Алматылықтардың жануарларға жаны ашымайды
Демалыс күні балаларды зообаққа апарып, экзотикалық хайуандармен таныстырдық. Тек теледидардан көріп жүрген «зоо-кейіпкерлермен» шын өмірде танысқан балалардың қуанышында шек болмады. Сондай-ақ хайуанаттар бағының жаңартылып, ішкі құрылымының заманауи талаптарға қарай ыңғайлана түскені қуантты. Алайда келушілердің зообақ жануарларына деген немқұрайлылығын көріп, бұл қуанышымыз су сепкендей басылды.
Балаларға қатты қызық көрінген арыстан іспетті үлкен мысықтар болды. Оларды бұрын алыстан ғана тамашалайтын едік, бұл жолы 1-2 метр қашықтықтан көрдік. Арыстан, пума, барыс, қабылан сынды сұсты жыртқыштардың сұлулығын шыны терезеден көруге мүмкіндік бар. Барлығының қарны тоқ, жағдайы жақсы секілді көрінді. Жол бойы қала баласы өмірінде көрмеген талай тіршілік иелерін көрдік.

Кезек маймылдарға жетті. Олар темір торларында біреулері топтасып, кейбірі жеке отыр. Әсіресе, шимпанзенің маңында жұрт қарасы көбірек. Жанына жақындай бере, шашылып-төгілген тамақты көрдік. Кептірілген картоп, тұзды нан, тәтті жүгері, қызылды-жасылды кәмпиттерге қоршау алды толып қалыпты. Ал адамтектес ақылды жануар олардың барлығын сүйсіне жеп отыр.
Тордың сыртында жатқан түрлі тамақты қолындағы көрпешесі арқылы өзіне қарай тартып алып, кезектеп жеуде. Шимпанзенің ақылы сүйсіндіреді. Десе де, бұл тамақ оның денсаулығына үлкен зиян тигізетіні қынжылтпай қоймайды. Бірден сол маңда жүрген күзетшіге барып, тәртіп бұзылып жатқанын айттық. «Менің тексеретін аумағым үлкен. Барлығын аралап келгенімше адамдар осылай тамақ беріп үлгереді. Олар көз алдында тұрған ескертулерді елемейді де» деп налыды күзетші.

Жоғары көтеріліп аюларға кезіктік. Қоңыр аюдың торына жақындай келе, бір жасөспірім баланың созылып барып, аюдың аузына тұздалған печеньені тығып жатқанын көрдік. Дәл сол тұста әлгі баланың саусағын жыртқыш қолындағы тамағымен бірге тістеп алса, жауапқа кімді тарту қажет?! Ата-анасы неге баланы қадағаламайды? Тағы да, жүгіріп барып, күзетшіге хабарладық.

Құралайды карамельді жүгеріге тойдырып жатқандарды көзіміз тағы шалып қалды. Ерінбестен, мәз боп жануарға тамақ тықпалап жатқан анасы мен баласының жанына барып, зообақта хайуанаттарды тамақтандыруға болмайтынын, өзінің арнайы тамағы бар екенін айттық. «Ойбай, қамауда тұрған оларға кім дұрыстап тамақ береді дейсің?!» деп біздің ескертпемізді кекесінмен қабыл алды да, әрі қарай тамақтандырып тұра берді. Иә, арнайы тақташа тұрмақ, адамдардың айтқанына мән бермейді.
Осы мәселені шешудің жолы бар ма? Тәртіпті айыппұлмен қатаңдату мүмкіндігі жөнінде білу үшін зообақ басшылығына хабарластық.
Ақжами Рахимова, Алматы хайуанаттар бағы, Даму бөлімінің меңгерушісі:
— Бұл ескертпелерді келушілерге ой салу үшін іліп қойдық. Өйткені әр жануардың ғылыми тұрғыда зерттеліп, зерделеніп барып, маман тағайындаған тамағы бар. Біз сол бекітілген тәртіппен тамақтандырамыз. Оның мөлшері, құрамы қатаң қадағаланады. Себебі жеген тамағы олардың денсаулығына кері әсерін тигізбеуі керек. Тіпті, «сәбіз, банан, алма берсек қайтеді?» - деп сұрап жататындар бар. Бірақ оған да рұқсат жоқ. Себебі ондай жемістермен бір ғана адам кеп тамақтандырмайды. Келіп кеткеннің барлығы бұлай тамақтандыра берсе, жануар үшін тым артық болып кетеді. Тіпті, зообақтың ішіндегі шөпті де беруге рұқсат етілмейді, - дейді даму бөлімінің меңгерушісі.
Өйткені көбінде хайуанаттар дұрыс тамақ жемегеннен кейін жиі ауырып қалады екен. Келушілер әкелетін тағамдар олардың асқазан-ішек жолдарына зиянын тигізеді.
— Жануарлар көп жағдайда асқазан, ішек ауруларына шалдығып жатады. Тіпті өліміне де, көп жағдайда осы жағдайлар себеп. Бізде нақты статистика да бар. Тіпті осыдан талай жыл бұрын келушілер берген тамақтан нанду өліп қалған. Мамандар оның себебін білмек болып, асқазанын ашқанда, жануардың ішек-жолдарына чупа-чупстің тұрып қалғанын анықтаған. Сондай қауіп-қатерлерден жанурларды біз болып, сіз болып сақтауымыз керек.
Келушілер мұндай тағамдардың зиян екенін ұқса екен дейміз. Олар түрлі тәттілерді беріп кетеді, одан кейін жануармен не болатынынан бейхабар. Ол жануар ертеңінде ауырып қалады. Оны біздің мамандар бірнеше күн бойы емдеп, аяғына тұрғызады. Сондықтан әрбір келген адам жауапкершілікті сезінсе екен, - деген тілегін білдірді мекеме басшылығы.
Мұның алдын алу мақсатында тәртіпті бұзған адамдарды әкімшілік жауапукершілікке де тарта алмайды екен.
— Біз мемлекеттік ұйым болғандықтан бұлайша айыппұл тағайындай алмаймыз. Бірақ болашақта тәртіп бұзған адамдарды зообақтан алшақтату мәселесі көтеріліп жатыр. Әзірше барынша тәртіптің сақталуына күш салып жатырмыз, - дейді Ақжами Рахимова.
Иә, тордың ар жағында қамалып отырған жануарға әркімнің-ақ жаны ашитыны анық. Бірақ шын жаныңыз ашыса, оларды қолыңыздағы қажетсіз тағаммен тамақтандырмағаныңыз жөн.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық