Шымкенттің «шумахерлерін» ешбір өзгеріс тоқтатпас

cover

Шымкент қалалық қоғамдық көліктерінің жүру бағытына бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы shymkent.online әлеуметтік парақшасында ресми ақпарат берілді. Қала ішінде адам тасымалдайтын бірнеше бағыттағы автобустар жүру бағытын біртіндеп өзгертеді. Бағыты өзгеретін қоғамдық көліктердің ішінде № 20, 45, 96, 138, 133 автобустары бар.

Шымкент қаласында күн сайын демесек те, адамды таңғалдырар жаңалықтар өте жиі болып жатады. Күні кеше ғана ішінде кондиционері, WiFi желісі бар аялдама ашылып қала халқы жартылай қуанысып еді. Енді бүгінгі ақпарат шымкенттіктердің ашу-ызасын тудыруда. Бүгінгі жаңалық - қала ішінде жүретін қоғамдық көліктердің жүру бағытына енгізілетін өзгерістер.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-11-1024x683.png

- Мысалы, №20 бағыттың автобусы 50 шаұырымнан астам жол жүреді. Жүру бағытының арасы өте ұзақ. Белгілі бір нүктеге жетуі үшін жолаушы осы автобусқа отырса, бүкіл қаланы айналып шығуына тура келеді. Ендігі жерде, №20 автобус бұрынғы жүретін жолының жартысын ғана жүреді де, қалған жартысын басқа бағыттағы автобус жалғастырады. Бұл жердегі негізгі мақсат жолаушының діттеген жеріне жылдам жетуіне жағдай жасау. Бұл тәсіл автобус жүмыстарының сапасын жақсартуға көмектеседі, - дейді қалалық Қоғамдық көлік басқармасының маманы Самат Нұржанов. 

Басқарма өкілінің сөзін қарапайым халықтың тілімен түсіндірер болсақ, мысалы, №20 автобуспен Самал-3 ықшамауданынан  Қорғасын зауытына дейін бару үшін мәселен, Технопарк саябағына дейін жетіп аласыз да, осы жерден басқа бағыттағы автобусқа ауысып отырып, Қорғасын зауытына жетіп аласыз. Бұған дейін бір автобусқа отырып, егер төлем картаңыз болса, 70 теңгемен жетсеңіз, ендігі жерде сол 70 теңгеге жетіп жүрген аялдамаға 140 теңгемен барасыз. Ал егер төлем картаңыз болмаса, жол шығыныңыз 200 теңге болады.

Қоғамдық көлік басқармасындағылар бұл жаңалықтан кейін қала ішіндегі автобустардың жұмыс сапасы жақсарады деп сенеді. Ал былайғы халыққа бұл өзгеріс қаншалықты тиімді? Баратын жеріне 140 теңгеге барып қайтқаны тиімді ме, әлде 280 теңгеге ме? Қайсысы тиімді екені балаға да түсінікті емес пе?! Шымкент қалалық Қоғамдық көлік басқармасы қала ішіндегі автобустардың жұмыс сапасын жақсартқысы келсе, бір бағыттағы жолды екі автобусқа бөліп бермей, ең алдымен автобус жүргізушілерін үлкен сынақтан өткізіп, жұмысқа қабылдау мәселесін қарастырса, қалай болар екен?

Жолаушыға таласып, жолындағыны жапырып жіберердей автобус жүргізетін «шумахерлер» Шымкентте жетіп артылады. Қарапайым жолаушы ретінде айтайын, қаланың қай бағыттағы автобусын алсаңыз да, көліктің есігінен кірген сәттен отыратын немесе мықтап ұстайтын жерді іздестіруге мәжбүрсіз. Неге? Өйткені Шымкенттің ойдым-шұңқыр жолын орағытып өтіп үйренген автобус жүргізушісі астындағы көлікті жұлқа тартып, ызғыта жөнелуі әбден мүмкін. Сондай сәтте белгілі бір жерден мықтап ұстап үлгермесеңіз, өзіңізден көріңіз.

Қалалық бағыттағы автобустардың қатынайтын жол ұзақтығы 50 шақырымнан алыс екен. Басқарма өкілдері осыны да алға тартады. Алматылық әріптестері әр күн сайын 160 теңгеге қанша шақырымды қанша рет айналып шығатынын шымкенттік басқарма өкілдері білсе, жағасын ұстар бәлкім.

Алматының мәселен, №106 бағыттағы автобусы да аспаннан түспеген, дәл Шымкенттегі №20 автобус секілді темірден жасалған. Алматылықтар осы №106 автобусқа қаланың әуежайынан отырып, Ақсай-3 ықшамауданына дейін 64 шақырым жерге 80 теңгеге жете алады. Алматы мен Шымкент қаласын салыстыру бір жағынан қисынсыз да шығар. Алайда екі қалада да бірдей автобус пен жолаушысы да қарапайым адам болғандықтан салыстырып отырғанымызды ескерерсіз.

Әлеуметтік желіде шымкенттік автобустардың жаңа бағытына қатысты жаңалық жұрттың ызасын тудырғаны да бекер емес. Бұл өзгеріс жүзеге асса, жұрттың қалтасы ғана қағылып қоймайды, ендігі жерде діттеген жеріне уақтылы жетуі де оңай болмайды. Бір автобустан түсіп, келесісін күту аралығы қаншама уақыт ұрлайтынын Қоғамдық көлік басқармасы ескермегені өкінішті. Бұл өзгеріс мәселесі қоғамдық көлік жұмысының сапасын жақсартудан гөрі, халықты шығынға батыруға көбірек бағытталғандай. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Меруерт Хусаинова, Шымкент қаласы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар