Шағылған терезе теориясы

cover

Жауапкершілігі төмен азаматтың қолындағы қоқысын жерге тастағанын көргенде ренжитін кездер болады. Сондағы ой - «Осы азаматтың қоқысты тастауына не себеп?». Мүмкін бұл үйдегі тәрбие, бәлкім қоқыс жәшігі алыс орналасқан. Болмаса, басқа адамдардың жауапсыздығын қайталағаны болар...

Осы сұраққа нақты әрі, теория жүзінде жауап беретін мақала 1982 жылы «The Atlantic Monthly» журналында жарық көрген. Теория авторлары - АҚШ әлеуметтанушылары Джеймс Уилсон мен Джордж Келлинг. Мақала атауы авторлар келтірген теорияның мысалынан шыққан: «Егер ғимаратта бір терезе шағылып, оны ешкім алмастырмаса, уақыт өте келе ғимаратта бүтін терезе қалмайды».

1980 жылдары Нью-Йорк Америка Құрама Штаттарының қылмыс ошағына айналды. Қалада күн сайын 1 500-ден астам ауыр қылмыс жасалды, оның ішінде күніне 6 -7 адам өлімі. Түнде көшеде жүру қауіпті еді. Метродағы қарақшылар мен қайыршылар тұрғындар үрейін күшейте түсті. Платформалар лас, жарық жоқ еді. Вагондар суық, адамдар қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын. Қабырғалар мен төбелер түгелдей боқауыз жазбаларға толы.

Қала тарихындағы ең көп қылмыс дәуірі осы кез еді. Содан кейін түсініксіз жағдай орын алды. 1990 жылы қылмыс деңгейі шыңына жетіп, күрт төмендеді. Адам өлтіру саны 2/3 – ке, ал ауыр қылмыстар саны жартылай азайды. Онжылдықтың соңына қарай метрода 75% - ға аз қылмыс жасалатын болды. Белгісіз себептермен онмыңдаған қылмыскерлер мен қарақшылар заң бұзуды тоқтатты.

Бұл ненің салдары? Сиқырлы «тежегішті» кім басты?

«Шағылған терезе» - бұл Уилсон мен Келлинг атты криминалисттердің еңбегі. Олар қылмыс тәртіп пен жүйенің болмауының нәтижесі деп есептеді. Егер ғимаратта бір терезе шағылған немесе лас болса, өтіп бара жатқан адамдар қалған әйнектерді де қажетсіз деп санап, сындырып кете береді. Көп ұзамай басқа терезелер де қирап, жазасыздық сезімі бүкіл елге тарайды. Жеңіл қылмыс - ауыр қылмысқа итермелейді.

Гладвелл әлеуметтік мәселелермен айналысады. Оның пікірінше, адам заңды нашар тұқым қуалаушылық немесе қате тәрбиенің салдарынан ғана бұзбайды. Оның айналасы оған орасан әсер етеді. Қылмысқа итермелеуі мүмкін.

Нидерланд әлеуметтанушылары бұл теорияны құптайды. Осыған байланысты олар бірқатар қызықты тәжірибелер өткізді. Мысалы, дүкеннің жанындағы велосипед тұрағынан қоқыс жәшіктері алынып, велосипед рөлдеріне парақшалар ілінді. Олар қанша адам көшеге сол парақшаларды тастайтының бақылай бастады. Велосипедтер қойылған дүкеннің қабырғасы таза болды.

Парақшаны 33% адам лақтырды.

Содан кейін тәжірибе қайталанды, бұл жолы велосипедтер тұрған жердің айналасына қоқыс қалдырып, қабырғаларға графити салынды.

Бұл жолы 69% велосипедші парақшаны жерге тастады.

Қылмыс дәуіріндегі Нью-Йоркке оралайық. 1980 жылдардың ортасында Нью-Йорк метросында басшылық ауысты. Жаңа директор Дэвид Ганн жұмысты граффитиге қарсы күрестен бастады. Бұл шараға бүкіл қала жұртшылығы қуанды деп айта алмаймыз.

– Маңызды мәселелермен айналысыңыз – техникалық проблемалар, өрт қауіпсіздігі, қылмыс... біздің ақшамызды босқа ысырап етпеңіз!

Бірақ Ганн табандылық көрсетіп өз әдісін іске асыра бастады:

– Граффити-бұл жүйенің құлдырауының белгісі. Егер біз ұйымды қайта құру процесін бастағымыз келсе, онда бірінші қабырғадағы жазбаларды жоғалту керек. Бұл шайқаста жеңіске жетпей, ешқандай реформа болмайды. Біз әрқайсысы 10 миллион доллар тұратын жаңа пойыздарды пайдалануға беруге дайынбыз, бірақ ебіз оларды талқандалудан қорғамасақ, не болатыны белгілі.

Ганн вагондарды тазартуға бұйрық береді. Әр вагон жұмысқа жіберілер алдында таза болуы басты міндет болады. Жұмыс күнінің соңында жуу пункттері орнатылды. Егер вагон қабырғаларында жазулар мен суреттер болса, дереу ауыстырылып отырды. Жазулары жуылмаған лас вагондар ешқандай жағдайда таза вагондармен араласпады. Ганн вандалдарға нақты хабарлама жіберді.

1990 жылы транспорт полициясының бастығы лауазымына Уильям Браттон тағайындалды. Ауыр қылмыспен айналысудың орнына, ол билетсіз жүргендерді қолға алды.

Жаңа полиция бастығы көптеген билетсіздер тәртіптің жоқтығының көрсеткіші болуы мүмкін деп есептеді. Бұл одан да ауыр қылмыстар жасауға итермелейді. Ол кездері метроны шамамен 170 мың жолаушы ақысыз қолданатын. Жасөспірімдер турникеттерден секіріп өтетін. Егер 2 немесе 3 адам жүйені алдаса, айналасындағылар (басқа жағдайда заңды бұзбайтын азаматтар) оларға қосылды.

«Біреу төлемесе, мен де төлемеймін».

- деген ой қалыптасты. Күннен күнге билетсіздер саны өсе түсті.

Браттон не істеді? Ол турникеттердің жанына 10 полиция қызметкерін қойды. Олар билетсіздерді бір-бірлеп ұстап, қолдарына кісен салып, платформаға тізді. Содан кейін оларды полиция автобусына отырғызды. Онда олардың саусақ іздері алынып, мәліметтер базасында тексерілді. Көпшілігінде қару болды. Басқалары заң бұзушылар болып шықты.

Уақыт өте адамдар метроға қару алып келу, турникеттен секіріп өту әдеттерінен арылды. Бұл жер асты жолындағы қылмыстың азаюына алып келді.

1994 жылы Рудольф Джулиани Нью-Йорк қаласының мэрі болып сайланды. Ол Браттонды транспорт басқармасынан алып, қала полициясының шерифі етіп тағайындады.

Полиция ұсақ құқық бұзушыларға қатысты түбегейлі қатаң ұстанымға ие болды. Қоғамдық орындардағы бұзақылықты түбегейлі жойды. Кім бос бөтелкелер лақтырды, қабырғаларды бояды, турникеттерден секірді – бәрі қамауға алынды. Егер біреу көшеде дәретке отырса, оны тікелей түрмеге жіберді.

Қалалық қылмыс деңгейі күрт төмендей бастады. Шериф Браттон мен мэр Джулианидің түсіндіруінше: «Кішігірім заңсыздықтар ауыр қылмыстарды жүзеге асырудың алғышарты».

– Өзіңнен мықты адамдардың ортасында болған жақсы … мінез-құлқы сіздікінен жақсы және үнемі жақсы қасиеттерін дамытып отыратын достарды таңдаңыз.

Уорен Баффет

Жерге тасталған бос шыны қоғаммен дұрыс жұмыс істемегеннің нәтижесі. Бір адамды лас жерден таза жерге ауыстырсаңыз, оның мінез-құлқының өзгергенін байқайсыз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар