«10 жастағы баланың қолын сындырып, бұраған»: Ақтөбелік ана әлімжеттік көрген ұлы үшін әділдік сұрады

cover Фото: Бейнеден кадр

Ақтөбе қаласында мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік фактісі қоғамның наразылығын туғызды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ана өз ұлының соққыға жығылғанын айтып, көмек сұрады.

Orda.kz тілшісі істің мән-жайын анықтады.

«Жоғары сынып оқушысы баламды соққыға жықты» деген бейнеүндеу Ақтөбедегі парақшаларда жарияланды. Бейнежазбада бала жылап, анасы оны «ештеңе етпейді, қорықпа, мен қасыңдамын» деп жұбатты.

Бейнеүндеу авторы — Ақтөбе тұрғыны Ақжан Кәрім. Оның айтуынша, 6 қараша күні кешкі сағат 19:00 шамасында ұлы Айсұлтан үйден аулаға ойнауға шыққан. Ол №36 мектептің футбол алаңында достарымен жүрген кезде жоғары сынып оқушылары келіп, алаңды босатуды талап еткен.

«Сол жерде бір бала баламды итеріп, аяғынан және иығынан тепкен. Айсұлтан есінен танып, жерде шамамен бір сағат жатқан. Жоғары сынып оқушылары оның қасында күліп отырған. Тек достарының «жедел жәрдем шақыр» дегенінен кейін ғана кінәлі бала баламды тұрғызып, қолын бұрап көрген. Ұлымның қолы сынған. Іс бұрмаланып жатыр, олар жылы жабуға тырысып отыр», – дейді Ақжан Кәрім. 

Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізіліп, бірнеше ота жасалған. Қолына медициналық темір орнатылған.

Анасының айтуынша, отадан кейін кінәлі оқушы мен оның анасы рұқсатсыз палатаға кірген.

«Мен өз балама әрең кіріп жүрдім, ал оларды еш кедергісіз кіргізді. Денсаулық сақтау басқармасы бұған қалай жол берді?», – деп ашынды ана. 

Алайда денсаулық сақтау басқармасы ауруханадағы балаға бөгде адамдардың кіруі мүмкін емес екенін айтты:

«2015 жылы туған ұл бала 7 қазан күні облыстық балалар ауруханасына түсті. Травматология бөліміне жатқызылып, ота жасалды. Кейін амбулаторлық ем алу үшін үйіне шығарылды. Ауруханада күзет және өткізу жүйесі жұмыс істейді. Оқиғаға қатысы бар адамдардың кіруі шындыққа сәйкес келмейді», – деді басқарма.

Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабымен кәмелетке толмағанға орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы және оған қатысы бар тұлғалар анықталады. Күдіктінің ата-анасы баланы тиісті деңгейде тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Кәмелетке толмаған бала мектепішілік профилактикалық есепке қойылып, жасөспірімдер полициясының инспекторларының бақылауына алынды», деп хабарлайды ПД. 

Оқушылар арасындағы жанжалдасу оқиғасына қатысты мектеп әкімшілігі де түсініктеме берді.

Ақтөбе қаласындағы №36 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Сарин Бауыржан Өтеуғамбетұлының мәліметінше, 2025 жылдың 6 қазанында мектептің сыртқы спорт алаңында сабақтан тыс уақытта 5 және 10 сынып оқушылары арасында келіспеушілік болған. Мектеп әкімшілігі оқиға туралы тиісті органдарға дер кезінде хабар бергенін айтады.

«Келесі күні ата-аналармен құқықтық кеңестің отырысы өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 10 сынып оқушысы мектепішілік есепке алынды. Білім бөлімі мен құқық қорғау органдары бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қосымша профилактикалық жұмыстарды күшейтті», – деді мектеп директоры 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Қопа ауылындағы мектептегі буллинг құрбаны болған 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өлімі туралы айтылған. Оқушыны ұрып өлтірген жоғары сыныптың үш оқушысы 6 жыл 8 айға сотталған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар