Ресейдің ұшқышсыз ұшатын аппараты Румынияның әуе кеңістігін бұзды

cover Фото: Румыния әуе күштері

Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) Румыния аспанында шамамен бір сағат бойы ұшып жүрді. Бұл жағдай Бухаресті жойғыш ұшақтарды көкке көтеруге және шекара маңында дабыл жариялауға мәжбүр етті. Бұл соңғы уақыттағы осындай ең ұзаққа созылған оқиға. Румыния шығыс шекарасындағы қорғанысын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Дронды тосып алу үшін алдымен F-16 жойғыштары әуеге көтерілді, кейін оларға неміс Eurofighter ұшақтары қосылды. Ұшқышсыз аппарат Тулча уезіндегі Килия Веке ауылына жақын маңда байқалды, дрон Румыния аумағына он шақырымға дейін кіріп кеткен. Кейін ол радарлардан жоғалып, Украина бағытына қарай ұшып кетті.

Румынияның қорғаныс министрі Ионут Мотяну F-16 ұшқыштары дронды атып түсіруге бір қадам қалғанын мәлімдеді — дрон тым төмен ұшқан. Шекара маңындағы тұрғындарға дабыл беріліп, қауіпсіз жерге жасырыну сұралды. Дрон бөлшектері қалуы мүмкін деген күдікпен шекара аумағына тікұшақтар жіберілді.

Румыния парламенті бұл жазда бейбіт уақытта да шекараны бұзған дрондарды атып түсіруге рұқсат беретін заң қабылдаған болатын. Алайда бұл заңды нақты қалай қолдану керектігі әлі толық айқындалмаған. Осы себепті нақты жағдайларда шешім қабылдау барысы баяу жүруі мүмкін.

Оқиғаға Украина президенті Владимир Зеленский пікір білдіріп, Ресейдің дрондарды әдейі жиі қолдана бастағанын және Батыс бұл әрекетке қатаң санкциялар мен қорғаныстық ынтымақтастықты күшейту арқылы жауап беруі керек екенін айтты. Ол бұл дрон шабуылдарын «Ресей тарапынан соғысты ашық түрде кеңейту» деп атады. «Ресей әскери күштері олардың дрондары қайда бағыт алып жатқанын және қанша уақыт ұшып жүре алатынын нақты біледі», – деді Зеленский.

Бұл оқиға Еуропада үлкен алаңдаушылық тудырды. Швеция бұл бұзушылықты «қабылдауға болмайтын» әрекет деп бағалап, Румыния НАТО мен ЕО мүшесі ретінде одақтастарының қолдауына сенуге толық құқылы екенін мәлімдеді. НАТО штаб-пәтері шығыс флангтағы қорғанысты күшейту жоспарлары бар екенін айтты — бұл аймақ Ресей шабуылдарының қысымына жиі ұшырап отыр.

Бұған дейін Польша аумағынан жеті дрон мен бір зымыранның қалдықтары табылғаны хабарланған болатын. Польша премьер-министрі Дональд Туск бұл жағдайды ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп бағалап, НАТО-ға ресми түрде жүгінді. Дабыл тоқтатылғаннан кейін Варшава қайтадан жоғары дайындық режимін енгізді: әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен радиолокациялық қондырғылар ең жоғары деңгейде жұмыс істеуде, Люблин әуежайы уақытша жабылды.

Айта кетсек, 18 наурыз күні Батыс Қазақстан облысына әскери дрон құлады. Алдымен дронды жергілікті тұрғындар тапты және оны ұшқышсыз ұшық аппараты деп ойлаған. Бірақ кейіннен оның ресейлік «Герань» дроны екені анықталды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар