Қазақстандағы қарттардың күйбең тіршілігі (фоторепортаж)

Қарты бар үйдің - қазынасы бар. 1 қазан мерекелік күнтізбе бойынша дәл осы қарттар күні. Зейнеттің бейнетін көруге жеткен жаста көше кезіп, қайыр тілеп жүрген қариялар аз емес. Оның жанында үйде отырғысы келмей, сауда жасап немесе қолынан келгенін істеп жан бағып жүргендерді көргенде сүйсінесің. Бір жағынан, өкінесің. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырғандардың жол бойында отыруына не себеп? Қолын жылы суға салудың орнына жұрт алдына саудаға шығарып қойған кімдер?
Orda.kz редакциясының атынан мереке қарсаңында қарттарды құттықтамақ ниетте «Көк базарға» келдім. Көзбен көргенім жүректі тебіренткен болса, ауыздарынан естігенім жағамды ұстатты. Банкі жауып, сатылымға шығарған ақ жаулықты ана көрдім, анасына сауда жасатқан бала көрдім.

Күн біраз жылынып, бесін таяған уақытта жасы жетпіс пен сексеннің арасын шамалаған ата-апалар өзінің кезекті «жұмыс» күнін бастайды. Бірі тоқыма өнімдерін сатса, бірі бақшадағы көкөністерін сатып, ал енді бірі кезінде үйіндегі серванттың түп жағында орналасқан әшекей-бұйымдарын жаялықтың үстіне қояды. Оларды байқап, елеп жатқан ешкім жоқ.

Базар маңында орыс, түрік, қазақ, өзбек әжелердің саудасын жиі көруге болады. «Неге зейнетке шыққан кісілер бала-шағасының қызығын көрмей, әлі де күйбең тіршілікпен айналысып жүр?» деген сұрақ еріксіз ойға орала бергені...

Жауап тек біреу – қаржылық қиындықтар. Біріне дәрі керек болса, бірі бауыр еті баласына көмектесудің амалы, ал енді біреуі баласының көңілінен шығудың амалын істеп жүр.

Жол жағалай келе қариялардың тауарларды сөреге, нақтырақ айтқанда сөрені алмастырушы мөшектерге қойып жатқанын көрдім. Біраз уақыттан соң шетелдік көлікпен шірене тоқтаған келіншек бір аяғы таяғы болған әжеге сататын тауарларын ұстатып, өзі жұмыстарымен кете барды. Мөшек пен апа жол жиегінде қалды. Сұрастыра келе жаңағы келіншектің қызы екенін, анасының оған қолғабыс болғысы келетінін білдім. Самайына ақ түссе де баласын ойлаған - ер ана.
Ешкімге ауыртпашылығымды тигізбесем...

Осы Көк базардың маңында отырған апалардың бірі – Света апа. Ол күнде үйінен таразысын әкеліп, зейнетақысынан бөлек қосымша табыс жасап отыр. Света апада салмақ өлшеу құны 100 тг. Күніне азын аулақ 2000-3000 тг арқалап кетеді. Жасы 78-ге таяған апа «өмірімнің соңғы 10 жылына тиын тебен тауып, ешкімге ауыртпашылығымды тигізбесем» деген арманын айтты.

Ал Света апаға қарсы бетте отырған Роза апа жаз бойы жапқан банкілерін сатып отыр. 1 литрлік банкілердегі тұздалған қияр мен салаттарының құны 1000 тг. Бірақ оны алуға асыққан сатып алушылар жоқтың қасы. 73-тегі әжей күнделікті 5-6 банкісін сатып, қалған 10 шақты банкісін үйіне арқалап қайта береді. Саудаға зейнетақысы жетпеген соң шығыпты.
Дәрілерімнің ақшасын шығарсам...

Жалғыз өзі кафенің жанына орындығын қойып, жаялыққа ангор жүнінен тоқылған нәскилерін сатылымға қойған Людмила апаның ойлағаны біреу ғана – 55-тегі қызына көмектесу. Себебі, Людмиланың жақында екі бүйрегі жұмыс істемей қалып, ол кісі өмір мен өлімнің арасында қалған. Бүйрегінің ауруын бірден анықтай алмаған дәрігерлер Людмила апаның өкпесіне сары су жиналғанша, түк істемеген. 55 келілік апаның салмағы 37-ге бірақ түскен. Қызы бар жиған-тергенін анасын құтқарып алу үшін берген екен. Қазір беті бері қараған.

Қызы мен 32 жастағы немересінің қызығын көріп отырған 83 жастағы Людмила апа кезінде аспазшы, дәріханашы болып жұмыс істеген. Қызы – есепші, немересі – банк қызметкері. Өз үйінде тұрады. Ешқандай қаржылық қиындықтары жоқ. Бірақ апа бауыр еті баласына ауыртпалық салғысы келмейді. «Ең болмағанда дәрілерімнің ақшасын шығарсам» дейді. Себебі, отбасында жақында орын алған қиындықтардан кейін Людмиланың қолынан қуаты кеткен. Екі күннің бірінде ем алып, ауруханаға барады. Мемлекет тегін беретін дәрі бұл кісінің еміне еш жарамайды.
Жаңа туған нәрестеден бастап, ересектерге арналған тоқыма өнімдерінің де бағасы қымбат емес. 1000 тг басталып, 3000 тг дейін ғана барады. Сөресінде 20-30 шақты тауары бар.

Қызу сауда жоқ. Адамдар еш елеместен өтіп жатыр.
– Пандемияға дейін аз да болса, сауда болатын. Қазір мүлде жоқ. Адамдар вирустан қорқатын сияқты. Бәрі соның кесірінен деп ойлаймын. Күз басталып, кешке күн суыта бастады. Адамдардың аяқтары тоңбасын деп, нәскилерімді сатуға шығардым. Әдетте, өзіммен заттарымды осында әкеп алып, тоқимын. Бір бұйымға 1-3 сағат аралығында уақытым кетеді, - деп бөлісті Людмила апа.

Людмила апаның айтуынша, тауарлар түгелдей сатылып кетпейді. Көбіне ол жүн нәскилерін қайта арқалап үйіне қайтады. Адамдардың сұранысы бойынша бас киім, күртеше, балалар киімін үйден тоқып әкеледі.
– Мені жұмысқа жегіп жатқан ешкім жоқ. Қызымның бір жағына шықсам деймін. Күйеу балам жіп әкеп береді, қалғанын өзім қатырамын. Тоқыма бұйымдарын сату маған ұнайды. Біраз үйден шығып, сергіп, ел-жұртты көріп, сөйлесіп, жақсы болып қаламын. Төрт қабырғада қамалып, ауырып отыра бергеннің несі жақсы? - деп күлді Людмила апа.
Немерелерімді аяққа тұрғызу керек...

Ал енді бір мөшек көкөнісін көршісінің сөресімен бөлісіп, сатуға қойған Зулхумар апа жұмысқа өз еркімен шықпаған. Жақында қызы күйеуінен айырылып, үш баласымен жалғыз қалған. Жеті құрсақ көтерген ана жүрегі бауыр еті баласына бұрып тұрады. «Қызыма ақшалай көмек көрсеткім келеді» дейді. Алатын зейнетақысы өзіне жеткенімен, қызы мен немерелерінің тағдырына алаңдаулы.

– Алтын Ордадан көкөністер әкеліп, үстіне 70 тг қосып сатамын. Тауарды өзім алып келгендіктен, тек азын-аулақ теріп үлгеремін. Жазда ғана саудаға шығамын. Қыста немерелерім мен шөберелерімнің жанында боламын. Уақытша тірлік, - деп түсіндірді әжей.

Күнді қорытындылай келе, әрбір бесінші қазақстандық қаржылық қиындыққа тап болғанын көруге болады. Бүгінде мұндай қиындықтар 2 млн 243 мың зейнеткерді де айналып өтпеген. 65 жастан асқан 69 мың қария балаларының қызығын қызықтаудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр.
Жаңалықтар
- «Парақшасы жойылып, полиция шақырды»: Журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қысым көрсетіліп жатыр
- Құлсарыда мопед мінген 13 жастағы бала мерт болды
- Қонаевта депутаттың көз алдында әйел суға батып кетті: Жағажайда құтқарушылар да, дәрігерлер де болмаған
- Ташкентте 157 жыл бұрынғы аптап ыстық қайталанды
- Қол жетпес Қайрат Қожамжаров: күдікке іліккен көлеңкелер
- Қостанай облысында өгей қызын зорлаған АИТВ диагнозы бар ер адам сотталды
- Трамп Қазақстаннан баратын тауарға 25% баж салығын енгізді
- Шерзаттың ісі: 7 жылға сотталған Дидардың ата-анасы сот үкімімен келіспейді
- Ресейде көлік министрі қызметінен босатылған соң өзіне қол салды
- Әлихан Әскербай ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды
- Ақмола облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 21,5 млрд теңге бөлінді
- Алматы облысында ірі есірткі зертханасы анықталды
- «Қоршауға соғылған»: Павлодарда зейнеткер велосипедтен құлап көз жұмды
- Семейде 12 жастағы баланы бір топ жасөспірім соққыға жықты
- «Техастағы су тасқыны»: 82 адамның денесі табылды
- Израиль әскері Йеменде хуситтерге қарсы әскери операция бастады
- Алматы облысында баланы көлікпен қағып, қашып кеткен экс-полицей ұсталды
- Президент бокстан Әлем кубогының жеңімпаздарын құттықтады
- Илон Маск АҚШ-та жаңа саяси партия құрды
- Назым Қызайбай ел қоржынына әлем кубогының алғашқы алтынын салды