Тазабектің хикаясы аяқталар емес

cover

Экс-сәләфиттің ұлттық арнада хабар таратуы әлі де көптің наразылығын тудырып жатыр. Осы орайда аудиторияны қоғам қайраткерінің жүргізушілік мансабы қызықтырған. Біздің редакциямыздың бұл сауалына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауап қатты. Өзге ағымның жетегінде кеткен жүргізушіге қатысты ҚР Конституциясының 19-бабының 1-тармағына сәйкес «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» деп санайтындығын айтты. Мәлімдемеге сүйенсек:

«Тәлім Trend» бағдарламасының эфирге шыққанына көп болған жоқ. Сондықтан, аудиторияның қабылдау ерекшеліктеріне байланысты кейінірек «Qazaqstan» телеарнасындағы Көркемдік кеңестің шешімі қабылданады. Көркемдік кеңес «Тәлім Trend» бағдарламасын тоқтату бойынша бірауыздан келіссе, сәйкесінше Мұхамеджан Тазабектің жүргізушілік мансабы бірге тоқтатылады»,- дейді ақпарат министрлігі өз жауабында.

Еске салсақ, діни арналарға байланысты көптеген сауалдар туған. Қазақстан діни басқармасының айтуынша, елімізде 26 діни арна өз хабарын YouTube платформасында таратады. Оларды жергілікті мешіттер қаржыландырады. Ал министрлікте бірде-бір діни арна тіркеуден өтпеген.

«Асыл арнаға» келер болсақ, ол 2012 жылы 27 желтоқсанда рухани-ағартушылық, отбасылық телеарна есебінде министрлікте тіркеуден өткен. Анықталғандай, министрлік арнаның ішкі ісіне араласа алмайды. Сондықтан, оның діни бағдарламалар жүргізуі мен Сауд Арабиясының қаржыландыруы жайлы ештеңе айта алмады.

Көпшілікке жаңа арна деп таныстырылған «Халық арна» министрліктен 2017 жылы 10 шілдеде тіркеуден өткен. Демек, тіркеудегі арнаның саясаты жаңадан қарастырылады. Себебі, муфтияттың қол астындағы арна осыған дейін ойын-сауықтық хабарлар таратқан. Саясаты жаңаланған «Халық арна» мен бүкіл құқығын Қазақстан Дін басқармасына өткізген «Асыл арна» жайлы министрлік те, муфтият та ашып ештеңе айта алмады.

Ал асықтыра күттірген «Тәлім TV», 2021 жылдың қаңтарынан бастап хабар таратады. Бір қызығы ол әлі министрліктен тіркеуден өтпеген.

Сондықтан Мұхамеджан Тазабек иелігіндегі «Асыл арна» ребрендинг (брендті өзгерту- ескерту ORDA.) жасап, тек, атауын «Тәлім TV» деп өгертуі мүмкін деген болжам бар.

Сонымен қатар, мамандар жалпы осыншама шу Қазақстан Дін Басқармасы мен Тазабектің арасындағы дін үшін саяси күрес нәтежиесінен туған деген. Алайда, бұл ақпаратты муфтият жоққа шығарды.

Еске салсақ, Мұхамеджан Тазабек жайлы мамандар пікір білдіруге қарсылық танытқан.

Айта кетейік, 2020 жылдың 17 қарашасында «Асыл арна» Youtube платформасында «Қазақтың Мұхамеджаны» екі бөлімнен тұратын деректі фильм жарыққа шықты.

Бұл орайда да теріс пікірлер көбейді. Facebook әлеуметтік желісінде "WikiBilim" қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжани өз пікірін жазған:

«Егер бір арна өзінің басшысы туралы деректі фильм түсірсе, оны журналистикада "мүдделер қақтығысы" деп атайды. Бұл журналистика этикасына қайшы. Себебі Сізге бағынышты журналистер сіз туралы объектив, бейтарап ақпарат беруі екіталай. Объектив, бейтарап ақпарат беру журналистиканың басты миссиясы.

Бұл кейске басқа призмадан қарап көрейік. "Асыл арнаның" кадрлары өздерін журналист, ал кәсіптерін журналистика деп атамауы мүмкін. Жасы елуге жетпеген тірі адамды бетін бақырайтын қойып мақтауды мұсылмандар түгіл христиандар да, яхудулер де құптамайды деп ойлаймын».

Жазбаның астында Самал Жалимбетова атты профиль «телеарнасында кішігірім диктатор-ау өзі шамасы?!» деген пікір қалдырған.

Деректі фильм жайлы «Асыл арна» қызметкерлерінің бірі «фильмді көрген адам оның мақсатын түсінеді» деді.

Ал бұл орайда әлеуметтік желі қолданушылары жалпы Мұхамеджан Тазабек туралы PR қадам деп түсінді,  «атың шықпаса жер өрте» деп бекер айтылмайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар