2021 жылы мұнай бағасы қандай болмақ: 50 доллардан жоғары ма, төмен бе?

cover

ORDA. шолушысы Олег Червинский жаңа 2021 жылдың ең басты сұрағына жауап іздеп көрді: мұнай бағасы биыл қай деңгейде болмақ?

«Бұл сұраққа менде жауап жоқ. Ал егер бұған кімде - кім жауап бере қалған күнде - оған сенбеңіздер», - дейді автор.

Жыл өткен сайын бағалар нарықтағы нақты ұсыныстар мен сұраныстан гөрі саясат пен биржалық алыпсатарлыққа көбірек байланысты болып тұр. Сұраныстар да әзірге белгісіз күй кешуде. Егер ковидке қарсы вакциналар өздерінің тиімділігін дәлелдеп, пандемия деңгейі төмендесе - ұшақтар мен автобустар қозғалысы реттеліп, шекаралар ашылып, қалалар мен мемлекеттер арасында қатынас қайта жанданып, энергетикалық ресурстарға деген сұраныс өсе бастайтыны сөзсіз.

2020 жыл карантиннің алғашқы жылы болды деп әзілмен айтылған сөз бар. Десе де оның мәні бар. Өйткені карантин кезінде көптеген тиымдар болды. Ол тыйымдардың нарыққа әсері болмай қалмайтыны белгілі. Мысалы, Иранға салынған халықаралық санкциялар алынған сәтте-ақ нарыққа шығарылған мұнайдың аз ғана мөлшері оның бағасын тағы арзандатып жіберуі әбден мүмкін.

Сол себептен біз жаңа жағдайға бойымызды үйрете беруіміз керек, яғни, жақын жылдарда мұнай бағасы 100-ге жетпейді, сол бір баррелі 50 доллардың төңірегінде (+,-) болады.

2021 жылы еліміздегі мұнай өндіру көлемі ОПЕК+ мен келіскен мөлшерде өндіріледі. Өйткені Қазақстан өзара келісім шарттарын орындауға мәжбүр.

Энергетика министрлігінің болжамдарына сүйенсек 2020 жылы «коронавирусқа дейінгі» 90 миллион тонна мұнай өндіру көзделсе, оның ендігі мөлшері 85-85,6 миллион тонна болмақ. Бұл, әрине, кәдімгідей төмен көрсеткіш. Өнім өндіруді тек «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы ғана емес, шетелдік инвесторлар қатысқан мега- жобалар да ОПЕК+ ұсынған көлемді қолдауға келісіп отыр.

Ірі жобалардағы мұнай өндіру қысқарған кезде кен орындарында тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жөндеу жұмыстары жүргізілетін кешендер:

  • Теңіз кен орнында жөндеу жұмыстары ең ұзақ мерзімде - 2021 жылдың 1 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, яғни 45 күн жүреді.
  • Қашағанда жоспарлы жөндеу жұмыстары 2021 жылдың 15-27 қаңтар аралығында өтеді.
  • Қарашығанақта - 19-21 сәуір аралығында. Биыл мұнда күзде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

2021 жылы мұнай өндіру саласында бірнеше ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Солардың бірі Теңіз кен орнын кеңейту  жобасы. Теңізшевройл компаниясы 28 қазанда үшжылдық теңіз тасымалы бағдарламасының орындалғаны туралы ресми хабарлама жасаған болатын. Осы мерзімде бұл кешенге жаңа завод құрылысына 408 модуль жеткізілді. Енді оны толығымен құрастырып, заводты іске қосу жұмысымен айналыспақ.

Сонымен қатар Қарашығанақта да осы кешенді кеңейту жоспары жүзеге асырылмақ. Инвестициялық көлемі 1 млрд америка долларын құрайтын бұл жобада газды қайта айдайтын 5-ші компрессор құрылысын салумен қатар басқа да қосымша қажетті нысандар салу көзделген. Соның нәтижесінде мұнда ұзақ мерзімді өнім өндіру жоспарланып отыр. Жылына 10-11 миллион тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілмек.

Қашағанда да мұнай өндіруді 2030 жылға дейін ұзарту және өнім көлемін ұлғайту мақсатындағы жұмыстар атқарылуда. Қазір осы бағыттағы кезекті жобалау жұмыстары жасалып жатыр.

Энергетика министрлігі 2021 жылы еліміз үшін маңызды болып саналатын тағы екі жобаға инвестор табуы керек. Оның біріншісі – Қаламқас-теңіз және Каспийдің Қазақстан секторындағы Хазар болып табылады. Бұл жобадан Солтүстік Каспий консорциумы бас тартып, бұл аймақты Қазақстанға қайтарған болатын.

Кейінірек «Шелл» концерні де шельфтік жоба «Жемчужинадан» бас тартқан болатын. Алайда, бұл екінші жоба инвесторлар үшін тартымды болатын сыңайлы. «Қазмұнайгаз» деректері бойынша бұл жобаға қазірдің өзінде бірнеше инвестициялық компаниялар қызығушылық байқатып, Қазмұнайгаздың әріптесі болуға ықылас танытуда.

Алайда, Атырау газхимиялық кешеніне инвестор табу оңай болмай тұр. Осы жобаны іске асыруға кеткен 13 жыл ішінде бұл кешенді екі инвестор тастап кетті. Соңғысы австриялық Borealis концерні 2020 жылдың мамыр айында кетті.

Қазақстанға 6,5 млрд. доллар әкелуі қажет инвесторға қойылатын талаптар: лицензиялық технологиялардың болуы, өнімді сату, нарығын табу (off-take контракт), қаржымен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Ал мұнай-газ бен химия саласы дамыған көрші Ресей, Өзбекстан мен Қытай сияқты бәсекелестер тұрғанда ондай инвестор табу оңайға соқпайтыны белгілі.

2021 жылы дүниежүзінің бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық элита өкілдерінің аты-жөндері жарық көруі әбден ықтимал.

Солардың бірі бірнеше жылдан бері молдавиялық инвестор, Tristan Oil фирмасының иесі Анатол Статимен соттасып жүрген қазіргі Әділет министрі Марат Бекетаев. Бұдан бұрын жазғанымыздай, 2020 жылдың аяғында Статидың ықпалды одақтасы «Argentem Creek Partners» америкалық инвестиция қоры екені белгілі болды. Ол Статидың Қазақстандағы жобаларын қаржыландырып отырған. Сондықтан америкалық инвестор да халықаралық арбитраждың Қазақстаннан өндіріліп алатын компенсациясының 72 процентінен дәмелі, яғни таласы бар.  

Бұлар кездейсоқ қарсыластар емес. Сондықтан соттасып жатқан тараптардың 2021 жылы қайсысы жеңетінін болжау қиын.

Ал оның есесіне белгілі бизнесмен Тимур Құлыбаевтың желтоқсан айында Қазақстанның Бас прокуратурасына берген арызының жауабын болжау қиынға соқпас.

Тимур Құлыбаев ағылшын газеті Financial Times «Қазақстан арқылы Қытайға өтетін Түрікменстан газ құбырын тартудан Тимур Құлыбаев ондаған миллион табыс тапты» - деп жазғандарын және белгісіз автордың электронды хаттары мен құжаттарына сілтеме жасаған фактілерді тексеруді Бас прокуратурадан өтінген болатын.

Көп ұзамай Бас прокуратура арыз беруші үшін тиімді жауап беруі әбден мүмкін. Оған негіз ретінде бас қадағалаушының мына бір жауабын мысалға келтірсек болады.

2020 жылы қыркүйек айында мәжіліс депутаты Павел Казанцевтың арызына мынадай жауап берген: «Т. Құлыбаев пен басқалардың Қазақстан мұнайында заңсыз операциялар жасау арқылы заңсыз пайда тапты деген арыздарын швейцария прокуратурасы 2010-2013 жылдары аралығында тексеріп, қылмыстық іс қозғауға қылмыстық негіз болмағандықтан швейцария прокуратурасының тергеу ісі тоқтатылды», - деген.

Толып жатқан ақпараттар легі, оқыс оқиғалар мен хабар-ошарлар бұқаралық ақпарат құралдарына толассыз жетіп жатады. Олай болса, жаңа 2021 жылы да дүниежүзілік медиақұралдарында әлі де талай танымал бизнес-мұнайшылардың есімдері басты кейіпкерлерге айналатынына күмән жоқ.

Авторы: Олег Червинский

Аударған: Баян Танатарова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар