Өзіндік үлгідегі диплом: диплом алуда не өзгерді?

cover Литер

2021 жылдың басынан бастап жоғарғы оқу орындары өзіндік үлгідегі диплом алатын болды, яғни, бұрындағыдай мемлекеттік үлгідегі құжат берілмейді. Бірі бұл өзгерісті қолдаса, бірі сынға алып, еліміздегі оқу орындары бәсекеге дайын емес деп жатыр.

Orda.kz редакциясы осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Не болды?

2016 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғарғы оқу орындарының сапасын арттыру мақсатында университеттерге өзіндік үлгідегі диплом беруді ұсынды. Заңға тиісті өзгертулер енгізілген. 2021 жылдан бастап әрбір жоғарғы оқу орны білім туралы өзіндік үлгідегі диплом беретін болады.

Қайдан шықты?

Дүниежүзі бойынша мемлекеттік диплом тек Посткеңестік елдер мен Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде ғана беріледі.

Неге?

Егер дипломда мемлекеттік мөр болмаса, үміткерлер мен ата-аналар университет таңдау кезінде мұқият болады. Олар университетті беделіне қарай таңдай бастайды. Осындай жағдайда бәсекелестік пайда болады. Сапалы білім беретін оқу орындарының мәртебесі көтеріледі. Бәсекеге лайық ЖОО ғана қалады.

Өзіндік үлгідегі дипломды кімдер алады?

2017 жылы оқуға түскен түлектер 2021 жылдан бастап өзіндік үлгідегі диплом алады.

Ал мемлекеттік үлгідегі диплом сот төрелігі академиясына, әскери, арнаулы оқу орындарына, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына беріледі. Себебі, онда жалпыға бірдей стандарт бар.

Сондай-ақ, мемлекеттік диплом колледж студенттеріне де беріледі.

Түлектердің өзі бұл бастамаға қалай қарайды?

Көптеген жоғарғы оқу орындарының студенттері заң жобасын дұрыс түсінбей, оған қарсылық танытып жатыр. Білім және ғылым министрлігінде университеттерде түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген деп жауап берді. Олармен әлі де жұмыс істеу қажет.

Білім саласындағы мамандар не дейді?

QAZBILIM

«QAZBILIM» жобаларының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы Хабар арнасында:

– Бірінші болып қиындықты аймақтық университеттер сезінеді. Олар талапкерлер арасында сұранысқа ие елордалық не болмаса үлкен мегаполистердегі университеттермен бәсекеге түсе алмайды. Бұл олардың жабылуына әкеледі.

Жоғарғы оқу орындарының бәсекесі кезінде аймақтық университеттер жабылатын болса, ол урбанизацияға әсер етпей қоймайды. Жастар үлкен қалаларға арман қуып кетеді. Осылайша, өлі қалалар саны артады, бос жерлер пайда болады, кейін оны қоныстандыру мен игеру мәселесі көтеріледі. Демек, бұл бастамада аймақтық университеттерге қолдау көрсетілуі керек.

Аймақтық университеттерге қандай қолдау көрсетіледі?

Білім және ғылым министрлігінде Orda.kz редакциясына былай жауап берді:

– Бүгінгі күні жоғары білім беру саласында орын алып жатқан өзгерістер жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын өсіп келеді. Еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында «Академиялық артықшылық» орталықтары құрылатын болады.

15 мықты өңірлік жоғары оқу орны және 5 мықты педагогикалық жоғары оқу орны іріктеледі. Олардың лабораториялары жаңарады, жаңа деңгейге көтеріледі. Іріктелген жоғары оқу орындары таланттарды тартудың өңірлік орталықтары ретінде жұмыс істейтін болады.

Сарапшылар жаңа құжаттың сапасына алаңдаулы. Бірнеше жылдан кейін жалған дипломдар және олармен бірге қабілетсіз мамандар күрт көбейіп кетпей ме деп қорқады.

Жалған диплом көбейіп кетпей ме?

Министрлік білім туралы өзіндік үлгідегі дипломның әрбір түрі үшін сериялар мен реттік нөмірлерді бекітеді. Жоғары оқу орындары осы бекітілген сериялар мен реттік нөмірлер негізінде білім туралы өзіндік үлгідегі дипломдарды береді. Берілген дипломдар бойынша ақпарат Ұлттық білім беру деректер қорына (НОБД) енгізіледі.

ЖОО-ы бәсекеге қабілетті болу үшін не істеу керек?

2018 жылы «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізілді, енгізілген өзгеріс шеңберінде жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық дербестік берілді. Осыған байланысты жоғары оқу орындары еңбек нарығына қажетті білім беру бағдарламаларын өздері әзірлейді.

Университеттер еңбек нарығына қажетті білім беру бағдарламаларын әзірлеу барысында жұмыс берушілермен тығыз жұмыс істеуі керек. Әрі сол бағдарламалардың мазмұнын кадрларды даярлау бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктердің, «Атамекен» ҰКП, бизнес өкілдерін, мүдделі мемлекеттік органдарды, кәсіпорындар мен жұмыс берушілердің міндетті қатысуымен әзірлейді.

ЖОО-ның өзіндік үлгідегі дипломы курс сертификаттарымен теңесе ала ма?

Ержігіт Сегізбай, заңгер:

– Белгілі бір мамандық бойынша курс 4 жылдық білімнің орнын баса алмайды. Кез келген курс кіріспе ретінде, негізгі дүниелерді үйретеді. Ал университеттерде студент саланы тереңінен зерттейді. Сондықтан, теңесе алмайды.

Онлайн-университеттер дәстүрлі жоғары оқу орындарымен бәсекелесе ала ма?

Рауан Кенжеханұлы, Bilim Media Group компаниясының директоры:

– Иә, бәсекелесе алады, қазірдің өзінде бәсекелесіп жатыр. Әлемде де, Қазақстанда да ондай мысалдар жетіп артылады. Байқасаңыздар, осыдан 2 апта бұрын Coursera деп аталатын онлайн-бағдарламалар, онлайн-диплом, онлайн-курстар ұсынатын халықаралық платформа IPO-ға шықты. Сол IPO-ның аясында бұл компания 5 миллиард доллардан аса қаражатқа бағаланды. Мәселе ақшада ғана емес, оны қолданушы ортаның күшейгендігі мен көбейгендігінде.

Әсіресе, коронавирусқа байланысты карантин жағдайында көп адамдар жаңа мамандық іздеді, жаңа дағды қалыптастыруға тырысты, оқу орындары қашықтан оқытуға көшті. Осы жағдайда бұрын онлайн-университетке күмәнмен қарайтын ортаның ойы өзгере бастады. Бұл жүйе, оның технологиялық құралдары мен әдіс-тәсілдері өзінің өміршеңдігін және тиімділігін дәлелдеді. Оның әрі қарай кеңінен дами беретініне еш күмән жоқ.

Еске салсақ, 2020-2021 оқу жылында Қазастанда 129 университет тіркелген. Онда 576 557 студент оқиды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар