Ермұрат Бәпи Ресей букмекерлеріне қарсы: қазақстандықтардың миллиардтарын кім қалтасына басып жүр?

cover Коллаж: Orda.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи премьер-министр Олжас Бектеновке, Қаржы мониториң агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа және Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке ресми сауал жолдап, құмар ойын бизнесіндегі «Бірыңғай есеп жүйесінің» (БЕЖ) рөлін қайта қарауға шақырды. Оның айтуынша, «құмар ойын бизнесі туралы» заңға енгізілген қосымша актілер нарықта жаңа монополия қалыптастырады. Қазақстанда жаңа монополия қалай күшейіп келеді және бұл іске ресейлік бизнестің қандай қатысы бар?

Orda.kz істің анық-қанығын саралап көрді

Депутаттың мәлімдемесі

БЕЖ басында құмар ойынға тәуелділіктің (лудоманияның) алдын алу және қаржы айналымын бақылау үшін енгізілгенімен, іс жүзінде жеке мүдделерге қызмет ететін «делдалға» айналған. Соның салдарынан, ел бюджетіне жыл сайын шамамен 110 млрд теңге салық және 14 млрд теңге спортқа демеушілік қаражат қысқарған. Ермұрат Бәпидің айтуынша, бұл жүйеде «Nomapay» ЖШС ерекше ықпалға ие болып, монополия жолдарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Депутаттың дерегіне қарасақ, бұл компанияның нақ иесі — Ресейдегі бизнесмен Умар Кремлёв. Енді мәселені басынан бастап тарқатып айтайық.

Депутаттың сауалы

Бірыңғай есеп жүйесі (БЕЖ) деген не?

Бірыңғай есеп жүйесі — бұл құмар ойындар саласындағы барлық онлайн-операцияларды (бәс тіккендерді, ұтыстарды төлегендерді, шот толтырғандарды және ақша шығарғандарды, ойыншының жеке деректерін) тіркейтін мемлекеттік ақпараттық технологиялар платформасы.

Мақсаты — мемлекетке қаржы айналымын адамдар ұтыс ойнап жатқан сәтте қадағалап отыру. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды мұндай құмар ойындардан шектеу және астыртын жүретін қолма-қол ақша айналымын азайту.

Ол не үшін қажет?

Жүйе қай жерде және қандай мөлшерде бәс тігіп жатқанын, қанша ұтыс төленгенін, ақшаны қалай енгізіп, қалай шығарғанын анық көрсетеді. БЕЖ автоматты түрде салық және қаржы бақылау органдарына деректерді жібереді. Сонымен қатар жүйе кәмелетке толмағандарды, өз еркімен ойыннан шеттетілген азаматтарды, заң бойынша ойнауға тыйым салынған санаттарды (мысалы, кейбір мемлекеттік қызметкерлерді) бұғаттайды. БЕЖ-де жеке тұлғаны анықтау (верификация) және шектеу жүйесі бар. Ол ірі қолма-қол ақша салатындар мен күдік тудыратын төлемдерді, сондай-ақ төлемдерді ұсақтауға бағытталған әрекеттерді автоматты түрде белгілеп, қаржы мониторинг агенттігіне хабарлама жібереді.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

  • Платформа иесі – жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне, деректердің сақталуы мен берілуіне, техникалық қолдауға жауап береді.
  • Құмар ойындарды ұйымдастырушылар (букмекерлер, тотализаторлар және басқалары) – API арқылы жүйеге қосылады. Әрбір бәс тіккен адамды, төлем жасағанын немесе ақша аударымдарын онлайн түрде жібереді.
  • Төлем провайдерлері мен банктер – клиенттің кім екенін анықтап, ақша салу мен шешу туралы мәліметті жеткізеді және оларды Бірыңғай есеп жүйесімен (БЕЖ) салыстырады.
  • Мемлекеттік органдар (салық және қаржылық мониторинг қызметі) – қажетті ақпараттық деректерді алып, бақылау іс-шараларын жүргізеді.
  • Құмар ойын ойнайтын адам – жеке тұлғасын анықтау бөлімінен өтеді және шектеулерге келіседі.

Ақша қайда кетеді?

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи бұл нарықты жеке компания — «Nomapay» ЖШС бақылайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл компания Ресейдің миллиардері, сол елдегі ең ірі букмекерлердің бірі — Умар Кремлёвке қатысты болуы мүмкін. Олай болғанда Nomapay-дың мемлекет пен букмекерлік бизнес арасындағы орнын анықтау өте маңызды. БЕЖ операторы – мемлекеттік ұйым. Оның толық атауы – «Бірыңғай есеп жүйесінің операторы» ЖШС. Бұл ұйымды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті құрған. Ал Nomapay — соның мердігері.

Депутат Ермұрат Бәпи ресейлік бизнес Қазақстан экономикасының тұтас бір саласына ықпал етіп, миллиардтаған теңгені салық органдарына төлемей-ақ шайқап жүруі мүмкін екенін айтты.

Депутаттық сауалында премьер-министрге, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық банк төрағасына мыналарды ұсынды:

  • Бірыңғай есеп жүйесінің монополиялық өкілеттігін жою, бақылау мен деректер алмасуды тікелей салық қызметі мен Қаржылық мониторинг агенттігіне беру;
  • Барлық «бірыңғай операторлар» мен квазимемлекеттік субъектілердің нарық қағидаттарына сәйкестігін тексеру;
  • ҰҚК-ге Қазақстандағы құмар ойын бизнесіндегі шетелдіктердің ықпалының қаншалықты екенін бағалауды тапсыру.


Депутат өз мәтінінде бұл саладағы қолма-қол ақша айналымның өсуі (жылдық бәс тігу көлемі шамамен 3,9 трлн теңге) жемқорлықты өршітіп, қоғамдық-саяси процестерге жасырын ықпал ету қаупін тудырып отырғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта Үкіметтен, Қаржылық мониторинг агенттігінен және Ұлттық банктен ресми жауап әлі түскен жоқ.

«Nomapay» ЖШС деген не?

Nomapay — кәсіпкерлік саласында жаңа құрылған компаниялардың бірі. Ресми дерек бойынша, ол сақтандыру мен зейнетақы қызметтерінен бөлек, қаржылық қызметтерге көмекші өзге де іспен айналысады. Компанияны 2024 жылдың шілде айында жалғыз құрылтайшы Айтым Жақыпов құрған. Басқарушысы ретінде Ерік Танаев есімді азамат тіркелген.

Компанияның атына тіркелген сот істері де, қарыз да, төленбеген салық та жоқ. Бір жыл мен үш ай ішінде «Nomapay» 40 миллион теңге салық төлеген. Қызығы, бұл ЖШС мемлекеттік сатып алу порталында тіркелгенімен, оның еншісінде бірде-бір мемлекеттік келісімшарт жоқ.
Бұл — Қазақстанда БЕЖ-дің бірыңғай операторын айқындауға арналған ашық әрі әділ байқау өтпегенін білдіреді. Nomapay компаниясы мемлекеттік органға тән өкілеттікті қандай тәсілмен иеленгені беймәлім.

Спортшы әрі IT маман

Компанияның негізін қалаушы Айтым Жақыпов — Қазақстанға танымал тұлға. Ол — уоркаут спортшысы, жаттықтырушы және блогер. Сондай-ақ артық салмақпен күресуді мақсат еткен JanaMen әлеуметтік жобасының авторы. Оның бейнероликтерін Instagram Reels немесе TikTok-та көрген боларсыздар. Бұқаралық ақпарат құралдарында оны жиі «Қазақстанның сырбаз жігіті» деп атайды. Айтым Жақыпов уоркаут қозғалысының көшбасшысы әрі саусағын жерге тіреп тұрып, денесін көтеріп жасайтын жаттығулар бойынша рекорд орнатқан.

Айтым Жақыпов. Фото: YouTube-канал Elorda Aqparat

Қазір оның Instagram парақшасында шамамен үш миллион оқырман бар, YouTube арнасы да елге мәлім. Алайда бізді оның спортшы болғанынан, кәсіпкерлік жағы қызықтырады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Жақыпов Nomapay компаниясынан бөлек, Медет Ысқақовпен бірге екі серіктестік құрған: «Nomatech» ЖШС (коммерциялық қызмет пен басқару саласындағы кеңес беру) және «Workout center Aitym Zhakupov» ЖШС (спорт клубтарының жұмысы мен жарнама агенттіктерінің қызметі).
Айта кетерлік жайт, Nomatech компаниясы Nomapay-дан бір ай бұрын тіркелген.

Ал Nomatech-тің тең құрылтайшысы Медет Ысқақов — IT саласына тереңірек бойлаған маман. online.zakon сайтындағы мәлімет бойынша, оның соңғы жұмыс орны — ҚР Қаржы министрлігіне толықтай бағынышты мемлекеттік құрылым – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ. Онда ол өндіріс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бұл орталықтың негізін қалаған — Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Дәл осы комитет БЕЖ-дің иесі.

Скриншот: online.zakon 

Біз оның LinkedIn желісіндегі парақшасын таптық. Онда Ысқақов Kazdream Group атты IT-холдингтің бас директоры (CEO) ретінде көрсетілген. Бұл компания мемлекеттік және жеке секторға арналған шешімдер әзірлейді. Бағдарламамен қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект пен дауыс технологиялары, қоғамдық қауіпсіздік жүйелері және интеграциялық жобалар бағытында жұмыс істейді. Ресми сайтында өзін 400-ден астам маманнан құралған командасы бар Орталық Азиядағы жетекші IT мамандарының бірі ретінде көрсеткен.

Хронологияға қарағанда, мемлекеттік IT құрылымдарында ұзақ жыл еңбек еткен Медет Ысқақов шамамен бір жарым жыл бұрын мемлекеттік сектордан кетіп, жеке компанияға ауысқан. Сол тұста ол Айтым Жақыповпен бірлесіп өз кәсіпорнын құрған. Ал көп ұзамай, Жақыпов серіктесінің Қаржы министрлігінен кеткенінен кейін букмекерлік бизнесті реттеу саласында оның негізгі мердігеріне айналды.

ЖШС-ның тіркелгені жөніндегі құжат. Скриншот eGov.kz

Nomatech компаниясы ашылғалы бері 2,5 миллион теңге салық төлеген. Компанияның мемлекеттік тапсырыстары да, сот істері мен берешектері де, тіпті лицензиялары да жоқ.

2020 жылдан 2025 жылға дейін Айтым Жақыпов пен Медет Ысқақовтың әлеуметтік желілеріндегі белсенділігінде, өмірбаянында (туған жері мен білімі) және қатысқан шараларында ортақ байланыс байқалмайды.

Бұған Ресейдің қандай қатысы бар?

Ермұрат Бәпи атап өткен Умар Кремлёв — Ресейдің спорт саласындағы танымал ұйымдастырушы. Ол 2020 жылдың 12 желтоқсанынан бері Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA, бұрынғы AIBA) жетекшілік етеді. Бұған дейін 2017–2020 жылдары Ресей бокс федерациясының бас хатшысы, ал одан бұрын Еуропа бокс конфедерациясының бірінші вице-президенті болған.

Умар Кремлёв. Фото: iba.sport

Ресми деректерде Умар Кремлёвтің Ресейдегі бәс тігумен айналысатын бизнеске қатысы жоқ деп айтылады. Бірақ бірқатар журналистік зерттеулер керісінше оның қатысы бар екенін көрсеткен. «Проект» басылымының мәліметінше, Кремлёв сенімді адамдары арқылы Ресейдің ең ірі Fonbet, Pari және «Лига ставок» атты үш букмекерлік компаниясына иелік етеді. Сол зерттеуде оның күштік құрылым өкілдерімен байланысы және бұрынғы иелерінен бизнесті тартып алу жайы да баяндалған.

Кремлёв бұқара алдында сөйлегенде заңды бәс тігу нарығын қолдап, заңсыз казиноға қарсы күрес жайлы сөз қозғайды. Ол бұл тақырыптарды құмар ойын бизнесін реттейтін бірыңғай агенттіктің (ЕРАИ) қызметімен байланыстырады. Кремлёвтің өзі бұл мекемеде басшылық қызмет атқармайды. Бірақ букмекерлік бизнесті реттеу жөніндегі талқылауларға ашық түрде араласып жүр. Кейбір қазақстандық басылымдар мен мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің айтуынша, Nomapay компаниясының Умар Кремлёвпен немесе Ресейдің құмар ойын бизнесі мен төлем жүйесіне қатысы бар. Бірақ Қазақстанның ашық дерекқорларында мұндай байланысты дәлелдейтін ресми құжаттар табылмаған.

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі Orda.kz-ке не себепті отандық бәс тігу мен төлемдерді бақылау жүйесін пайдаланудан бас тартқанын түсіндірген еді. Жаңа лудоманияға қарсы заңға сәйкес, букмекерлік кеңселер қазақстандықтардың борышкерлер тізімінде бар-жоғын немесе өз еркімен ойынға тыйым салғанын тексеріп отыруға міндетті. Алайда министрлік бұл үшін дайын тұрған қазақстандық жүйені енгізуден бас тартқан соң, нарық өкілдері мұндай мүмкіндік жоқ екенін айтады. Жүйе толығымен дайын және қосымша қаржат та керек емес. Дегенмен министрлік бас тартқан соң амал жоқ.

Министрлік өз позициясын ашық айтып, отандық жүйені қолданбайтынын мәлімдеді. Оның орнына ведомство толығымен мемлекет меншігінде болатын Бірыңғай есеп жүйесінің жасалуын күтпек. Министрліктің айтуынша, бұл жүйеде букмекерлерді заң талаптарымен жүргізу үшін бәрі қамтылған.

Автор: Илья Астаханов

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар