Елдос алғашқы бапкеріне көлік сыйлады

cover Фото: Orda.kz

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов туған жері Тұрар Рысқұлов ауданына оралғанда жерлестері ерекше құрметпен қарсы алды. Елдос сол іс-шарада өзінің алғашқы  бапкері Ахмет Жұмағұлға көлік сыйлады.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Құлан ауылының батыс қақпасы алдында екі мыңнан астам тұрғын жиналып, ел мақтанышын салтанатты түрде қарсы алды. Ақ кимешек киген әжелер шашу шашып, ұлттық киім киген қыздар қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынды. М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары чемпионды қарсы алып, «Келші, Құланға» әнін орындады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметовке жаңа Haval M6 автокөлігінің кілтін табыстады. Алайда Елдос Сметов бұл сыйды алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға алғысын білдіріп, тарту етті.

Аудан тұрғындары чемпионды Париждегі тамаша жеңісімен құттықтап, Қойшымановтар әулеті Елдосқа асыл тұқымды жылқы сыйлады. 

Кеш аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты, онда Нұрислам Саменқұловтың «Біздің Елдос» әні алғаш орындалды.

Айта кетсек, Елдос Сметов Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның алғашқы алтынының иегері болды. Бұған дейін ол 2016 жылы Риода күміс, ал Токиода өткен басты төрт жылдық ойындарда қола медаль жеңіп алған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар