Аягөзде менингиті асқынып қайтыс болған сарбаздың өліміне кінәлі дәрігер амнистиямен құтылды
Фото: Ашық дереккөзден
Аягөз әскери госпиталінің емхана бөлімінің басшысы Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша сотталды. Оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, амнистияға ілініп, жазадан босатылды, деп хабарлайды Orda.kz.
Іс материалдарында 16 мамыр күні әскери қызметші Саламат Сәбиттің дене қызуы жоғарылап (39,5 градусқа дейін), әлсіздік және бас ауруына шағымданғаны айтылған. Қаралғаннан кейін ол әскери госпитальға жеткізілген. Кейін келген терапевт Н. науқастың жағдайының нашарлаған белгілерін дұрыс бағаламай, «орташа ауырлықтағы жедел назофарингит» диагнозын қойған. Сонымен қатар қажетті тексеру жүргізбеген және қауіпті клиникалық белгілерді елемеген.
Істе сот-медициналық сараптаманың қорытындысы маңызды рөл атқарған. Сарапшылар мерзімді қызметтегі сарбазда бактериялық менингит пен дамып келе жатқан сепсистің белгілері болғанын анықтады.
Науқасқа шұғыл реанимациялық көмек қажет болған. Алайда дәрігер ешқандай шара қолданбай, тексеруді кейінге қалдырған, ал түнде науқастың жағдайы мүлдем бақыланбаған. Соның салдарынан құсу, іш өту басталып, қан қысымы төмендеген. Таңертең де дәрігер емдеу тәсілін өзгертпеген, онымен қоймай, жас сарбазды бейінді стационарға жіберуді қажет деп таппаған.
Аягөз аудандық ауруханасына сарбаз тек кешке жеткізілген, ал 18 мамыр күні таңертең ғана жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сол жерде одан ауыр бактериялық менингит, сепсис және мидың ісінгені анықталып, диагнозы қойылады. Ал 19 мамыр күні сарбаз көз жұмды.
Сотталушы сотта өз кінәсін мойындамады. Ол клиникалық хаттамаларға сай әрекет еткенін, ал тексеру сәтінде науқастың жағдайын орташа ауыр деп бағалағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, менингит белгілері болмаған, науқас есін біліп, сұрақтарға жауап берген.
Алайда Семей гарнизонының әскери соты дәрігер жіберген кемшіліктер дәл осы қайғылы жағдайға әкелді деген қорытындыға келді. Н. медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкелгені үшін кінәлі деп танылды. Жеңілдететін мән-жай ретінде оның үш баласының бар екені ескеріліп, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
38 жастағы бұрынғы бөлім басшысына екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сол мерзімге медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда ол амнистияға ілініп, негізгі жазадан босатылды.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы бойынша ол 12 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Оның ішінде 10 миллионы — моральдық шығын, 1,5 миллионы — материалдық шығын және 500 мың теңгесі — сот шығындары.
Еске салайық, мерзімді қызметтегі сарбаз Саламат Сәбитов өткен жылдың 19 мамырында Аягөздегі әскери бөлімде қайтыс болған болатын. Ол небәрі 18 жаста еді. Жас жігіт өлімінен екі ай бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған.
Ол қайтыс болғаннан кейін туыстары Саламаттың денсаулығында күрделі мәселелер болғанын, бұл туралы анықтамасы бар екенін мәлімдеді. Соған қарамастан, ол әскери қызметке жарамды деп танылып, танк бөлімінде қызмет етуге жіберілген. Анасының айтуынша, 2025 жылғы 22 сәуірде олардың үйіне әскери қызметкерлер келіп, әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен ірі айыппұлмен қорқытқан.
Қорғаныс министрлігі 2025 жылы 19 мамырда Саламат Сәбитовтың қайтыс болғанын растаған, ол Аягөз аудандық ауруханасында көз жұмған. Өлім себебі — гипертоксикалық формадағы бактериялық менингит.
Қорғаныс министрлігі бұл оқиғадан кейін сарбаздың Аягөз аудандық ауруханасында менингиттің гипертоксикалық жылдам түрінен қайтыс болғанын мәлімдеді.
Бұл Абай облысында соңғы уақытты болған мерзімді қызметтегі сарбаздардың қаза болуының алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін 5 наурызда әскери қызметшінің қаза тапқаны хабарланған, алдын ала себеп ретінде әскери техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны аталған.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Блогер Азамат Айталиевті астаналық тұрғын соққыға жыққан
- Спортшыларымыз алғашқы тоқсанда елге 200 медаль әкелді
- Мұхамеджан Тазабек: Атамның қамшысы бар еді, кемпірін сабайтын деген заман өтіп кетті
- Аягөзде менингиті асқынып қайтыс болған сарбаздың өліміне кінәлі дәрігер амнистиямен құтылды
- ҚР ІІМ ескертеді: Камералар құжатсыз көлік айдағандарды анықтайды
- Астана полициясы көлігін тастай қашқан есірткі таратып жүрген күдіктіні ұстады
- ҚР ІІМ-нің есірткіге қарсы комитеті басшысын тергеу басталды
- Стамбұл көшесінде Қазақстан азаматын атып кетті
- ШҚО-да кәріз құдығына түскен 3 жұмысшы уланып қалды
- Ақтөбеде әдейі жалған ақшамен төлем жасап, алаяқтыққа барған әйел сотталды
- ҚМА төрағасы президентке қылмыстық табысқа қарсы күрестегі атқарылған жұмыстарды баяндады
- Ауғанстанда су тасқынынан 100-ге жуық адам қаза тапты
- Иранда барлау қызметінің басшысы Маджид Хадеми көз жұмды
- Ақмола облысында бөгет жарылды: Қазіргі жағдай қалай?
- Атырауда 2-сынып оқушысын көлік қағып өлтірді
- Астанада Танагөз Толқынқызына қатысты тексеру аяқталды
- Алматы облысында 14 және 17 жастағы жасөспірімдер үй ұрлығымен айналысқан
- АҚШ пен Иран 45 күндік бітімге келуі мүмкін
- Әлкей Марғұлан: Мұрағат пен дала арасындағы ғалым
- Қазақстанда қандай кітаптарды сақтау қылмыс саналады?