№2 перзентхананың дәрігері өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды

cover Фото: 2GIS

Алматы қаласындағы №2 перзентханада Гүлминям Низахунова есімді қала тұрғанының жаңа туылған сәбиі шетінеп кетіп, анасы оның себебі дәрігерлердің салғырттығы деп редакциямызға сұхбат берген болатын. Біздің жазған мақаламыздан кейін сол перзентханада акушер-гинеколог болып қызмет істеп жүрген Марат Естемісов редакциямызға хабарласты.

Orda.kz тілшісі дәрігердің айтқандарын тыңдап көрді.

Марат Естемісовтің сөзінше, ол Бәсеновадағы перзентханада акушер-гинеколог болып жұмыс істегенімен, №2 перзентханада жедел кеңесші қызметімен мамыр айынан бері жұмыс істеп келеді.

Марат Естемісов Гүлминямға кешірім сұрап барған кездегі жағдайды айтты. Оның айтуынша, ол – «жатырды алып тастамағанына рахмет айту» туралы сөзді мүлде айтпаған. 

«Біздің арамызда ешқандай да түсініспеушілік болған жоқ. Науқаспен ара-қатынасымыз жақсы болды. Бірақ сіздерге берген сұхбатынан кейін менің олармен ара-қатынасымызды жалғастырғым келмей, бетім қайтып қалды. Иә, рас. Оған ота жасадым, жатырын ішінде қалдырдым. Бірақ баласын өлтірген мен емес қой. Ал олардың сіздерге көрсеткен қағазы өлгеннен кейінгі медициналық тексеріс», – деді Марат Естемісов.

«Мен олардан ақша талап еткен жоқпын»

Мараттың сөзінше, дәрігерлер олардан ешқандай да ақша бопсаламаған. №2 перзентханада ақылы бөлімде босануға да мүмкіндік бар, оған бару-бармау босанғысы келген әйелдің өз таңдауы.

«Әйел босанар алдында ақылы бөлімде босануды таңдады. Бізде олардың төлеген түбіртектері де бар, келісімшарт та бар. Ондай ақылы бөлім барлық перзентханада бар. Олар өздері келісімшартқа қол қойған».

Марат Естемісов Гүлминям толғақ қысып келген кезде, оның жай ғана жалған толғақ екенін айтты.

«Алғаш көмек сұрап перзентханаға келгенде, ол жалған толғақ болған. Негізі баласы толғақ келмей, ішінде қайтыс болып кетті». 

Дәрігер Гүлминямның берген ақшасы ешкімнің қалтасына түспегенін де тілге тиек етті.

10 мың теңге не үшін?

Марат аурухананың ережесінде егер келген науқас Алматы қаласының тұрғыны болмаса, онда перзентхана оларға 10 мың теңге виза беретінін айтты.

«Ең алғаш келген кезде ол маған өзі туралы ақпараттарды айтты, дәлірек айтқанда бұған дейінгі балаларын Шонжыда босанғанын, өзінің де сол жақтан екенін айтқан соң, мен оны Алматы облысының тұрғыны деп түсіндім. Ал перзентхананың ережесіне сәйкес, егер науқас Алматы қаласының тұрғыны болмаса, онда босану үшін визаға шамамен 10 мың теңге төлейді. Кейін ол Алматы қаласының тұрғыны екенін білдім. Мен өзімнің аудиожазбамда да: «10 мың теңгені менің қолыма бер» деген жоқпын. Ол ақшаға менің қатысым жоқ». 

Егер науқас визаға ақша төлесе, акушер-гинеколог қандай жағдай болмасын толғақ қысқанда бірден келуі міндет.

Ол экспертизаның жауабына сүйеніп, бала ананың ішінде антенаталдық кезеңде (туғанға дейін) өліп кеткенін айтты.

«Низахунова Г.Т.-ның ішіндегі қыз баланың өлімі туғанға дейін болған. Себебі — ұрыққа оттегі дұрыс бармаған (яғни асфиксия). Дәрігерлердің айтуынша, оттегінің жетпей қалуына ең ықтимал себеп — плацентаның дұрыс жұмыс істемеуі, оның созылмалы әрі ауыр (декомпенсацияланған) жеткіліксіздігі», — деп жазылған бала шетінегеннен кейінгі медициналық тексерістің берген экспертизасының жауабында.

Еске сала кетсек, Гүлминям Низахунова есімді әйел Orda тілшісіне оны босандырған акушер мен перзентхананы айыптап, құжатты қалай бұрмалағаны жайлы сұхбат берген еді.














Жаңалықтар

барлық жаңалықтар