Пандемиядағы Қазақстан саудасының жағдайы

cover

«Әкімің әділ болмаса, жұрт бұзылады, Саудаң әділ болмаса, нарық бұзылады», дегендей - ойлағанымыз нарық болғанда, 1992 жылдан бері сапасыз маталарға қарқ болып жүрміз. 30 жылға таяп қалған Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасының бүгінгі жағдайы халықты қатты алаңдатады. Себебі, әлемді жалмаған пандемия салдарынан сақал сипаған сауданың халі мүшкіл. Осы орайда халықтың көкейіндегі көкейтесті сұрақтарды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жолдаған едік, жауаптары төменде.

Еліміздің 2020 жылғы ЖІӨ үлесі қанша? Карантин ел экономикасына қаншалықты залал келтірді? Олардың орнын толтыру үшін қандай шаралар қабылдануда?

2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 30,5% -ті құрады.

Әлемнің бүкіл елдері сияқты Қазақстан да коронавирус індетінің теріс салдарларын сезінуде.

Алдын ала деректерге сәйкес, өткен жылы еліміздің ЖІӨ 2,6%-ке төмендеді. Бұл ретте төмендеу коронавирус індетінің таралуы салдарынан зардап шеккен салалардағы іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне байланысты болып отыр. Алайда, экономиканы қолдау шараларын белсенді жүзеге асырудың арқасында одан да көп төмендеп кетуіне жол берілмеді.

2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсу 2%-ті құрады. Атап айтқанда, құрылыс саласында 11,2% және ауыл шаруашылығында 5,6% деңгейінде жоғары өсу тіркелсе, өңдеу өнеркәсібі салалары 3,9% шамасында серпінді өсуді көрсетті.

Қызмет көрсету секторы 5,6%-ке дейін төмендеді. Негізгі төмендеу көлік және сауда саласында байқалды.

2020 жыл экономиканы қолдау шаралары белсенді жүзеге асырылды. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылды. Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Кредиттер бойынша төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды. Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары едәуір кеңейтілді. Кредиттерді жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру ұсынылды. Сондай-ақ, Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде салалық қолдау шаралары іске асырылды.

Нәтижесінде, жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн. адам қамтылды, 730 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-і кредиттік төлемдері кейінге қалдырылды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды.

Пандемия салдарынан экономиканың барлық салалары, оның ішінде қызмет көрсету саласы зардап шекті, осыған байланысты Үкімет, ҰБ және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бағдарламаларын әзірледі.

2020 жылдың қорытындылары бойынша COVID-19 вирусының таралуына және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, сыртқы күйзелістердің салдарынан инфляцияның 2021 жылғы белгіленген дәлізден жоғары дәрежеде қалыптасты. Алдағы жылдары инфляцияның қалыптасуы нысаналы бағдарлар шеңберінде жүргізілетін болады. Теңгерімді экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін келесі жылдары Ұлттық Банк инфляцияны тарихи жол берілетін инфляцияның құбылмалылығын көрсететін ортамерзімдік мақсат деңгейіне дейін, 3-4%-ке кезең-кезеңмен төмендетуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты 2021-2022 жылдарға нысаналы бағдар 4-6 % деңгейінде сақталады.

2023 жылдан бастап инфляцияның неғұрлым бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 4-5 % аралық бағдар орнатылады.


Проценттік саясат жиынтық сұранысты ынталандыруға бағытталған іс-қимылдар мен баға тұрақтылығын қолдау қажеттілігі арасындағы теңгерімге қол жеткізуді ескере отырып, сыртқы және ішкі нарықтағы жағдайдың өзгеруіне жауап ретінде базалық мөлшерлемені реттеуге бағытталатын болады.


Қорғас сауда кеденіндегі тауар айналымы 2020 жылы қандай болды? 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш қанша пайызға кеміген?

2020 жылы тауар айналымы 39,5 млн АҚШ долларын құрап, 2019 жылғы кезеңмен салыстырғанда 85% - ға төмендеді.

Қорғас сауда кеденіндегі тауарды әкету процесіндегі проблемаларды шешудің қандай жолдары бар?

Бүгінгі күні «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағынан тауарларды әкелу проблемалары олардың үлкен ағымына және жеке тұлғаларға қатысты бақылауды жүзеге асырудың күрделілігіне байланысты (күніне шамамен 5000 адам), осыған байланысты осы мәселені шешу мақсатында Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінен тұратын штат жасақтап, сондай-ақ адамдарды есепке алу жүйесін енгізу жөніндегі ҰҚК ШҚ қолданыстағы жүйесімен интеграциялау қажет.

Шетелден инвестиция тарту мақсатында шетелдік бизнесмендерге жағдай қарастырылған. Мемлекет оларды қандай салықтан босатады?

2021 жылға дейін салық салу бөлігінде инвестициялар тартуды ынталандыру үшін қолданыстағы Салық кодексінде мынадай жеңілдіктер мен преференциялар көзделген:

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 80-тарауына сәйкес инвестициялық келісімшарт негізінде инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым:

- корпоративтік табыс салығын 100 процентке азайтады;

- инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0 коэффициент қолданылады;

- Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берілген нысандар бойынша мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді.

Осы жеңілдіктерді қолдану үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысымен Қызметтің басым түрлерінің тізбесі бекітілген.

Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрін жүзеге асыратын АЭА қатысушылары үшін мынадай салық жеңілдіктері көзделгенін атап өту қажет:

- жер салығы;

- мүлік салығы;

- жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы;

- корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту;

- АЭА аумағына өндіріс процесінде толық тұтынылатын тауарларды өткізу кезінде қосылған құн салығының (ҚҚС) нөлдік мөлшерлемесін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында негізгі құралдарды жаңартуға, өндірісті жаңғыртуды ынталандыруға бағытталған шаралар жүйесі көзделген.

Қазақстан Республикасының Салық кодексінде инвестициялық салықтық преференциялар (бұдан әрі – ИСП) көзделген.

ИСП преференциялар нысандарының құнын шегерімге жатқызу және (немесе) реконструкциялауға, жаңғыртуға арналған кейінгі шығыстар түріндегі салық жеңілдіктері көзделген. Арнайы салық режимдерін қолданатын акцизделетін тауарларды өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын АЭА аумағында тіркелген салық төлеушілерді қоспағанда, заңды тұлғалар қолдануы мүмкін.

ИСП нысандарына қатарынан үш салық кезеңі ішінде табыс алуға бағытталған қызметте пайдаланылатын ҚР аумағында алғаш рет енгізілетін өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар, машиналар мен жабдықтар жатады.

Шығындарды ауыстыру мерзімі 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Анықтама ретінде: шығындар салық төлеушінің таңдауы бойынша нысан пайдалануға берілгенге дейін не нысан пайдалануға берілгеннен кейін шегерімге жатқызылады.

2021 жылдан бастап қолданыстағы салықтық жеңілдіктерден басқа мынадай жеңілдіктер мен преференциялар енгізілді:

Қызметтің бастапқы кезеңінде инвесторларға жүктемені төмендету арқылы жаңа инвестицияларды тарту, сондай-ақ жаңа өндірістерді дамытуды ынталандыру мақсатында инвестициялық салықтық кредит көзделген, ол өсімақы есептемей, КТС және мүлік салығын төлеуді 3 жылға кейінге қалдыруды көздейді. Ол пайызсыз болып табылады, бірақ инвестициялық бағдарлама орындалмаған жағдайда, өсімпұл есептелуі мүмкін.

Яғни, тиісті келісім жасасқан компания үш жыл ішінде КТС мен бюджетке төленуге тиісті мүлік салығын төлемейді, ол қаражатты инвестициялық жобаны іске асыруға жұмсайды.

Сондай-ақ, инвестициялар тартуды ынталандыру үшін инвестор үшін жаңа инвестициялық келісімшарт – инвестициялар туралы келісім көзделген.

Салық кодексінде АЭА аумағында инвестициялар туралы келісім жасасқан инвестор үшін инвестициялар көлемі кемінде 7,5 млн. АЕК болған кезде инвестициялар туралы келісімнің қолданылу мерзіміне салықтық жеңілдіктердің тұрақтылығы көзделген.

Анықтама ретінде:

АЭА аумағында инвестициялар туралы келісім жасасқан инвестор үшін мынадай салық жеңілдіктері көзделген:

- жер салығы;

- мүлік салығы;

- жер қатысушыларын пайдаланғаны үшін төлем;

- корпоративтік табыс салығын 100 процентке азайту;

- АЭА аумағына өндіріс процесінде толық тұтынылатын тауарларды өткізу кезінде қосылған құн салығының (ҚҚС) нөлдік мөлшерлемесін қолдану;

- бір АЭА аумағында қатысушылар арасындағы сату бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босату.

АЭА-ның қолданылу мерзімі өткен жағдайда, жоғарыда көрсетілген жеңілдіктер Келісімнің қолданылу мерзімінің соңына дейін сақталады.

АЭА аумағынан тыс инвестициялар туралы келісім жасасқан инвестор үшін инвестициялар көлемі кемінде 15 млн. АЕК болған кезде КТС-тен, жер салығынан және мүлік салығынан 10 жыл мерзімге босату көзделген.

Бұл ретте КТС, жер және мүлік салықтары бойынша жеңілдіктерді қолдану мерзімі өткеннен кейін жиырма бес жылдан аспайтын инвестициялар туралы келісімнің қолданылу мерзімі шегінде көрсетілген салықтар бойынша салық төлеушінің салық міндеттемелерін азайту мүмкіндігі қосымша беріледі. Салық төлеушінің салық міндеттемелерін азайту инвестициялық жобаны іске асыру кезеңінде жүзеге асырылған нақты шығыстардың жиырма пайызынан аспайтын мөлшерде жүргізіледі.

Бұдан басқа, мақтаны қайта өңдеуге ҚҚС есептелген соманы 70% - ке азайту бойынша норма көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, отандық дайын өнімді өндіру көлемін ұлғайтуды ынталандырады.

Экспорт кезінде ҚҚС қайтару рәсімін жеңілдету мақсатында отандық өндірушілер үшін тексерусіз 50% мөлшерінде, тексеруден кейін 50% ҚҚС-ын оңайлатып қайтаруды қолдану құқығы берілді.

Сондай-ақ, бір АЭА аумағында қатысушылар арасында сату бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босату көзделген.

Экономистердің айтуынша, біздің елімізде салық көлемі едәуір көп болғандықтан, жеке кәсіп ашу тиімсіз. Сондықтан шетелден кәсіп ашқан тиімдірек екен. Осы орайда отандық жеке кәсіпкерлердің салық мөлшерлері қанша? Мұндай проблемалардың алдын алуға қандай іс шаралар ұйымдастырылған?

Қазақстанның салық жүйесі ТМД-дағы ең озық болып саналады.

2009 жылы Салық кодексіне өзгерістер енгізілді, онда корпоративтік табыс салығы (КТС) 30%–тен 20%–ке дейін, қосылған құн салығы (ҚҚС) -13%-тен 12%-ке дейін, әлеуметтік салық – 13%-тен 11%-ке дейін төмендетілді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік салық 9,5%-ке дейін төмендетілді.

ЭЫДҰ елдерінде КТС мөлшерлемелері 20%-тен 40%-ке дейінгі мөлшерді құрайды (АҚШ – 40%, Франция – 38%, Жапония – 33%, Германия-30%, Норвегия-27%, Канада 26%, Финляндия 20%). Ресей – 20%, Беларусь – 18%, Қырғызстан – 10%, Арменияда – 20%, ал ҚҚС – 15% – тен 27% – ке дейін (Ресейде – 20%, Беларусьте – 20%, Қырғызстанда-12%, Арменияда-20%, Өзбекстанда-15%).

Салыстыратын болсақ, Қазақстанда сипатына қарай барлық салық түсімдерінің қомақты үлесін құрайтын КТС және ҚҚС мөлшерлемелері жоғары емес.

Шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық салудың жеңілдікті сипаты бар арнаулы салық режимдерінде (бұдан әрі – АСР) мөлшерлемелер неғұрлым төмен болып табылатынын атап өткен жөн, атап айтқанда:

- Патент негізінде АСР бойынша – жеке табыс салығы (ЖТС) 1% (сауда саласында ЖК қолма – қол айналымы үшін мөлшерлеме-2%). Әлеуметтік салық төленбейді;

- Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР бойынша салық
мөлшерлемесі 3%;

- КТС тіркелген шегерімін пайдалана отырып АСР бойынша – 20%, бірақ төлеуші шығыстар сомасына 30% мөлшерінде тіркелген шегерімді енгізуге құқылы;

- 2020 жылдан бастап бірыңғай жер салығы (БЖC) – 0,5% мөлшерлемесі бойынша айналымнан алынады;

- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін АСР бойынша жеке кәсіпкерлерге ЖТС үшін салық мөлшерлемелері – 10% және заңды тұлғаларға КТС – 20% (10 % - өз өндірісінің тауарлары үшін).

Бюджетке есептелген салық сомасының 30% төленеді (КТС, әлеуметтік салық, көлік және мүлік салығы).

Қазақстанда 2019 жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жұмыс істейді.

Режим бейресми жұмыспен қамтылған адамдарға кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қала және ауыл тұрғындарының табыстарындағы айырмашылықты ескере отырып, қала тұрғындары үшін БЖТ сомасы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2021 жылы 2 917 теңгені, ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК-1 458 теңгені құрайды.

Бұл шара жарналар сомасын дербес есептеуге, бухгалтерияны жүргізуге, салық есептілігін тапсыруға мүмкіндік береді.

АСР қолданатын бизнес субъектілері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап (3 жыл мерзімге) табыс салығынан босатылғанын атап өткен жөн.

Жеке/корпоративтік табыс салығы (төлем көзінен басқа), әлеуметтік салық және шаруа және фермер қожалықтары үшін бірыңғай жер салығы табысқа салынатын салық болып табылады.

Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек салықтың жаңа арнайы салық режимі енгізілді.

Режимді қолдану үшін алынған табыстың 3% мөлшерінде төмендетілген салық мөлшерлемесі белгіленген.

Осы режимді қолданатын салық төлеушілер айналым мөлшеріне қарамастан ҚҚС төлеушілер болып табылмайды және әлеуметтік салықтан босатылады.

Режим дағдарысқа қарсы шара ретінде 2 жылға есептелген. Қызмет түрлері «Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 ақпандағы № 30 қаулысымен бекітілген.

Салық төлеушілердің салық сомаларын шегеруге, түзетуге құқығы бар.

Мысалы, ЖТС/КТС табиғаты тек алынатын таза табысқа ғана салық салудан тұрады, өйткені ЖТС/КТС бойынша салық салынатын табыс түзетулер мен шегерімдерді ескере отырып, жылдық жиынтық табыс арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Бұл дегеніміз, егер есепті шығындар кірістерден асып кетсе, салық төленбейді.

Сондай-ақ өткен жылдардан залалдар сомасын ауыстыру мүмкіндігі көзделген, ол кейінгі 10 жылда салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.

Яғни, шығынды кәсіпорындар салық ауыртпалығын көтермейді.

ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу бойынша міндеттеме ҚҚС бойынша шегіне жеткен жағдайда туындайды.

Осылайша, Салық кодексінде бизнесті жүргізу үшін қолайлы салық режимі құрылған.

Неліктен елімізде соңғы жылдары шетелдік жеке кәсіпкерлер көбейіп кетті?

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 30-бабының
1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалар атынан, олардың тәуекел етуімен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметi дара кәсіпкерлік болып табылады.

Өзге жеке тұлғаларға дара кәсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады.

Жоғарыда баяндалғанға байланысты, шетелдік дара кәсіпкерлер дара кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды және Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра алмайды деп пайымдаймыз.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік саясат жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеуді және басқаруды жүзеге асыратын немесе құзыретіне тиісті мәселелерді шешу жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес өз құзыреті шегінде нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қатысты нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме бере алады.

Мұндай түсіндірмелердің міндетті заңдық күші болмайды және ұсынымдық сипатта болады.

Дариға Асқар

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар