Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғай ма?

cover

Қазіргі таңда Қазақстанда 690 мыңға жуық адам мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатарында есепте тұр. Қоғамдағы бұл әлжуаз топтың бүгінгі жағдайы да мәз емес. Айықпас дертке шалдыққаны да, төсекке таңылғаны да, дене мүшесінен айрылғаны өз алдына, олар үшін тіпті қоғаммен байланысу қиынға соғады. Дәрісіне қаржы таппай қиналғандарға кім көмектеседі? Мүгедектерге көмек көрсетіп, жұмыспен қамтамасыз ететін арнайы мекемелер бар ма?

Осы және өзге де сұрақтарға Orda.kz жауап іздеп көрді.

Біріншіден, ерекше адамдар жай ғана қалыпты өмір сүруге ұмтылып, қалың құжат жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздырады. Оған шамасы жетпегендер, өкінішке орай, тірі жанның назарынан тыс қалып, өмірмен қоштасуға мәжбүр. Аталмыш оқиғаға байланысты жағдайлар Қазақстанда аз емес.

Неге көмек көрсетілмеді?

Еске сала кетейік, 11 тамыз күні дәл осы мүгедектерді елемеу салдарынан Медет есімді жігіт қайтыс болды.

Марқұм Медет – церебралды сал ауруына шалдыққан ІІ топтағы мүгедек. Церебралды сал ауруымен өмір сүретін адамдарда көру, есту, сөйлеу, қимылдауында қиындықтар бар. Ол денесіндегі ақауларға қарамастан тұрмыс тіршілігіне араласа алатын. Шәй қою, пеш қосу секілді қарапайым заттарға икемі болды. Дегенмен де, жақыны жоқ жетімге мүгедектігі болғаны үшін көмек мүлде келмеген.

Әлеуметтік желі қолданушысы Асылбек Қараевтың айтуынша, жергілікті әкімдік Медетті қараусыз (медициналық көмексіз) қалдырып, салдары мына заманда аштан өлуіне әкеп соқтырған.

- Бұл қазақ азаматының артында сұраушысы жоқ деп ойлаған шығарсыңдар. Жоқ. Бәрің заңмен жауап бересіңдер. Әкім Қайдар Әбдіханов, мынау не сұмдық? -деп Қараев ашынып сұрады.

Қаңғыбас ит сияқты

Өліні қайтара алмайтынымыз анық, бірақ жұмыс істеуге жарамды, ақыл-есі дұрыс, өмірден күдерін үзердей болып  жүрген мүгедек адамдар да жетерлік.

Соның бірі  – 47 жастағы Ранита Жұмашева. Ол ауырғанға дейін заңгер және колледжде оқытушы болып жұмыс істеген. 30 жасында есту қабілетін айрылып, кейіннен мүлде саңырау болып қалған. Денсаулығы күн санап нашарлаған Ранитаның салмағы қазір небәрі 30 келі.

Айналасындағылардың әңгімесін ести алмайтын мүгедектің басында баспанасы жоқ. Пәтерақы төлеуге ақшасы жетпегендіктен, туыстарының үйін жағалап жүр. Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан мекемеде еден жуып жүрген Ранитаның жалақысы 35 мың теңге. Мемлекеттен берілетін жәрдемақыны (35 675) қосқанда Ранитаның бір айлық табысы 70 675 теңге.

Оның айтуынша, тапқан қаражаты дәрі-дәрмектен артылмайды. Шыдамы таусылған 18 жастағы қыздың анасы Тоқаевқа үндеу жасады. Ашынған ана мемлекеттен мардымды көмек алмаған жағдайда өзін «Ақорданы алдында өртемеймін» деген.

– Мен мүлде саңырау, ауру және панасыз 35 мың теңге жәрдемақысы бар мүгедек болғаныммен, олардың пікірінше, мен мемлекеттен тұрғын үй алушылардың ешбір санатына жатпайды екем. Қызым 18 жаста, кедейліктің тауқыметінен бейшара баланың да жағдайы нашарлай бастады. Көзі нашар көріп, омыртқасы қисая бастаған. Өкіметтің көмегін алу үшін қайғылы оқиға орын алу керек сияқты. Мен адамдардың құқықтарына нұқсан келтіретін заңға ашулымын. Мен шарасыздықтан, Ақорданың алдында өзімді өртеуге де дайынмын. Қаңғыбас ит сияқты қайда өлсем де бәрібір, - деді Жұмашева.

Ал шенеуніктер Ранита Жұмашеваның есту қабілеті нашар III топ екенін атап өтті. Тұрғын үй кезегіне қосылуға тек І және ІІ топтағы мүгедектер құқылы, бірақ ІІІ емес.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қалай жұмысқа тартылады?

Тиісті квоталарды жергілікті атқарушы органдар «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес, ауыр, еңбек жағдайы зиянды және қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшерінде белгілейді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүгедектерге өз кәсібін ашу үшін қарастырылған жеңілдіктер бар екендігін алға тартты.

- Еңбекке жарамды мүгедектерге  жеңілдіктер қарастырылған. 2017-2019 жылдар аралығында аталмыш жобаны жүзеге асыруға 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Конкурсты ұтып алған кәсіпкерлерге 291 700 тг мен 583 400 тг аралығында қайтарымсыз несие беріледі, - деді кәсіпкерлер палатасының байланыс қызметіндегілер.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарында да мүгедектерді  назардан тыс қалдырмаған. Электрондық еңбек биржасы сайтында оларға арналған түрлі жұмыстарға бос орындар көрсетілген. Атап айтатын болсақ, сайтта жоба менеджері, көлік жүргізушісі, наубайшы, диспетчерлік сынды түрлі жұмыстар бар. Ал жалақы мөлшері - 70 мыңнан  240 мың теңгеге дейін.

Сонымен қатар, бұл мәселені азаматтық қоғам дәрежесінде шешуге тырысып жүрген тұлғалар аз емес. Солардың бірі ретінде дәрігер-анастезиолог Азамат Базыловты айтуға болады. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз ету үшін дәмхана ашқан. Дәмханада құлағы естімейтін жандар ғана қызмет атқарады. Өзінің айтуынша, аталған істі бастауына жақындарының жағдайы себеп болған.

- Менің жүрегіме ең жақыны - менің отбасым. Ағамның есту қабілеті нашар және үшінші топ мүгедектер санатына жатады. Ол 40 жасқа келсе де, жұмыс табуы қиын. Ағамның әйелінде де осындай қиындықтар бар. Оларға қарап, есту қабілеті нашар адамдарға қолдау көрсетіп, еңбек саласына бейімделуге көмектескім келетінін түсіндім, - дейді әлеуметтік кәсіпкер.

Азамат Базыловтың айтуынша оның қол астындағы даяшылардың ай сайынғы жалақысы 100 мың теңге, ал аспазшылар 120 мың теңге көлемінде алады.

Ресми мәлімет

inva.gov.kz сайтының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек Қазақстанда 696 464 мүгедек бар. Ал оның 85 237-сі  - балалар. Жарымжандардың көпшілігі Түркістан облысында екені анықталды. Олардың саны – 95 363 адам.

2021 жылдың соңғы 6 айының қорытындысы бойынша  «Еңбек»  мемлекеттік бағдарламасы  аясында 11,6 мың мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтылған.

Осы бағдарлама аясында 158 адам шағын несие алса, тағы 524 мүгедектігі бар адамға қайтарымсыз грант бөлінді.

Халықаралық тәжірибе негізінде, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға жұмыс берушілердің орташа шығынын ұлғайту енгізілді.

2021 жылға көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 251,8 млн теңге сомасына 113 арнайы жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 19,3 млн теңге игеріліп, 9 арнайы жұмыс орны құрылды.

Авторы: Аружан Төлебай

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар