Боранбаевқа тиесілі Астанадағы қонақ үй америкалықтарға берілді

cover Фото: Orda

Бұған дейін сотталған олигарх Қайрат Боранбаев мемлекет меншігіне берген «Comfort Hotel Astana» қонақ үйін сенімгерлік басқаруға кім алғаны белгілі болды.

Аукционның жалғыз қатысушысы және жеңімпазы америкалық инвестициялық басқарушы компанияның қазақстандық өкілдігі болды.

Аукционды ұйымдастырушы Астана әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратына сәйкес, аукционға бір ғана өтінім түскен. Осылайша қонақ үйге қызығушылық танытқан жалғыз компания автоматты түрде аукцион жеңімпазы атанды.

Comfort Hotel Astana-ны кейіннен сатып алу мүмкіндігімен сенімгерлік басқару құқығын «Invesco PowerShares Capital Management» ЖШС алды. Бұл компания Астанада 2021 жылы тіркеліп, соңғы рет 2024 жылдың наурызында қайта тіркелген. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Әсел Мамырәлиева.

Шамасы, әңгіме Invesco тобына кіретін және Чикагода орналасқан америкалық Invesco PowerShares компаниясының қазақстандық бөлімшесі туралы болып отыр. Оның мамандығы биржалық сауда қорларын (ETFs) басқару. Компания өз клиенттеріне әртүрлі активтерге, соның ішінде шағын бизнеске инвестициялауға мүмкіндік береді.

"Invesco PowerShares" - фирмалық атау. Оны Иллинойс штатында орналасқан бас компаниясының тікелей рұқсатынсыз пайдалануға болмайды. Бұдан «Invesco PowerShares Capital Management» ЖШС америкалық ұйымның Қазақстандағы ресми өкілдігі  деген қорытынды жасауға болады. Бәлкім, шетелдік инвесторлар қонақ үйді дамытуға одан әрі инвестиция салуға мүдделі.

«Comfort Hotel Astana» ЖШС Қайрат Боранбаев 2023 жылы босату үшін мемлекетке өткізген активтердің бірі болды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар