Онлайн оқу: балалар заңсыз еңбек күші ретінде жегілуде

cover

Халықаралық еңбек ұйымының статистикасына сүйенсек тек дамушы елдерде 5 және 14 жас аралығындағы 250 миллионға жуық бала жұмыс істеуге мәжбүр. Оның 153 миллионы Азияда, 80 миллионы Африкада және 17 миллионы Латын Америкасында тұрады.

Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда, 16 жасқа толмаған жеткіншектің еңбегін пайдалануға тыйым салынады. Пандемия және одан кейінгі экономикалық дағдарыс пен еңбек нарығындағы күйзелістер адамдардың өмір деңгейіне үлкен әсер етуде. Өкінішке орай, бірінші кезекте зардап шегетін - балалар.

ЮНИСЕФ айтуынша пандемияға байланысты әлемде жаһандық білім беру төтенше жағдайы пайда болды. Оның салдары экономика мен қоғамда ондаған жылдар бойы сезілетін болады. Сарапшылардың айтуынша, мектептердің ашылуын шегере беруге болмайды. Бұл баланың оқуға талпынысын басады. Нәтижесінде балалардың болашақта жоғары жалақы алатын жұмысқа орналасу мүмкіндігі төмендейді және кедейлік ықтималдығы артады. Мектептің орнына жұмысқа барған бала білімнен жұрдай болады. Ақшаны тек қарапайым жұмыспен табуға бейімделеді.

Дағдарыс миллиондаған балаларды заңсыз жұмыс істеуге итермелеуі мүмкін. Өкінішке орай, Қазақстанда ережеден тыс жайт болмады. Керек зат үшін жұмыс істеп ақша табуға мектеп оқушысына онлайн сабақ кедергі бола алмайды. Оларды жұмысқа алатын жауапкершілігі кем азаматтар саны да азаймай тұр.

«2020 жылдың бірінші тоқсанында республиканың барлық аймақтарында білім беру органдары ішкі істер органдарымен бірлесіп 5000-нан астам рейдтік іс-шаралар өткізді, оған 130 000-нан астам адам қатысты. Осы кезеңде 12000-ға жуық нысандар (саяжайлар мен фермалар, жертөлелер, теміржол және автовокзалдар, ойын-сауық орындары, компьютерлік дүкендер, көршілер, базарлар, жанармай құю бекеттері және автомобиль жуу машиналары) зерттелді.
Рейд нәтижелері бойынша еңбек шартын жасамай-ақ, балалар еңбегін пайдалану фактілері Жамбыл (даяшылармен - 1), Қостанай (тауарларды сату - 1) облыстарында анықталды. Көріп отырғандай, жеңіл жұмыс күшінің жекелеген түрлеріне белгіленген жасқа (14 жас) толмаған азаматтарды жұмысқа алу, жұмыс берушілердің еңбек шарттарын орындамау фактілері белгілі болды», - деп хабарлайды gov.kz

Кәмелет жасқа толған студенттер мен дипломы бар азаматтар жұмыссыз қалып жатқан жағдайда мектеп оқушылары нарықта неге сұранысқа ие? Бұл аксиома емес. Мәселе мектеп оқушыларына еңбек кітабын ашу, еңбегіне сай жалақы төлеудің қажет еместігінде.

Мамандардың айтуынша жұмыс кезінде жарақат алу сияқты физикалық проблемалар балаға психологиялық тұрғыдан теріс әсер етеді. Сонымен қатар оқшаулану мен әлсіздік сезімін тудыруы мүмкін. Алдыңғы зерттеулер жұмыс істейтін балаларды немқұрайлылық жаулап, эмоционалдық қысым мен әлеуметтік оқшауланудан зардап шегетінін көрсетті.

Статистика мен фактілер

Айдос М. Алматы облысы Қарасай ауданындағы Кемертоған ауылының тұрғыны. Ол - 9 сынып оқушысы. Әкесі жоқ, анасымен бірге тұрады. Мектептен бос уақытта Айдос «Асыл-Арман» тұрғын үй кешенінде жедел пицца жеткізуші болып істейді. Бір жұмыс ауысымында табатыны - 5000 тенге. Баланың енбекке бейімделіп ақша тапқаны дұрыс деп айтатындар болуы мүмкін. Десек те, Айдос ақша табумен айналысып жүріп оқу үлгерімін төмендетіп алды.

Біз ол оқитын мектеп директорына хабарласқан едік. Ал білім ошағының басшысы:

«Бұл ақпарат жалған. Мен өзім «Асыл-Арманда» тұрамын. Бірнеше рет үйге жеткізуге тапсырыс бергенмін. Бірақ менің оқушыларымның пицца тасып жүргенін көрмеппін. Ондай жағдайдың орын алуы мүмкін емес», - деп жауап берді.

Біздің редакция Айдос жұмыс істейтін «Суши&Пицца» компаниясына 9-сынып оқушысының атынан хабарласып жұмыс сұрады. Тұтқаны алған адам хабарласып отырған мектеп оқушысы екеніне қарамастан бір бос вакансия бар екенін айтты. Редакция онымен ғана шектеліп қоймай, пиццерияға жақын маңайда орналасқан көлік жуу орнындарына хабарласты. Тұтқаны көтерген төрт жердің екеуі мектеп оқушысын жұмысқа алуға дайын болды. Айта кетсек, көлік жуушы вакансиясы мектеп оқушылары арасында сұранысқа ие.

Психолог Гүлмира Сапиева да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, әркімнің балалық шағы қызықты өтуі керек, баланы ерте бастан еңбекке жегуге болмайды. Бала білім алуы тиіс, ал еңбекке ерте араласу оның психикасын бүлдіреді, дейді Сапиева.

«Бала ерте бастан ақшаға құнығады да, барлық шаруаны тек ақша үшін істейтін болады. Жақсы істері үшін баланы ақша беріп ынталандыруға мүлде болмайды, мұның салдары ауыр болады», - дейді Гүлмира Сапиева.

Қазақстан Балалар қорының өкілдері «Бала еңбегін пайдалануға қарсы тұру және Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мигрант балалардың құқықтарын қорғау» жобасы аясында бірнеше жыл бұрын елдің темекі алқаптарын аралаған. Олардың айтуынша, жұмыс істеп жүрген балалардың саны азайып келеді. Бірақ, Қазақстанда еңбек етіп жүрген бала санына қатысты нақты деректерді табу мүмкін болмады. Бірде-бір мемлекеттік мекеме бұл мәселе бойынша статистика жүргізбейтін болып шықты.

Орталық Азия бала еңбегі мәселесі шешілмеген аймақ қатарына жатады. Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының айтуынша, әлемдегі еңбекке жегілген 215 миллион баланың 115 миллионы қауіпті жағдайда жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы – ер балалар.

Қазақстанда бала еңбегі заңсыз деп танылып, тыйым салынған.

Мектеп оқушысына білім алу мен жеке дамуға ғана көңіл бөліп, тұлға ретінде қалыптасатын әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Жедел ақша табуға дағдыланбай, болашақ кәсібіне керек қасиеттерді дамытқан оқушының қоғамға әкелетін пайдасы көп. Балаға өмірлік бағыт-бағдар беретін бірінші кезекте мектеп қабырғасы. Сондықтан мұғалімдер, білім ошағының директоры мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары көмекке мұқтаж әр оқушымен жеке жұмыс жүргізуі тиіс. Бала еңбегін пайдалануға қарсы бірқатар шаралар ұсынылуы керек. Оның ішінде жасөспірімдерді жан-жақты әлеуметтік қорғау мен жағдайы төмен отбасыларға жеңілдікпен несие беруді қарастырған жөн. Еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдары да қадағалауды күшейтуі тиіс.

Мұхит Тұрсынәлі

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар