Тоқ соққан бала қайтыс болды: көбік кешін ұйымдастырушы сотталды

cover Фото: Ашық дереккөзден

Ұзынкөл аудандық соты көбік кешінде тоқ соғып қайтыс болған балаға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Orda.kz тілшісі.

24 жастағы жастар ресурстық орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Ұзынкөл ауылындағы жан түршігерлік қайғылы оқиғадан кейін сотталушыға айналды. Ол тоғыз жасар қыздың өліміне айыпталған.

Ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету, егер олар тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты жасалған болса, кінәлі деп танылды.

«Қатал жаза қолдануды талап етпейтін жәбірленушілердің жасы мен пікірін, жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған отбасылық жағдайын ескере отырып, сот Күзенбаеваны кінәлі деп танып, оған үкім шығарды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабын қолдана отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, тағайындалған жаза шартты деп есептелсін», - деп үкімді судья Жанна Қисықова оқыды. 

2023 жылдың 25 тамызында Қостанай облысы Ұзынкөл ауылында Жастар күніне орай ұйымдастырылған көбік кешінде тоғыз жасар қызды электр тоғы соққан.

Ол көбіктен ес-түссіз жатқан күйде табылып, жедел көмек жасалып, балалар ауруханасына жеткізіліп, сол жерде көз жұмды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар