Нұр-Сұлтанның қысын әдемілеу үшін бөлінген миллиондар бір компанияның қалтасына түсті

cover

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тікелей эфирде қалаға мұз қалашық салып, Жаңа жылға орай әсемдеу үшін бюджеттен қанша теңге бөлінгенін айтпаған еді. Осы сұрақты қойған журналистердің бәріне әкім «жазбаша жауап береміз» деп әңгімені қысқа қайырып отырды.

ORDA. әкімнің жазбаша жауабын күтпей-ақ, қаладағы үш ауданның әкімдігі мұз қалашық пен шыршаға қанша қаражат бөлгенін және үш ауданның миллиондаған лотын бір ғана компания жеңіп алғанын анықтады.

Алматы ауданы бойынша ақпарат біраз БАҚ бетінде жарияланған. Себебі, лот ертерек, қарашаның 19-ы күні жарияланған. Мұз қалашық салып, оны күтіп ұстау үшін Алматы ауданының әкімдігі 80 миллион 375 мың теңге бөлген. Оны "NEW LEVEL (НЬЮ ЛЕВЕЛ)" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Лот 2020 жылдың 19 қарашасы күні таңғы сағат 09.00-де жарияланып, сол күні тура кешкі сағат 18.00-де аяқталған. Конкурсқа бар-жоғары екі компания ғана қатысып үлгеріп, соның екіншісі, яғни, "NEW LEVEL» жеңімпаз атанды. Бұл – бірінші сәйкестік.

Мемлекеттік сатып алу сайтынан алынған скриншот

Қаланың ескі ауданы  - Сарыарқа әкімдігі желтоқсанның төрті күні «Эстетикалық әдемілеу» жөніндегі лот жариялайды. Лоттың құны 79 миллион  937 мың теңге, жеңімпаз тағы да сол "NEW LEVEL» ЖШС-сы.

Конкурсқа осы компанияны қосқанда, бес компания қатысқан. Олар «БИА-строй» ЖШС, "A-Event KZ" ЖШС, «ИП PR - "Капитал Медиа" компаниясы, "БИО-ЦЕНТР Астана" ЖШС, "NEW LEVEL (НЬЮ ЛЕВЕЛ)" ЖШС компаниясы. Бұл – екінші сәйкестік.

Мемлекеттік сатып алу сайтынан алынған скриншот

Енді Байқоңыр ауданының тура осындай лотына назар аударайық. «Эстетикалық безендіру жөніндегі қызметтер» деген лоттың құны 72 миллонн 429 мың теңге. Алматы ауданы сияқты, Байқоңырдың әкімдігі де лотты тоғызыншы желтоқсан (Сарыарқа ауданы бойынша дәл осындай конкурс аяқталғаннан кейін бір күннен соң - авт) күні таңғы сағат 09.00-да жариялап, кешкі сағат 18.00-де конкурсты жапқан. Бір күн ғана өткен конкурсқа бес компания қатысып үлгерген, олардың үшеуі алдыңғы конкурсқа қатысқан компаниялар:  «Қарсақ-2015» ЖШС, БИО-Центр Астана» ЖШС, «ИП PR - "Капитал Медиа" компаниясы, "Verena Tech Research" ЖШС мен "NEW LEVEL» ЖШС-сы. Осылайша, үшінші сәйкестікті атап өтуге болады.

Мемлекеттік сатып алу сайтынан алынған скриншот

Яғни, Нұр-Сұлтанның үш ауданы мұз қалашық салып, қаланы эстетикалық безендіру үшін конкурсты өте қысқа мерзімде, тіпті, екі аудан бір күн ішінде өткізген және үш аудан бойынша басқа компаниялардың қатысқанына қарамастан, бір компания жеңімпаз атанып отырған. Алматы ауданының мұз қалашық үшін бөлген 80 миллион теңгесі мен екі ауданның қаланы эстетикалық безендіру үшін бөлген 79 және 72 миллион теңгесін қоссақ, бір компания айналдырған бір ай ішінде қала бюджетінен 232 миллион 741 мың теңгеден астам қаржыға шарт жасасқан.

Батпан құйрыққа тап болып отырған қандай компания?

Компанияның аты -   "NEW LEVEL» ЖШС. Ресми тіркелген мерзімі 2016 жылдың 16 қаңтары. Иесі - БОРОВИНСКИЙ НИКОЛАЙ ЮРЬЕВИЧ. Компания өз сайтында «14 жылдан бері кез келген қиын тапсырысты орындап келеміз» деп мақтанып отыр. Галереясына осы уақытқа дейін безендірген компанияларның, болмаса, қаладағы көшелердің суреттерін жариялап қойған. Арасында телеарна да, Нұр-Сұлтанның халқы көп серуендейтін Есіл өзенінің жағасындағы қашаның да суреті бар.

«Біздің серіктестер» деген айдарына қарасақ, компания өңкей алыптармен жұмыс істейді екен: серіктестерінің арасында ірі құрылыс компаниясы BI групп компаниясы да, ҚазМұнайГаз-да, RIXOS қонақ үйі де, Nur Bank қаржы мекемесі де бар. Ең бастысы, әкімдіктің бір емес үш ауданы бойынша ең ірі лоттардың бірін ұтып алып отырған компания қалалық әкімдікпен серіктестік орнатқан.

Осы мәліметтерді сәйкестендіре отырып, қала басшысы Алтай Көлгінов аудандардың жаңа жылдық безендіруі мен мұз қалашыққа бөлген қаражатты және өзге де мәліметтерді қатты жасырғаны түсінікті сияқты. Бір қарағанда, бәрі заң жолымен өтсе де, үш ауданның конкурсын бір компанияның жеңгені, конкурста таңертең жарияланып, кешке аяқталғаны күдік тудырады.

ORDA. алдағы уақытта осы мәселеге қатысты қала әкімшілігіне ресми сауал жолдап, түсініктеме алуға тырысады.

Автор: Күнімжан Айдарқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар