Жеке өмірін бір ретке келтірмекші болған мұғалім жұмыстан қуылды

cover ФОТО: MORENA-MORANA.LIVEJOURNAL.COM

Алматы облысының тұрғыны Индира Патталова өзінің екінші жартысын іздеп, QosLike бағдарламасына барған. Түсірілім эфирге шыққаннан кейін мектеп ағылшын тілі мұғалімін жұмыстан шығарып жіберген.

Бұл туралы Orda.kz Еуразия телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

34 жастағы Индираның айтуынша, үміткер болып, бағдарламаға қатысқаннан кейін белгісіз себептермен Қаскелеңдегі Пушкин атындағы орта мектептегі жұмысынан айырылған.

– Мені мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары күтіп алды. Сол кісімен сөйлестім. Көптеген пікірлер айтты. Сөзінің төркінін түсіндім. Өзімнің отбасылық жағдайыма байланысты деп айтып, орнымды босатуыма тура келді. Өтініш жазып, жұмыстан шығып кеттім, - дейді Патталова.

Бұған дейін Индира Нұрсұлтан Әлімқұлов атындағы орта мектепте жұмыс істеген. Онда 10 жыл қызмет атқарып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Артынша жұмыс орнын ауыстырып, А. С. Пушкин атындағы орта мектепке ағылшын тілі мұғалімі болып жұмысқа кірген. Алайда жаңа жерге келгеніне 1 ай болмай, ол жұмысынан қуылған.

Журналистер мұғалім не себепті жұмыстан шыққанын білу үшін Қаскелеңдегі Индираның бұрынғы мектебіне барған. Бірақ директор орнында болмай шыққан.

Жағдай бойынша Қарасай аудандық білім басқармасы былай деп, пікір білдірді:

– Мектеп әкімшілігінен не жағдай болғанын сұрадық. Өздеріңізге белгілі, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан босату тікелей мектеп директоры тарапынан атқарылатын жұмыс. Аталған мұғалім 1 қыркүйекте жұмысқа қабылданған. Осы ағымдағы жылдың 1 қазанында өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берген. Ал Qoslike бағдарламасына 3 қазан күні барып, түсілімге қатысқан, - деді Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әсел Еркінбаева. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар