Бесіктен безіну - Елдіктен безіну

cover

Осы сіз түс көресіз бе? Түсіңізге енетін не? Соған мән беріп көрдіңіз бе?
Шерхан ағаның жазғаны бар еді ғой: « ..Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранға бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді…».

Шерхан Мүртаза

Ол әр қазақтың басында бар жағдай. Алла тағала нәсіп етіп, біз де дүние жүзін шарладық. Олимпиада ойындарына бардық. Әлем чемпионаттарын тамашаладық. Бейнетті кеше жүріп, Азиядан елге репортаж тараттық. Бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерімен араластық. Дос болдық. Сыр шертістік. Жөн сұрадық. Жоқ, оларды түсте көру ойымызда жоқ. Бүгінге дейін енген де емес. Есесіне біз де Мақаншыны, Жайтөбені, Тарбағатайды, Алакөлді көреміз. Тіпті шетте жүрсек те түсімізге енеді. Сағынып, оянамыз. Үлде мен бүлдеге орап қойса да, атамекенге тура тартқың келеді. Бірақ оған шама
қайда? Мүмкіндік қайда? Жұмыс реті жібермейді.


Шет елге барғанда міндетті түрде жергілікті телеарналарына көз тігеміз. Бәрі жершіл, бәрі ұлтшыл. Олай дейтініміз, өзіндік салт-дәстүрін дәріптеп жатады. Ұлттық өнерін насихаттайды. Рас, оларда арна көп. Кейбіреулері сол әдет-ғұрып, салт –дәстүрлерін насихаттауға құрылған. Біздегі сияқты үзік-жұлық бірдеңелер емес. Насихаттық негізге құрылған шымыр контент. Идея көп шығар. Соны орындап шығуға материал аз. Салты жұтаң. Дәстүрі әлде ұмытылған. Әлде мүмкіндігі шектеулі.

Өркениет дүрбісінен көз салсаңыз, қазақ олардан әлдеқайда тамырлы екенін түсінесіз. Бірақ бүгінгі қазаққа бұрынғы қазақтың көк тиынға керегі аз. Қайта жаһанмен жолығуға асық. Сол себепті қағынан жерініп, дәстүрінен қашып барады. Мәдениетің қайда қалады сонда? Әдебиетің ше? Әдебиет дегенде фольклорды алға тартып отырмыз. Өзімізді дүниеге танытуға құмар болдық. Өздері іздеп танысын
дегенді шетке ысырып тастадық.


Шет елдерді біраз араладық дедік қой. Дос таптық. Сырласатындар кездесті. Солардың әрқайсысы өз елінің патриоты. Өз мемлекетінің жанкүйерлері. Ең алдымен өздері ұпай ұстануды ойлайды. Біз секілді өзгенің илеуінде кете салмайды. «Бұл біздің салтымыз ғой», - деп мақтанады. «Дәстүрден аттап өте алмаймыз», - деп сені де дегеніне көнідіреді. Мысалы, Жапония. Сен әлде бір шаруаға қанша асығып тұрсаң да, жапон әріптесің жан-жағындағы кәрі-құртаңын шығарып салмай орынынан қозғалмайды. Қозғалады. Қозғалысы сол, әлгілерге құрмет көрсетіп, ізет білдіріп, басын қайта-қайта изеп, олар ұзап кеткенше әлгі қимылынан ажырамайды. Ішің пысатындай-ақ көрініс.
Алайда әріптес үшін бұлжымас заң.

Неге сондай? – дейміз ғой әріптестен.

Жапонның да жаман кезі болды. Жастар үлкендермен санаспай бетімен кетті. Еуропадан білім іздеді. Іргедегі Азия алыптарынан үлгі алды. Тіпті анау Американың озық үлгілерін елге әкеліп сіңіргісі келді. Тіпті талай өзгеріс әкелді де. Бірақ елден береке кетті. Ынтымақ бұзылды. Соны білген ақсақалдар билікті көндіріп, дәстүрді менсінбегендерді тезге салды. Тәртіп түбі бағындырады ғой. Ел жөніне келді. Содан бері мемлекет гүлдену үстінде.

Мынау Оңтсүтік Корея қазір жасыл желек жамылған. Бірнеше миллион түп ағашы бар. Шөптер де жетеді. Түрлі өсімдіктер кездеседі. Соның бәрі тіркеуде тұр. Мемлекет есепке алып отыр. Себебі, оның сұрауы бар. Республика үшін құндылық. Естеріңізде шығар, бәрі кезінде үлкен еңбекпен отырғызылды. Тамшы суды тасып құйды. Әр түбін мәпеледі. Соғыс кезінде осы өлкенің бәрі тозып кетті. Өртенді, қурады. Қараусыз қалды. Бір кезде жасыл аймақ болған жерлер күлге оранды. Билік басындағылар бастама көтеріп, бүкіл Оңтүстік Корея жұрты қолдап, әр талды бір-бірлеп егіп, оны баптап күтіп, осындай алқапқа айналдырды, дейді Владислав Цой әріптес. Ол енді Корей сапары кезі еді. Сол күні Пхченчханнан Сеулге келе жатқанбыз.
Мұндай әңгімелерді әлемнің әр түбінен естідік. Сіздер де тыңдаған
шығарсыздар. Біз қазір белгісіз бағытқа кетіп бара жатқан көш секілдіміз.


Бұйданы кім ұстайды? Кімге бағынуға тиіспіз. Саясаттан аулақ. Рухани құндылықты айтамыз. Ұлттық тәрбиені тілге тиек еттік. Бұл тым күрделі мәселе. Күрмеуге келмейтін жіп тәрізді. Тағы да қайталайық. Саясатта неміз бар? Оны өзгелердің еншісіне қалдырдық. Біздің мақсат қазаққа қызмет жасау, елге пайдамыз тисе, кәні. Әніміз ана қырда қалды. Күй де шашылып жатыр. Салт-дәстүр ше? Әдет-ғұрып? Мойындамайсыз, ия? Ал қай балаңызды бесікке бөлеп, бесік жырын айттыңыз? Қанша қара өлең білесіз? Өзгені қоя тұралық. Мынау бесіктен де безінердей не көрінді!


Тоқтаңыз! Тоқтайық! Күй табақты ауыстырамыз. Біз куә.

Қазақша күресті кісі баласы керек етпеген кез де болды. Керей
Қойшыбек секілді фанаттар ғана өз жұмысын үндемей істей берді. Күрес тасбақа адыммен болсын. Әупіріммен алға жылжыды. Өтірік пе? Кім баласына күрес үйретіпті? Сосын «Қазақ барысы» дүниеге келді. Сырдың екі азаматы Рысзақұл Әлтаев пен Садық Мұстафаев әлгі жобаны қолдай жөнелді. Артынша Президент әкімшілігі де ат салысты. Қысқасы, қазір қазақ күресінің қайта өрлеген тұсы. «Дала барысы» да бар, «Бала барысы» да бар. «Әскер барысы» да бар. Тіпті «Еуразия барысын» көріп жүрміз. «Қазақстан барысы» атанған балуандар қазір батыр іспеттес. Сең қозғалу үшін бірер шенеунік бастамашыл топқа енсе жетеді. Ақ үйден аз-маз қолдау керек. Жобаны «Самұрық» алдында қорғау керек. Оңай ғой!


Егер бар ғой, әкімдердің бірі баласын бесікке бөлеп, блогерлері шу ете
қалса, тұтас ел де ду ете қалады. «Хайп» қуған әнші-құшыныш елімізде жетіп артылады. Жұрттың бәрі баласын бесікке бөлеуге ұмтылады. Балақайы жылы жатады. Жанында жары, аузында әні. Жарасым сол тұстан табылады. Ондай жұптар үнемі махаббат заңына бағынады, бір біріне ағынан жарылады. Әдемі ғой? Әдемі емес пе? Әттең, бесікке бөлеу мәселесін бір партия бағдарламасына енгізе салса. Іс бітіп тұр еді. Әлгі партияның өзі ше? «Ел болам десең, бесігіңді түзе!». Ұраны да табылып тұр. Классикті қатарға қосып алар еді. Бесіктің пайдасы шаш етектен.


Зейнеп апа Ахметова екі лекциямен бәрінің санасына сіңіріп жіберер еді. Қазір де айтып жүр. Зейнеп апам. Бірақ тыңдайтын құлақ тапшы.
«Пәмпіресіңді тартшы», - депті ғой бір әже, келініне, - «Айтарға ғана
тап- таза. Қарашы әне боғы аққан балаға. Құйрығы жағал-жағал. Жақсы болса сіңіріп алмап па?». Одан артық не сарапшы керек. Әженің үкімі үкім! Сол күні келінге бала бөлеуді үйретіпті.

Қапаш Құлышева

Әже демекші. Өткенде астанадағы Ілияс Омаров көшесінде тұратын дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева туралы деректі дүние түсірмекке апамның үйіне барғанбыз ғой. Содан Қапаш Құлышеваны өзі сабақ беретін оқу орынан жеткізіп тастамақ болып, сыртқа беттеп едік. Есік ашылғанда бесік көтеріп келе жатқан жас жігітті көріп қалдық. Екеуміз де ығысып әлгі азаматқа жол бердік. Жас жігіт апамызды өткізбек ниетті. Қазақтың дүлдүл әншісі жігітті өткізді. Бесіктің
жолын байлағысы келмегендіктен.

Автор: Амангелді Сейтканов

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар