық қор бірдей жаман емес, барлық қор бірдей күшті емес. Кейбір қорлар Kaspi нөмірмен, карта нөмірімен жұмыс істеп жатады, бұл әрине дұрыс емес, заңсыз болады. Бұл жеке тұлғаның шоты болып кетеді. Қаншама қорлар әлі күнге дейін ұялы телефон қосымшасымен ақша аударып, жұмыс істеп отыр. Негізгі мәселе осында. Банк қосымшасындағы ол сенің жеке нөмірің, жеке тұлға екендігіңді білдіреді, Ал енді жеке тұлғаның шотын тексеруге құқық жоқ. Заңды тұлға болса, оны тексеруге болады, оның есебін анықтауға болады. Ал мыналар мобильді аудармалармен жұмыс істейді, ол аударымға 10 млн теңгедей түсуі мүмкін, ал ол 2 млн түсті дей салса да, оны ешкім тексере алмайды. Сондықтан өзіміздің «Dauletten» қорына қатысты айтатын болсақ, Kaspi және Halyk банктеріндегі арнайы төлем арқылы заңды түрде жұмыс істейміз. Талап бойынша жыл сайын есеп беріп отырамыз», — деді Мұқаев.

Сонымен қатар, жақында ғана ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтқан қайырымдылық қорларының жұмысын реттейтін заң жобасына қатысты да сұрастырдық. 

«Қазір ол өзі министрлік деңгейіндегі жұмыс тобы эксперттерді жинап, пікір жинақтап жатыр. Оның ішінде шетелдік тәжіррибені саралау керек, ол әлі парламентке келген жоқ. Парламентке келесі жылы келетін шығар. Мен міндетті түрде қатысамын. Иә, ол заңмен толығымен бақылануы керек. Себебі халықтың ақшасы ғой, ашықтық болу керек. Мен оны бұрын да айтқанмын, мен қарсы емеспін, ешқандай қарсылығым жоқ. Керісінше, толығымен қолдаймын. Қазіргі мынау қорлардың тәртібіне, нормасына байланысты олар есеп беруі керек негізінде, ешкім есеп бермейді. Сіз айтып отырсыз ғой, сайттарына кірдік ештеңе жоқ, жалпылама. Шынымен де, олардың барлығы солай істейді. Қазіргі норма бойынша, қор әділет министрлігінің тіркеуінен өтеді, жарғысын, ережелерін тексереді. Тек қана солай тіркеу нөмірін береді, ал ары қарай тексеріс жүйесі әділет министрлігінде де жоқ, ақпарат және мәдениет министрлігінде де заңды тұрғыда жоқ. Сондықтан алдағы уақытта заңмен реттелгені дұрыс. Білесіздер ғой, біздің елде қоғамдық резонанс болса ғана, өзгеріс болып жатады. Ештен кеш жақсы», — деді Дәулет Мұқаев. 

Депутаттың айтуынша, Перизат Қайратқа қатысты жағдайда таяқтың екі ұшы бар. Бір жағынан, әрине, алаяқтық әшкере болып, ұсталып жатыр, ол дұрыс. Оның екінші жағы шынымен де қиналып, шынымен де мұқтаж болған отбасына ертең ешкім көмектеспей қалуы мүмкін, Перизаттың жағдайында ол қаншама халықтың сеніміне селкеу тигізгені анық екендігін айтты.

Ал балаларға арналған қоғамдық қайырымдылық қордың бірі «Милосердие» 2006 жылы құрылған. Қордың  негізін қалаушысы – Аружан Сайын.  Қор елімізде емделмейтін, күрделі ауруға шалдыққан балалар мен аутизмге шалдыққан және жетім қалған балаларға отбасын іздестірумен айналысады. Қор ресми сайттың басты бетіне  5 800 065 777 теңге жиналғандығын жазып қойыпты.  

Осы орайда біз Аружан Сайынға хабарласып, жалпы халықтың ақшасына жиналатын қорларда әкімшілік жұмыстары мен қордың кеңсесі және ол қорға тиесілі көлік пен басқа да адамдардың жұмыстарына қаражатты қай жақтан алатыны жайлы сұрастырдық.  

«Бұрын, 2006 жылы біз қорды ашып жұмыс істей бастаған кезде, заң бойынша қайырымдылық ұйымдарына әкімшілік шығындарға 20%-дан артық қаражат жұмсауға шектеу қойылған еді. Қалған 80% мақсатты қызметке жұмсалуы керек болды. Ал 2016 жылы қайырымдылық туралы заң қабылданғаннан кейін, біз  бұл шектеудің жойылғанын байқап, таң қалдық. Яғни, кез келген ұйым әкімшілік шығындарға қанша қажет болса, сонша жұмсай алады, ешқандай шектеу жоқ. Бірақ, біз қорды ашқаннан бастап барынша есеп-қисапты ашық етіп ұйымдастырдық. Өйткені, біз ешқандай билік өкілдеріне немесе олигархтарға арқа сүйемейміз. Қорымыздың барлық жұмысы ашық. Біздің сайтымызда барлығы жарияланып тұрады. Әкімшілік шығындарға қорымыз жылына орта есеппен 3,5–7,5% аралығында қаражат жұмсайды. Біз пайызды алдын ала бекітпейміз, тек қажетті шығындарды есептейміз. Бұл қаражат жалға алу, жалақы сияқты тұрақты шығындарды қамтиды», — деді Сайын. 

Сонымен қатар, Аружан Сайынның айтуынша, қор демеушілері мен халықтың жіберген әрбір тиыны қайда, қалай жұмсалып жатқандығын толық ресми сайтқа кіріп бақылап отыруға болады. 

«Алайда кейбір әріптестеріміз біздің ашықтығымызға наразы. Кейбір қорлардың есеп бермеуінің себебін түсінбеймін. Заң әкімшілік шығындарды реттеуді қарастырмағандықтан, оның үстіне ол қаражат жеке шотқа түссе, ұйымдар жиналған қаражаттың 90%-ын өз шығындарына жұмсап, тек 10%-ын көмекке бағыттап жатса, бұл заңсыз емес, бірақ әділетсіз болып саналады. Менің ойымша, әкімшілік шығындар мемлекет тарапынан реттелуі керек. Қайырымдылық ұйымдарының ашықтығы мен есептілігі – сенімділіктің басты негізі», — деді «Милосердие» қорының негізін қалаушы.   

Сонымен қатар, Аружан Сайын қайырымдылық қорлардың жұмысын реттейтін заң жобасының талқылау жұмыс тобында екенін айтты. Бірақ, ондағы талқылаудың қандай бағытта жүріп жатқандығын толыққанды айта алмайтынын, дегенмен де талқылау өте қызу болып жатқанын жеткізді. Жоспар бойынша бұл заң жобасы келесі жылдың басында мәжіліске депуттатардың талқысына кетуі керек. 

 Осы орайда қайырымдылықты кәсіби жолға қойып, одан пайда көріп отырғандар жайлы TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының бас экономисті Рахым Ошақбаевтан сұрастырдық.

«Бұл адамдар қайырымдылыққа байланысты бизнес-модель құрған. Инстаграмдарына қарасақ, олар жақсы өмір сүреді және осы арқылы ақша табады.  Қазақстанда тұратын барлық этностар, біз бір-бірімізге көмектесеміз, бұнымен мақтанамыз, бұл біздің жалпы дәстүріміз. Бірақ, қайырымдылықты кәсіби жолға қойып, одан пайда көріп отырғандар осы институтқа күшті репутациялық соққы беріп жатыр. Енді адамдар көмек көрсету керек пе, жоқ па деп күмәнданатын болады. Екінші жағынан, осының ақ-қарасы зерттеліп жатқаны дұрыс, үмітім, олар әрі қарай да жалғасып, пайда табудағы алаяқтықты ашатын болады, бұл қайырымдылық қызметінің ашықтығын арттыруға бастама болуы керек», — деді Рахым Ошақбаев.

Оны мәжіліс депутаты Азат Перуашев та қолдады. Ол Қазақстанда қайырымдылықтың шынымен де күшті құрал екенін атап өтті, ол адамдарды трагедияға ұшырағандарға көмек көрсетуге, қиын сәттерде қолдау көрсетуге біріктіреді.

«Қайырымдылық ұйымдарына ауру баланы емдеуге, табиғи апаттардан зардап шеккендердің үйлерін қалпына келтіруге көмек көрсету үшін көптеген азаматтардан қаражат құйылады. Мұндай бастамалар ашық болуы керек, сонда халық олардың көмегінің қаншалықты мақсатты түрде пайдаланып жатқандығын көретін болады. Егер кері пайдалану, қаражатты мақсатсыз жұмсау жағдайлары болса, бұл мәселелермен құқық қорғау органдары айналысуы керек. Қайырымдылық жұмыстарын мемлекеттік бақылаудан гөрі, қоғамның ашықтық пен жариялылық арқылы бақылауы қажет», — деп атап өтті Азат Перуашев.

Соңғы кезде атышулы болып кеткен «Asar-Ume» қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашевқа жоғарыда Дәулет Мұқаев пен Аружан Сайынға қойған сұрақпен хабарласқанымызда, олар үшін қазір бұл тақырып өзекті емес екендігін жеткізді. 

«Біздің қор туралы жаңалықтарға бір аптадай уақыт болды, басылып қалған сияқты. Жұмыс істеген жылдарымыздағы есептеріміз баяғыда жалпыға қолжетімді болған, жазылушылар мұны хейт басталмай тұрып-ақ білетін. Жылдық есептерден бөлек, бізде әр дүйсенбі сайын апта сайынғы есептер де бар. Біз бұл тақырып бойынша бірнеше БАҚ-қа сұхбат бердік. Қазір бұл сіз үшін соншалықты өзекті емес деп ойлаймын», —  деп жауап берді Нұрмашев.

Айта кетейік «Asar-Ume» қайырымдылықты халықтың ақшасына жасап отыр. Ендеше біз үшін қордың жұмысына қатысты сұрақтар қашан да өзекті әрі оны көпшіліктің білуге құқығы бар. Дәл осы ойымызды жеткізгенде «Asar-Ume» басшысы сәл ойланып, «кейінірек жауап берем», — деп қысқа қайырды. Екі рет WhatsApp мессенджріне жазғанымызда тағы да уақыттың тығыздығына ысырып, артынан байланысқа шықпады. Ең қызығы, еліміздегі ең танымал қайырымдылық қорының негізін қалаушы министрлікте талқыланып жатқан заң жобасынан мүлдем хабарсыз болып шықты.  

Біздің мақсат, біреуді қаралап, біреуді мақтау емес. Айтарымыз, қайырымдылық қорлары халыққа жақсылық жасаса, сол халықтың қалтасынан шыққан қаражатқа жасап жатыр. Былай қарасаң, халық өз жыртығын өзі жамап отыр. Ал енді сол халықтың ақшасын есепсіз, ессіз өз керектеріне жұмсау нағыз қылмыс екені ақиқат. 

Авторлар: Анастасия Прилепская, Перизат Жарылқасын

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар