Азық-түлік қымбаттап, халық кедейшілік пен кредитке батты

cover

Мұхтар Тайжан өзінің Facebook парақшасында «ешқандай да экономикалық реформалар жүріп жақтан жоқ» деп мәлімдеді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Қоғам қайраткері халықтың қазіргі күйі туралы ашына айтты.

– Адамдар, тіпті, тамақ сатып алу үшін кредит алып отыр. Ауылдағы дүкендер халыққа азық-түлікті қарызға беріп жатыр. Ал халық кедейшілік пен кредитке батып барады, - деді ол.

Сондай-ақ, ол өз жазбасында өмірі экономика министрін көрмегендігін және экономикалық реформалардың жүріп жатқандығына күмән келтірді.

– Экономика министрін ешкім көрген де жоқ, естіген де жоқ. Экономика министрі бізде бар ма өзі? Реформа кеңесі де жұмыс атқарып жатқан жоқ. Уақыт өтіп барады, ал экономикалық реформа басталған да жоқ. Баяғы жартас сол жартас. Экономикамен 20 жыл бойы айналысатын ескі кадрларды қуып шығып жаңа кадрларды жұмысқа тарту керек. Өз басым, егер шақырса, мен нағыз экономикалық реформаны жүзеге асыру үшін барар едім. Бірақ қайдам, мен барсам нағыз реформа басталады ғой, ал оған олигархтар қарсы, - деді Тайжан.

Айта кетсек, бүгін Мәжілістің кезекті отырысы өтті. Онда Нұрлан Нығматулин елдегі бағаның қол жетімсіз екенін айтып, мәселе көтерді.

 – Елде ең жоғары өсім күнбағыс майы бойынша тіркелген – 33,7%. Сонымен қатар, қант 32,8%, жарма 28,7%, картоп 16,8%, жемістер 14,9%, макарон өнімдері 14,7%, жұмыртқа бағасы 10%-ға өскен. Бұдан бөлек бензин, электр энергиясы, фармацевтикалық өнімдер мен тұрғын үйдің де құны қымбаттаған, - деп шүйлікті Мәжіліс төрағасы.

Оған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов «пандемия кесірінен азық-түлік, тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де қымбаттап жатыр», деп жауап берді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар