Сенаттың ақыры: Тоқаев өзін президенттікке жеткізген палатаны не үшін таратпақ?

cover DALL-E нейрожелісі арқылы жасалды

Сенат — ондаған жыл бойы мәжіліспен бірге заң шығарушы билікті бөлісіп, аса беделді саясаткерлер аренаcы ретінде танылған орган. Енді ол тарих беттерінде ғана қалуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға қос палаталы парламенттен бас тартып, 2027 жылы референдум арқылы жоғарғы палатаның тағдырына нүкте қою жайлы ұсыныс жасады. 

Orda.kz сенаттың қалай пайда болғанын, қалай дамығанын саралап көрді.

Бір палатаның тарихы

Сенаттың алғашқы төрағасы — Өмірбек Байгелді. Ол палатаға 1996 жылы 30 қаңтардан бастап, парламент жұмысын бастаған сәттен 1999 жылғы 1 желтоқсанға дейін басшылық етті. Сол жылдары сенат институты алғаш құрыла бастаған еді.

1995 жылы тамыздағы референдумда қабылданған жаңа Конституция алғаш рет Қазақстанда қос палаталы парламентті енгізді. Жоғарғы палата ретінде сенат, төменгі палата ретінде мәжіліс бекітілді. 1996 жылғы 30 қаңтарда алғашқы сессия өткенде сенаторлар (әр облыстан және астанадан екеуден) сайланып, тағайындалды. Осылайша алғашқы құрам жұмысын бастаған болатын.

Айта кету керек, президент тек сенаторлардың бір бөлігін, дәл айтқанда, жеті адамды ғана тағайындай алатын еді.

1999 жылғы 1 желтоқсаннан 2004 жылғы 10 наурызға дейін төраға өкілетін Оралбай Әбдікәрімов атқарды. Ол ұқыпты, бірінші президентке адал саясаткер ретінде танылды.

1998 жылы Конституцияға өзгертулер енгізіліп, сенаторлық мерзім алты жылға бекітілді. Ал әр үш жыл сайын олардың жартысы жаңартылып отыратын болды. Жаңа аймақтардың өкілдерін сайлау да қайта жүгізілді. Осылайша сенат тұрақты, жүйелі түрде жаңартылатын жоғарғы палатаға айналды.

Содан кейін, 2004 жылы 10 наурыздан 2007 жылы 11 қаңтарға дейін сенатты Нұртай Әбіқаев басқарды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі болды. Оның келуі сенатты президенттің ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған орган ретінде санайтын қоғамдық пікірді күшейтті.

Алдыңғы бөлігіне сай, 2007 жылға дейін президент жеті сенаторды тағайындайтын. 2007 жылы оның квотасы 15-ке дейін ұлғайтылды. Көпшілік бұл қадамды Назарбаев билігінің күшейіп келе жатқаны деп және суперпрезиденттік басқару формасына түпкілікті өту деп бағалады.

2007 жылғы 11 қаңтардан 2011 жылғы 15 сәуірге дейін төраға қызметін дипломат әрі бұрынғы премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев атқарды. Осы кезеңде сенат тұрақты жұмыс істеп, ірі саяси дүрбелеңдерсіз өтті. Ол бұл лауазымға 2013 жылы 16 қазанда қайта оралып, 2019 жылы 20 наурызға дейін қызмет етті. Кейін президент болды.

2022 жылдан бастап «Жаңа Қазақстан» бағытындағы ауқымды бетбұрыс басталды. Тоқаев президенттік ықпалды барынша азайтып, парламент рөлін күшейту қажет екенін жария етті. Нақты қадамдардың бірі — тағайындалатын сенаторлардың санын 15-тен 10-ға қысқарту болды. Сондай-ақ олардың жартысынан (бес адам) Ассамблея ұсынатын адамдар етіп бекіту арқылы әртүрлі этностардың пікірін ескеріп жатқаны атап өтілді.

2011 жылғы 15 сәуірден 2013 жылғы 16 қазанға дейін палата төрағасы қызметін заңгер Қайрат Мәми атқарды. Ол көп ұзамай Жоғарғы сотқа ауысты.

Сонымен қатар, Конституциялық сот қалпына келтірілді (ол 1995 жылға дейін болған) және 2023 жылғы 1 қаңтардан қайта жұмысын бастады. 2024 жылы ол заңдар мен түзетулер бойынша мыңдаған өтініштерді қарап, шешім қабылдады.

Одан кейін төраға болып Дариға Назарбаева тағайындалды. Ол 2019 жылғы 20 наурыздан 2020 жылғы 4 мамырға дейін қызмет атқарды. Оның тағайындалғанын жұрт Назарбаевтардың ықпалының артуы деп санады. Алайда оның күтпеген жерден қызметтен кетуі Тоқаевтың саяси дәрежесінің күшеюін көрсеткен нышан болды.

2020 жылғы 4 мамырдан бері сенат төрағасы — Мәулен Әшімбаев. Ол 2023 жылғы сайлаудан кейін лауазымын сақтап, жаңа құрамдағы палатаға жетекшілік етіп келеді. Қазіргі жағдайға қарасақ, Мәулен Әшімбаев соңғы төраға ретінде тарих бетінде қалуы мүмкін.

Жаңа жылда жаңа референдум

Өзінің тарихында сенаттың талай саясаткері қоғам назарына ілікті. Қоғамдық пікір бойынша жоғарғы палата көбіне «саяси қарттар үйіне» айналып, қызметіне белсенді кезеңі өткен шенеуніктер мен саясаткерлерді жіберетін орын болған.

Сонымен қатар, ұзын құлақтар мен таныс-білістердің сөзіне қарасақ сенат пен мәжіліс шын мәнінде бір палатадай жұмыс істейтінін. Яғни, заң жобалары дау-дамайсыз, елеулі пікір қайшылығы мен ашық даусыз өтетінін олар атап көрсетті. Бұл жағдайға қарап екі палатаның маңыздылығына күмән тудыруға болады. Егер екі палата үйлесімді жұмыс істеп, нақты пікір талас жасамаса, қос палаталы парламенттің өзі қаншалықты қажеті бар? Айта кету керек, соңғы жылдары сенаторлар мен мәжілісмендердің келіспеген кездері де болды.

Парламент реформасы туралы сыбыстардың шыққанына көп болды. 26 маусымда Мәулен Әшімбаев палаталарды біріктіру немесе реформалау деген қауесеттер жайлы былай деген болатын:

«Ақпараттың кеңістікте анда-санда бұл жайлы әлдекімдер сөз қозғап тұрады. Турасын  айтқанда, кейде мұндай әңгімелерді тыңдап немесе оқып отырып күлкің келеді. Аймақтар мен әлеуметтік топтардың мүддесін білдіру тұрғысынан біз жақсы жұмыс істеп жатқанымызды атап өтуге болады. Біз жиындар өткіземіз, үкімет сағаттарын ұйымдастырамыз, заңдарды жақсарту мен елдің дамуына бағытталған заңнамалық өзгерістерге дайындық жүргіземіз».

Ол сол кезде парламенттің екі палатасы да белсенді жұмыс істейді деп есептейтін және заңдардың сапасы артып келе жатқанын айтып келді.

8 қыркүйекте халқына жолдаған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта бірпалаталы парламентке өту ұсынысын жариялады. Бұл ақпарат сайлаушылар үшін тосын жаңалық бола қоймады.

Президент шешім кең талқылауды қажет ететіні мен 2027 жылы референдумға шығарылуы мүмкін екенін атап өтті. Егер азаматтар бұл идеяны қолдаса, жаңа парламент тек партиялық тізімдер бойынша сайланатын болады.

«Әр жылдары он жылға жуық сенат төрағасы болып қызмет еткен кезім болды және сол жұмыстарды әрдайым үлкен мәртебе мен жауапкершілік ретінде қабылдадым. Сондықтан осы трибуннан парламент реформасы туралы айту маған оңай емес. Дегенмен бүгін мен елде алдағы уақытта бірпалаталы парламент құру туралы ұсынысымды білдіремін», — деді мемлекет басшысы.

Бұған дейін сенат өз жұмысын жалғастыра береді, ал мәжіліс заң шығарумен тыныш әрі толық түрде айналыса алады. Тоқаевтың сөзінше, саяси партиялар бұл кезеңді бәсекеге қабілетті болуға дайындалу үшін пайдалану қажет.

Ілгерілеу ме, әлде тығырыққа апарар жол ма?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, палаталарды біріктіру жаңа парламенттің өкілеттігін күшейтеді. Қазір сенат пен мәжіліс арасында бөлінген кадрлық тағайындаулар мен келісімдер бір ғана палатаға шоғырланады.

«Абсолютті немесе конституциялық топтың басым болғанына қарай оның партия жетекшісінің де салмағы артады. Егер мандат бөлу тәртібі өзгеріссіз қалып, бір партия жалпы мандаттың үштен екісінен астамын иемденсе, ал оның төрағасы парламентке өтіп мәжіліс төрағалығына ұмтылса, ол мемлекет бойынша шешуші тұлғалардың біріне айналады», – дейді саясаттанушы. 

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев өз партиялары бірпалаталы парламентке өту идеясын айқын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ұсынысты олар Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында да көтерген, алайда сол кезде Қазақстан халқы Ассамблеясында өткір пікірталастар болған. Сонымен қатар ол сенатты жай ғана тарату дұрыс емес деп есептейді. Сенат мәжілістің шешімдеріне белгілі бір сүзгі ретінде қызмет еткен. Оның ойынша, парламенттегі азғандай адамдар да белгілі заңдарға қарсы болған жағдайда сенат арқылы өз қарсылығын білдіре алған:

«Біз, әдетте, осы реформаның ауқымында сенатты жоймай, сол депутаттарды бірмандаттық парламентке қосу туралы ұсыныс жасауды ұсынамыз. Яғни, кеңейтілген бірпалаталы парламент болсын. Қадағалаушы қызмет болмай, өзара әрекет пен бірлескен жұмыс болсын», — деді Азат Перуашев

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының басшысы Карла Жаманқұлова президент бюрократия мен кедергілерден айрықша шаршағанын атап өтті. Сондықтан ол жасанды интеллект пен саяси реформаларға басты мән беріп отыр.

«Әрине, осындай шешімге келетінін білдік, әрі мен оны жеке өзім қуанышпен қарсы аламын. Жарайды, саяси партиялар құрайық. Мүмкін, партиялардың тек аты бар емес, шын мәнінде жүйелі жұмыс істеуі елдің саяси бағытын түрлі алып-қашпа әңгімелер мен уақытша жағдайға байланысты жасалған арандатулардан біршама қорғайтын шығар», — Карла Жаманқұлова 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ұсынылған реформа президент саясатының негізгі формуласын жалғастырып отырғанын атап өтті: «Күшті президент — ықпалды парламент — есеп беретін үкімет». Оның айтуынша, референдум өткізу — басты қағиданы айғақтайды: елдің болашағына қатысты шешімдер қоғамды жұмылдыра отырып, халықпен ақылдаса отырып қабылдануы тиіс.

Қариннің сөзінше, президент алдағы қадамдары жайлы алдын ала жария ете отырып, ашықтық пен жүйелілік танытып келеді. Дәл осылай 2022–2023 жылдардағы саяси реформаларда және АЭС құрылысына қатысты жоспарланған референдумда да халыққа ертерек хабарланған болатын.

«Мұнда ерекше атап өтер жайт — мәселе бірден Конституцияға өзгеріс енгізу немесе парламент сайлауын жариялау жөнінде емес. Ол — түпкі мақсат емес. Негізгі әрі басты мақсат — саяси жүйенің институттық негіздерін одан әрі нығайту. Сондықтан президент байыппен, кезең-кезеңімен алға жылжуды құптайды. Алдымен сарапшылар мен кең ауқымды қоғам талқысынан өткізу қажет», — деді Ерлан Қарин.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев әріптестерінен гөрі сындарлы пікір білдіріп, қосымша ойын да айта кетті. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірпалаталы парламентке көшу бастамасын көп күткен қадам деп бағалап, жаңалық емес екенін атап өтті:

«Бұл тақырып баяғыдан қозғалып жүрген мәселе. Мәселен, 2022 жылдың ақпанында Қаңтар оқиғасынан кейін „Қазақстанға қандай парламент керек?“ деген мақаламда бірпалаталы парламентті пропорционалды-мажоритарлық жүйе негізінде құру қажеттігін көрсеткенмін. Унитарлы мемлекет үшін қос палаталы парламент құбылыс ретінде сирек кездеседі. Қазақстанда оның пайда болуы 90-жылдардың басында бірінші президент пен Жоғарғы Кеңес арасындағы қайшылықтардың салдары болатын».

Сәтпаевтың пікірінше, егер сенат таратылып, бірпалаталы жүйеге өтсе, парламент спикері конституциялық иерархияда анағұрлым жоғары мәртебеге ие болады.

«Бұл — тағы бір негізгі лауазымның пайда болғанын білдіреді. Ол лауазымға тіпті экс-президенттердің де таласуға мүмкіндігі бар. Яғни, мәселе жүйені либералды қылуда емес, алдағы саяси процестерге бейімдеуінде жатыр», — дейді саясаттанушы. 

Ол сайлауды тек партия тізімдері арқылы өткізе берер болсақ, парламент сол күйі атқарушы билікке тәуелді болып қала беретінін айтты. Оның айтуынша, мұндай тәсіл тығырыққа тірейді. Өйткені жабық партия тізімдері сайлаудың заңдылығын бұзуы мүмкін. Сонымен қатар сайланған депутаттардың партия басшылығына тәуелділігін күшейтеді.

Саясаттанушы қаңтар оқиғасының бір себебі — сайлау алаңында халықтың шын наразылығын айтып, көңіл-күйін көрсете алатын шынайы оппозициялық партиялардың болмауы екенін еске салды. Ал жұрт дауыс беріп сайлайтын аймақтар болмаса және тәуелсіз кандидаттар қатыспаса, парламент тек қана биліктегі партиялардың «қолжаулығы» ғана болып қала береді.

 Автор: Артем Волков

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар