Ұлт үшін күрес: Қанмен келетін дүниені өзгертуге бола ма?

cover

Жақында Майя Бекбаева Қазақстан Халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Жаңа орынға келмей жатып, Бекбаева ұлт наразылығына тап болды.

Майя Бекбаева

Ол өзінің Instagram парақшасында 2020 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Халық Ассамблеясының отырысындағы мәселемен бөліскен. Кейіннен, 15 қарашада аудитория оны «халық жауы» санап, біреудің сөзін өзіне іліп қойғанын әлеуметтік желілерінде хабарлады.

Ескере кететін жағдай: 13 қарашадағы жазба ешбір әлеуметтік желіде жоқ. Жазба өшірілген.

Деректерге сүйенсек, 2020 жылдың 13 қарашасындағы Қазақстан Халық Ассамблеясының отырысында Тараз қаласының №34 орта білім беру мектебінің директоры Динара Нуралиева азаматтарға өз қалауымен жеке куәліктеріне ұлтына «қазақ» деп жаздыруды ұсынды. Бұл ұсыныс Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналды.

Әлеуметтік желі қолданушылары, әдеттегідей, екі лагерьге бөлінді. Бірі – бұл «отандастарымыздың санын арттырады» десе, енді бірі – «этностық ерекшеліктің жойылып кету қауіпі бар» деп сендірді. Ал үшінші тарап, тіпті, мектеп директорының қазақ және орыс тілдерінде әрең сөйлеп тұрғанын сынға алды.

Гульмира Абықай

Журналист, Гульмира Абықай «Қазақ әлде Қазақстандық?» деген жазбасында адамдардың пікірін білуді жөн көрген. Ол өз пікірін отандық арналардың бірінде білдірген. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының ұлтын Қазақстандық деп өзгерту еліміздегі түрлі ұлт өкілдерімен бірегейлікті сақтайды, ұлттық араздықтың болмауына септігін тигізе алуы мұмкін дейді.

«Қазақтың ұлты – қазақ деп жазылсын, ал өзге ұлт өкілдері қаласа ұлтын – қазақстандық деп алсын», - дейді журналист.

Осы тұста «қазақ» деген ұлт екенін және «қазақстандық» деген азаматтық екендігін еске салған жөн.

Азаматтықты мемлекет ішінде тұрақты тұратын кез келген ұлт өкілі ала алады. Сонымен қатар, жеке куәліктерінде ҚР Конституциясының 19 бап 1 тармағына сәйкес азамат өз еркімен ұлтын көрсету не көрсетпеу құқығына ие.

Мұхтар Тайжан

Сондықтан, бұл тұста азаматтық пен ұлт мәселесінің аражігін ажыратып алған дұрыс. Жалпы, өзге ұлт өкілдерін қазақ ретінде жаздыруға қоғам қайраткері, Мұхтар Тайжан өз жазбасында қарсы пікір жазды:

«1. Ұлт дегеніміз ойыншық-таңдау емес, ол туғаннан қанмен келетін дүние. Ұлтты азаматтығымен шатастыруға болмайды. Адамның азаматтығын айырбастауға құқығы және мүмкіндігі әлбетте бар болуы жөн. Ал ұлтты адам өзі таңдай алмайды, ол туғаннан берілетін зат. Ұлтты адамның өз таңдауымен өзгерту - ешбір елде жоқ нәрсе.

2. Екіншіден, қазақ ұлтын таңдауға жол ашатын болсақ, ертең қытайлар болсын, басқалар болсын келіп "мен де қазақпын" деп шыға келсе, бұл жер менікі деп айтса не істейміз? Құжат бойынша ол да қазақ болады ғой!

3. Ертең елде санақ науқаны басталады, сонда Қазақстанда қазақтардың, басқалардың саны қанша қайдан білеміз? Қазақ ұлты өз біртектілігін жоғалтса - Ұлттық мемлекетті қалай құратын боламыз?», - дейді.

Мұхтар Тайжанның айтуынша, Ассамблеяның бұл шешімі теріс әсер етпесе, қазіргі жағдайды оңалтпайды.

Бұл жағдайды қоғам белсендісі, журналист Максим Рожин да айналып өтпеді. Өзінің Facebook әлеуметтік желісінде «ұлтты төлқұжатта өзгертсек, не өзгереді?» деген сауалға жауап жазған:

«Осы сәтте барлығымыз бір сұраққа жауап іздейікші: ұлтты төлқұжатта өзгертсек, не өзгереді? Нақты тізіп берсеңіздер. Елде, халықта,қазақ даласын мекендеген әрбір азаматта не өзгеріс болады? Егер мен шатассам айтыңыздар.

Ал меніңше өзгеріс болмайды. Қазақ тілін білмейтіндер қазақша сөйлеп кетпейді, жемқорлар жойылып кетпейді, экономика қарқынды дамып кетпейді, теңге бағамы доллармен тең болып кетпейді. Солай ма? Ал олай болса, популизмді ысырып тастап, елге пайдалы ұсыныс жасайық», - дейді Максим Рожин.

Заңгер Абзал Құспан отандық бағдарламалардың бірінде өзімізді өзге елдермен салыстырудың қажеті жоқтығын айтқан болатын. АҚШ-ын мысалға келтірмес бұрын, америкалықтар эскимостарға үстемдік жүргізгендерін еске алу қажет. Ал қазақтар өзінің байырғы ата-мекенінде тұрып жатқандығын алға тартқан.

Сапаға айналмаған сан, жеме жемге келгенде сан болудан қалады. Сонымен қоса, заңгер халқымыздың санын арттырамыз деп, оның сапасына мән бермейтіндігімізге қынжылды.

Көріп отырғандарыңыздай Ассамблея ұсынысын қолдаушылар да, оған қарсы шығушылар да бар. Алайда, екі жақ тараптың да ойы «ұлттық код» мәселесімен шектеліп тұр.

Кез келген қазақстан азаматы қазақстандық болса, ұлттық код пен этникалық бірегейлік жойылып кетпей ме?

Этнограф, заңгер және әскери дәрігер, Талғат Омар:

«Мен бұл ұсынысқа толыққанды қарсымын. Біз орыстілді қазақтар мен орыстарды қазақша сөйлете алмай жүргенде. Олар ұлтын – қазақстандық деп өзгертіп, бірден қазақша сөйлеп, қазақ болып кетпейді. Қазақ халқы өзі әлсіз халық. Егер бұл ұсыныс қабылданса, қазақтар не болатынын білмеймін. Жойылып кетуіміз әбден мүмкін», - дейді.

Талғат Омардың пікірінше, ұсыныс білдірушілердің ештеңесі кетпейді, салдарынан қазақтар зардап шегеді.

Қазақстанда 1999 жылы 7 млн 971 мың өзге ұлт өкілі тіркелген, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 12 млн 250 мыңға жеткен.

Қоғам белсенділері өз пікірлерін ашық алаңдарда айтып жүр, ендеше ұлт өкілдері бұл туралы не ойлайды?

Сурия Худярова, ұйғыр ұлтының өкілі:

«Негізі мүмкіндік болса ауыстырғым келеді. Себебі мен бұл жерде тұрамын, менің өмірім осында. Ал егер шеттен келсем, онда ойланар едім. Біздің үкімет тұрғындарына барлық жағдайды жасап беріп жатқан жоқ».

Ал екінші респондент (сұхбат беруші- ескерту ORDA) ұлтын өзгерткеннен ештеңе өзгермейді деген ойда. Галина Викторовна, орыс ұлтының өкілі:

«Менің азаматтығым қазақ, мен Қазақстанды жақсы көремін.  Бірақ ұлтымды өзгертпес едім. Ата-анам орыс болса, мен қайдан қазақстандық боламын?», -дейді.

Галина Викторовнаның айтуынша, қазақстандық деген ұлт емес, ол азаматтық. Ал өзге ұлт өкілдеріне азаматтықты алу жеткілікті.

Надежда Лоус, неміс ұлтының өкілі:

«Жақсы ұсыныс екен. Алайда, ол туралы ойлану қажет. Ұлт ауыстыру ойын емес, себебі әрқайсымыздың арғы тегіміз бар»,- дейді.

Айта кетсек, қазіргі таңда Ассамблеяның ұсынысы сынға алынып, тіпті «Қазақстан Халық Ассамблеясын жабу керек» деген пікірлер шығып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін 2006 жылы Қазақстан Халық Ассамблеясы үштілділік мәселесін көтерген.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар