Балаңыз қандай ойыншықпен ойнап жүр? Психологпен сұхбат

cover

Қазіргі таңда сатылымда балаларға арналған небір антистресс ойыншықтар бар. Олар кішкентай балаға қалай әсер ететіндігі туралы педагог-психолог Жания Бисенова Orda.kz редакциясына түсіндіріп берді.

Ойыншық балаға қалай әсер етеді?

– Егер ойыншық баланың жас ерекшелігіне сай таңдалса баланың дамуына әсер етеді. Ойыншық – баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі. Баланың өмірді тануы, айналамен қарым-қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын арқылы қалыптасып дамиды. Өйткені ойыншық арқылы бала қоршаған ортаны зерттейді. Ойыншықтары арқылы өз сезімін білдіріп, іс-әрекеттерін үйлестіру қабілетін қалыптастырады.

Қазіргі таңда сатылымда балаларға арналған антистресс ойыншықтар жиі кездеседі. Ол не үшін керек? Кішкентай балада стресс бола ма?

– Стресс тек ересектерде ғана емес, сондай-ақ, емізулі балаларда да кездеседі. Кішкентай балаларда стресс белгілері бас ауруы, іштің ауруы немесе мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы білінеді.

Антистресс ойыншықтардың зияны бар ма? Мысалы, қазір танымал болып жүрген «попит» ЛГБТ туының түсіне пропаганда деген ойлар бар. Ойыншықтың түсі баланың психологиясына әсер ете ме?

Иә, бүгінгі таңда, антистресс ойыншықтары жиі пайдаланылады. Бұл әрбір ата-ананың өз таңдауы. Бірақ ойыншық сатып аларда бала өміріне қауіп төндірмейтіндігіне және оған психологиялық жарақат салмайтындығына сенімді болу керек.

Әрине, түстердің бала психологиясына өзіндік әсері бар. Ойыншық, киім сатып аларда мұны ескерген жөн. Мысалы, қызыл түс қан қысымын жоғарылатып, зат алмасуын үдетіп, мидың белсенді жұмыс істеуіне әсер етеді. Ал, енді бала өте белсенді, бір орында қимылдамай отыра алмайтын болса, ойыншық таңдарда басқа түс таңдаған дұрысырақ болар еді. Өйткені өзі болмысынан тым белсенді баланың жүйке-жүйесін шамадан тыс қоздырып, тез шаршатады. Ал, керісінше жасыл түс адамды тыныштандырып, қан қысымын қалыпқа келтіріп, шаршағанды басады. Мамандардың айтуынша, бала үшін қауіпті саналатын заттардың түсі жасыл болмау керек. Өйткені, емізулі баланың өзі жасыл түсті заттың бәріне ұмтылады екен.

Слаймның кішкентай балаға қандай зияны бар? Ал спинердің ше?

Слаймның құрамында түрлі химиялық қоспалар бар болғандықтан қауіпті болуы мүмкін. Слаймды ұстағаннан кейін баланың қолын жақсылап жуғанын қадағалау керек.

Ал спинерге келер болсақ, оны осыдан 24 жыл бұрын ойлап тапқан. Спинерді медицинада аутизм ауруын емдеуге пайдаланады. Мамандар екі түрлі пікір айтады. Бірі антистресс ретінде пайдасы бар деп мақтаса, екіншісі спинер баланы күйзеліске ұшыратады дейді.

Ал, металдан жасалған спинерлер бала өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әлеуметтік желіден спинердің қолдан шығып кетіп, түрлі дене жарақаттарын салғаны туралы оқуға болады. Осы спинерді ойлап тапқан америкалықтардың өзі жүйкені жұқартады, баланың сабақ оқуына кедергі келтіреді деп бас тартса, бізде жүйкені жақсартатын антистресс деп еркін сатылуда. Сондықтан баласының болашағына алаңдайтын әрбір ата- ана сақтық шараларын ұстанғаны дұрыс.

Сіз баланы жетілдіріп, дамыту үшін қандай ойыншықтар әперуге кеңес бересіз?

Баланың қалыпты дамуы үшін ең алдымен ата-ана мейіріміне бөленіп өсуі керек. Балаға жеткілікті назар аударылып, ата-ана махаббатын сезінуі қажет. Балаға ойыншық таңдауда оның жас ерекшелігі және таңдауы мен қалауының ескерілуі маңызды. Баланың ойлауын дамытатын, есте сақтау қабілетін арттыратын, қолдың ұсақ моторикасын дамыту үшін конструктор, пазлды айтар едім.

Конструктор көрген бала сәулетші болып өссе, попит көрген бала болашақта кім болады?

Бала кезінде конструктормен ойнаған баланың барлығы болашақта сәулетші болып кетпеуі әбден мүмкін. Бұлай деп бірден кесіп айтуға болмайды. Сіз айтып отырған попит ойнаған баланың қызығушылығы тәуелділікке ұласып кетпесе болғаны. Ең бастысы, жоғарыда айтып өткенімдей балаға көңіл бөлініп, ата-анасымен эмоционалды дұрыс байланыс болып, әрбір ісін қолдау керек.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар