Шымкентте полиция бөлімінің басшысы 2 млн теңге алу кезінде ұсталды

cover

Шымкент қалалық полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасы бөлім басшысы күдіктіден 2 млн теңге алу кезінде ұсталды. Полиция бұл ақпаратты растады. 

Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, өзіндік қауіпсіздік басқармасы полиция қызметкерін алаяқтық қылмысына қатысы бар әйелден сот үкімінің оң шешілуіне жәрдемдесемін деп 2 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталған. Күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен (190-бап) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. 

«Құқық бұзушылық жасаған қызметкер уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды» делінген полиция хабарламасында. 

Оқиға 25 желтоқсан күні болған. 

Қалалық соттың Orda.kz тілшісіне хабарлауынша, қалалық тергеу сотына полиция қызметкеріне қатысты іс түспеген. Оның бас шарасы туралы сот қаулысы шықпаған. 

Бұдан бұрын Шымкент қалалық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция полкі рота командирлері пара алу кезінде ұсталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі олардың үстінен «Пара алу» бабымен, ал командирлерге пара берген инспекторлардың үстінен «Пара беру» бабымен  іс қозғаған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар