Тоқаев тағы 7 жылға сайланатын болса, ол да осы «страус» позициясын сақтап қалатын сияқты – Жалғас Ертай

cover

Жақында ғана Премьер-министр Әлихан Смайлов қазақ тілі мен тарихын білмейтіндерге азаматтық берілмейтіні туралы жаңа заң жобасы қаралатынын айтты. Бұл ақпаратты қоғам әртүрлі қабылдады. Бірі – мұны тіл мәртебесінің бекуіне жасалған қадам санаса, бірі бұл мемлекеттік тілді білмейтін билік басындағыларға еш қатысы жоқтығын алға тартты. Осы тұста QazaqshaJaz авторларының бірі, медиа сарапшы Жалғас Ертайды сөзге тартқан едік.

– Әлихан Смайыловтың сөзіне қатысты «Қазақша білмейтіндерге азаматтық берілмейтін болса, онда азаматтығы бола тұра қазақша білмейтіндерді не істемекші?» деген ой айттыңыз. Бұл көп айтқандай сайлауалды көзбояушылықтардың бірі ме әлде шынымен тілге қатысты халықтың жан айқайына құлақ асу ма?

– Халықтың жан айқайы қандай екенін білмейді екенмін. (күлді) Біріншіден, бұл – Премьер-министрдің аузынан шыққан сөз ғана. Нақты заң жобасында қандай мәтін жазылып, қандай талап қойылатыны, қандай тестен өткізіп, нендей емтиханға сүйенетіні белгісіз. Осындай нақты детальдарды білмей тұрып нақты ештеңе айта алмаймын. Ал Премьер-министрдің қазір осындай ұсыныс айтқанының өзі, менің ойымша, сайлауалды компанияның бір бөлімі. Себебі біз байқап отырған Х контингентіміздегі тұлға Қасым-Жомарт Тоқаев өз бағдарламасында тілге қатысты ешқандай ой айтып жатқан жоқ.Бірақ осындай бір жарнама әдістерді Қазақстандағы тілге қатысты кейбір көтеріліп жүрген ұрандарға жауап ретінде қолданып жатқан сияқты көрінеді маған.

– «Қоғамдағы қазақ тілі проблемасы шешім таппаса, ол саясилана береді. Оны доғаратын уақыт Президент мемлекеттік тіл жайлы ешқандай шартты райсыз, қорқытып-үркітусіз сөйлегенде болады» деп жаздыңыз. Расында неге Тоқаев тілге қатысты қатаң формада сөйлеуге бейім?

– Шынымды айтсам, неге екенін білмеймін. Бірақ саясаттанушылар мен саясаткерлер көрсетіп жүрген болжамдар бар. Олардың көбі бұл сыртқы саясаттың, яғни Ресейдің ықпалы дейді. Бұны тұжырымдап айта алмаймыз. Дегенмен Тоқаев мырзаның өзі орыс тілін саясиландыруға келгенде алдына жан салмайды да, ал қазақ тілін саясиландыруға келген уақытта «аузына құм құйылып» қалады. Шартты түрде. (күлді) «Орыс тілінің статусын көтеру үшін халықаралық деңгейде ұйым құрайық» деген ұсыныс айтады да, елдің ішіндегі қазақ тілінің статусы туралы әлі күнге дейін бір іліп аларлық ештеңе айта қойған жоқ. Керісінше, латынға көшу процесін тежеп тастады. Ал орыс тілінің позициясына ешқандай кедергі келтірген емес. Әрине, сол үшін тіл мәселесі саясилана береді. Қазір ол саясиланып үлгерді де. Оған бірнеше дәлел де бар. Мухоряпов кейсі, мобилизациядан келгендерге қатысты реакция, одан кейін кешегі «Медиазона. Центральная Азия» редакторына қатысты кейстердің барлығы тілдің саясиланып бара жатқанын көрсетеді. Тіл туралы позициясын ашық көрсететін адамдар бұрын саясатқа араласпайтын болса, қазір олар билікке саяси арыз-шағымдарын айта бастады. Және бұл процесс енді үдей береді.

– Демек, сіз айтқандай, «мемлекеттік тіл мәселесі көтерілгенде билік басын құмға тығып алған страус рөлін атқарғысы келетіні» рас қой? Бұл теңеу әлі өз күшінде қалып тұр ма, әлде билікте сең қозғала бастады ма?

– Мен ешқандай қозғалған сеңді байқап отырған жоқпын. Бүгінге дейінгі елдегі тілдің позициясы – тек қана халықтың ішкі әрекетінен туындаған нәтиже. Билік өкінішке қарай қазақ тілінің тіл деңгейіндегі мәртебесіне ешқандай әрекет етіп жатқан жоқ. Қазақша посттардың жазыла бастауы, мемлекеттік тілде қызмет етуді талап ету сияқты біз көріп отырған өзгерістер – халықтың өзінің ішкі энергиясынан туындап жатқан дүниелер. Ал билік сол энергияны жасампаздық бағытқа бейімдегісі келмейді. Әлі күнге дейін сол «басын құмға тығып алған страус» позициясын ұстанып отыр. Егер Тоқаев мырза тағы 7 жылға сайланатын болса, ол да осы «страус» позициясын сақтап қалатын сияқты.

– Қазір біздің биліктен күтіп отырғанымыз мемлекеттік тіл мәртебесін нақтылау ма? Қазақ тілін ғана қалдыру?

– Менің тарапымнан мұндай ұсыныс жоқ. Жұрттың не күтіп отырғанын білмеймін, өзімнің не күтетінімді постарымда жазып жүрмін.

– «Қоғамды реттейтін ереже қабылдау керек» дедіңіз ғой?

– Иә, дәл осылай. Қазақ тілінің қай жерде, қандай салада, қандай деңгейде рөл атқаратынын нақты формада енгізу керек деп есептеймін. Міне, былай болу керек. Сіз кафеге кіргенде қазақша мәзір сұрағаныңыз – заңды. Ал әкеп бермесе, олар айыппұл төлеуі керек. Егер банкке кірген уақытта сізге орысша жауап беріп, қазақша сөйлегісі келмесе, сіздің талабыңыз заңды болғандықтан осындай кез келген қызмет көрсету орындары айыппұл төлеуі керек. Осындай нақты ережелердің жиынтығы қалыптаспай, қоғамның әр өкілі, 19-20 млн адамның өкілі «егер мен қазақ тілінде қызмет көрсетпесем, заң бұзып отырмын» деген көзқарас қалыптаспайынша мемлекетке тағылатын айып та, арыз да таусылмайды.

– Өзіңізде 1997 жылғы «Тіл туралы» заңға кейінгі жылдары тек «косметикалық қана өзгерістер» енгізілді деп айтып кеттіңіз.

– Дәл солай. Менің ойымша, 1997 жылғы Қазақстанның әлеуметтік, демографиялық келбеті де мүлде басқа болды. Демек 2022 жылдың саяси, демографиялық келбетіне сай келетін норма енгізілуі керек деп санаймын.

– «Қазақшаны калька аудармаға айналдырған – мемлекеттік органдар. Солардың ізін алып ірілі-ұсақты бизнес те тікелей аудару тәсіліне көшті» дейсіз. Мұны өзгерту үшін не істеу керек?

– Бұл, әрине, мемлекетке айтылатын сөз емес. Бұл жекелеген авторларға, адамдарға, мекемелерді басқарып отырған шенеуніктерге арналып айтылған. Украина, Грузия, Өзбекстан сияқты біраз елде мұндай норма қарастырылған. Яғни, осы тілдерде қате жазғаны үшін айыппұл салынады. Әлемдік тәжірибеде де бар мұндай заң. Бірақ бізде бірінші «Мемлекеттік тіл туралы» заңның өзі қабылданбай жатып, қате жазған адамдарға қандай жауапкершілік қарастыруға болатынын мен білмеймін (күлді). Бұл жағдайлар қоғамның ішкі энергиясымен, пікірталастар мен өзгерістер арқылы реттелуі керек. Ол реттеліп те жатыр. Сіз бен біздің осыны талқылап, осындай сұрақ қойылуының өзі бұл мәселенің үлкен алаңға шыққанын білдіреді.

– Алматыда өткен форумда «Бизнес, жарнама агенттіктері мен жеке компаниялар қазақша сауатты SMM маман, маркетологтарды дайындағысы келмейді» дедіңіз. Не үшін? Бұған да сұраныстың болмауы себеп пе?

– Өйткені қазақ тілін аударма тіліне айналдырып жіберген. Мұны алғаш болып мемлекеттік органдар бастады. Бизнес өкілдері іліп әкетті. Себеп – шығын азырақ болады. Бүкіл процесс орысша жүреді. Бір аудармашыны алады да, ол бәрін қазақшаға аударып отырады. Дәл осы тактиканы ірі және кіші бизнес өкілдері өз офистерінде әлі күнге дейін пайдаланады. Бұған бірінші кезекте нақты талап қоймаған мемлекеттің өзі кінәлі. Екіншіден, өзі қызметкерлеріне мұндай қателікке жол бергізіп отырған бизнес өкілдері кінәлі.

– Осындай қазақтілді мамандарды дайындау үдерісі қашан басталады сонда?

– Ол басталып та кетті. «Бастаңдар!» деп біреу бұйрық бермейді ғой. Өздігінен жүретін процесс бұл. Қоғамдық пікір бұл процестердің жылдамырақ жүруіне әсер етеді тек.

– «Қай тілде контент өндірсеңіз, сол тілдегі интернет дамиды» деген әдемі ой айттыңыз. Осы ойды тезірек түсініп, қазақтілді алаңды кеңейтіп жатқандар көп пе?

– Иә, түсінгендер көп. Ол ойды аспаннан алған жоқпын ғой. Бұл қоғамның арасында жүрген ақпарат. Мен жай ғана соны жеткізуші рөлін атқардым деп айтайын. 20 млн халық тұратын және 2021 жылғы Ұлттық санақ бойынша 80 пайызы қазақша білетін елде мұндай өзгерісті жасайтын адамдар шығады. Мен батыр күтпеймін. Біздің қоғамның проблемасы батыр күту сияқты. «Біреу келіп өзгертіп беру керек» деп ойлайды. Ал шын мәнінде олай емес. Әркім өзінен бастауы керек.

– Иә, дегенмен қазақша контент жасаушылар көбейсе де, әлі күнге дейін банкомат, сайт, қосымшалардың орысша нұсқасын таңдап, ақпаратты орысша іздеу процестері азаймай жатқан сияқты.

– Оларды азайтып қайтеміз?! (күлді). Оған кішкене басқаша қарау керек шығар. Контентті тұтыну дағдысы деген түсінік бар. Күнделікті өмірде, жұмыста, қоғамдық орында тек қазақша сөйлегенімен, банкоматты орысша қолданып, орысша жаңалық оқитын адамдар жетерлік. Яғни, күнделікті даңғысы солай болып кеткен.

– Демек, оны өзгертудің қажеті жоқ па?

– Өзгертудің қажеті бар, әрине. Бірақ ол бұйрықпен, міндетпен немесе талап қоюмен реттелмейді. Бұл – көзқарастың өзгеруімен келетін дүние. Ол үшін қазақша контентті тұтыну дағдысы қалыптасуы керек. Әркім өзінен бастауы керек дегенді сол үшін айтып отырмын. Мысалы, әр адам «мен қазақ тіліне үлес қосқым келсе, банкоматты қазақша таңдауым керек» деп ойлауы тиіс. Мейлі ол дұрыс емес, қате болса да.. Қатесін ескерту керек кейін. Сол кезде ол адамда «Мен тілді дамытуға үлес қосып жатырмын» деген жасампаздық идея пайда болады. Егер 19-20 млн адамда осындай ой болса, жағдай өзгереді. Бұл – мемлекеттің араласуынсыз-ақ, әр тұлғаның ішкі энергиясымен пайда болатын құбылыс. Менің жеке мақсатым – адамның ішкі энергиясына деген, өзіне деген сенімділігін ұлғайту. «Қазақша болса, міндетті түрде қате, қазақша болса – нашар, қазақша болса – сапасыз» деген қате көзқарастарды «қайтсем де қазақшасын таңдаймын, қазақша болса – дұрыс» деген қағидаға ауыстырғым келеді. Әр адамның басында осындай «лампа» жанған кезде, осы ой қоғамдық идеяға айналған кезде процесс тез жүреді.

– 2020 жылы басталған @qazaqshajaz қозғалысы нәтижесінде көптеген банк, ірі сауда орталықтары мен әкімдіктердің әлеуметтік парақшалары мен сайттары қазақша жаза бастады. Олардан мәдениетті түрде мемлекеттік тілде хабар таратуды талап еттіңіздер. Қазір қозғалыс неге тоқтап тұр?

– Біздің @qazaqshajaz ұжымы жаңадан ештеңе ойлап таппадық. Тек аспанда ұшып жүрген идеяны алып, бір жүйеге біріктірдік. О бастағы идеямыз әр адамға «менің қолымнан да жағдайды өзгерту келеді екен ғой» дегеной салу болатын. Қазір барлығында болмаса да, көп адамда «мен қазақша мәзір сұрауым керек, қазақша қызмет көрсетуін талап етуім керек» дегендей көзқарастары қалыптасып қалды. Соңғы мобилизация, кейінгі Мухоряпов кейсін алып қарасақ, @qazaqshajaz өз миссиясын толықтай орындап шыққанын байқаймыз. Ал қозғалыс тоқтап қалған жоқ. Қазіргі жұмыс тәртібіміз кішкене өзгерді. Біз бұрынғыдай пікір жазу арқылы қазақша жазуын сұрап емес, наразылық хат жолдау арқылы мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етуге көштік. Қазақшасы жоқ компанияларды іріктейміз. Екі апта, үш аптада бір рет 5-6 компанияға наразылық хат жолдаймыз. Сол арқылы жағдайды өзгертуге әсер етіп жатырмыз. Көпшіліктен демократиялық амалдарға қарай көштік дейінші (күлді).

– Соңғы постарыңыз мамыр айында шығыпты. Бұрын «қазақша сөйлеткен» компанияларыңызды парақшаға салып отыратын едіңіздер. Бұл қолдаушылардың үмітін одан сайын оята түсетін. Қазіргі наразылық хаттың нәтижелерін де осылай бөлісу ойда бар ма дегенім ғой?

– Жақсы ой екен. Наразылық хат жолдаудың нұсқаулығын да көрсетуге болады. Мұны командамен ақылдасу керек.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әсем Бектемірқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар