Марафоншы Жыланбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы сот ісін жеңіп шықты

cover

Әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы «ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау» ісі бойынша сотта жеңіп алды.

«Жаңа жыл жеңіспен басталды! Жаңа ғана «Ар-Бедел» ҚҚ-ның Марат Жыланбаевқа қандай да бір түсініксіз әрекеттерге тыйым салу туралы талабы бойынша азаматтық процесс азаматтық істі тоқтатумен аяқталды. Марат Жыланбаев және біз – оның адвокаттары Абзал Құспан екеуміз жеңдік. Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Расул Қарағаевқа объективтілігі үшін жеке алғысымды білдіремін!» деп жазды Facebook парақшасында танымал адвокат Бауыржан Азанов.

Естеріңізге сала кетейік, Жыланбаевтың ісі 2021 жылы Назарбаевтың атына сын айтқаны үшін сотқа түскен болатын. «Ар-Бедел» ҚҚ атақты спортшының жарияланымдары «саяси көшбасшының қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікір қалыптастыруға, жалпы ҚР-дағы саяси жүйеге теріс көзқарасқа әсер етуі мүмкін» деп есептеді.

Марат Жыланбаев бір жарым жыл ішінде әлемнің үш ірі шөлін жалғыз жүгіріп өтумен танымал. Ол супермарафондар жасады: 1992 жылғы сәуірде 20 күнде азиялық Қарақұм арқылы 1,2 мың шақырым; 1993 жылғы ақпан мен наурыз аралығында 24 күнде африкалық Сахара арқылы 1,7 мың шақырым; 1993 жылғы қараша мен желтоқсан аралығында 22 күнде австралиялық Үлкен Виктория арқылы 1,6 мың шақырымды бағындырды.

Ол әлемдегі осындай жетістікке қол жеткізген жалғыз адам – ол орнатқан рекорд шамамен 30 жыл бойы бұзылмай келеді.

Сондай-ақ, спортшы төрт күннің ішінде Еуропаның ең биік нүктесіне көтеріліп, Эльбрус шыңына (теңіз деңгейінен 5642 м биіктікте) шықты. Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордсмені.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар