Макс Боқаевқа үш жылға әкімшілік бақылау тағайындалды

cover

22 қаңтарда Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінде көшпелі сот өтті. Сот қамаудағы белсенді Макс Боқаевқа түрмеден шыққан соң әкімшілік бақылау тағайындау туралы Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті  өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Макс Боқаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева Азаттыққа хабарлаған.

Адвакаттың сөзінше, белсенді  апелляциялық шағым түсіреміз депті. Сотта Макстың өзі «мен өзімді саяси тұтқынмын деп санаймын. Кінәлімін деп есептемеймін. Қоғамдық ұйымдар, халықаралық ұйымдар, мыңдаған адам ісімнің саясиланғанын біледі. Департаменттің өтініші де мені саяси көзқарасыма байланысты қудалап жатқанын дәлелдей түседі» дегенін жеткізді адвокат.

Бұған дейін соттың онлайн түрде өтетіні белгілі болды. Оған бақылаушылар мен ақпарат құралдары қатыса алатындығы да хабарланған. Бірақ кейінірек сот «интернет байланысы нашар» деп процесті түрменің өзінде өткізуді шешті. Сотқа  бақылаушылар қатыса алған жоқ. Макс Боқаевтың жазасын өтеу уақыты 4 ақпанда аяқталады.

Макс Боқаев 2016 жылдан бері түрмеде отыр. Ол бес жыл бұрын Атырауда  жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдіргендердің арасында болған.  Кейін бұл наразылық  басқа өңірлерде жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

Сол кездегі жер реформасына қарсы митингіге Макс Боқаев пен Талғат Аян қатысқан. Екеуі де бес жылға сотталды. Оларға  «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыптар тағылған.

 2019 жылғы шілдеде Атырау қалалық соты Талғат Аянды өз өтінішімен жазадан толық босатты. Ал «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген Макс Боқаев жазасын өтеуді жалғастырған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар