Кісі өлтіру ісі бойынша Бақиевтердің досы ұсталды

cover

Қырғызстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысын өлтіру ісі бойынша Бақиевтердің досы ұсталды.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Медет Садырқұловты өлтіру ісі бойынша Максим Бақиевтің (Қырғыз Республикасының экс-президенті Құрманбек Бақиевтің ұлы)  досы саналатын Санжар Сапарбеков ұсталды, деп хабарлайды 24.kg

 «Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Медет Садырқұловты өлтірді деген күдікке ілінген Санжар Сапарбеков Бішкектегі уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деп хабарлады жексенбі күні Қырғызстан ішкі істер министрлігі. Тәртіп сақшыларының айтуынша, айыпталушы 26 қарашада ұсталған.

«Күдікті дереу уақытша ұстау изоляторына қамалды, содан кейін астананың Бірінші Май аудандық сотының тергеу судьясы Санжар Сапарбековке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Ол 2022 жылдың 26 ​​қаңтарына дейін уақытша ұстау изоляторында болады» деп хабарлады елдің ІІМ.

1980 жылы туған Санжар Адылбекұлы Сапарбековтың Бішкек қаласының тумасы, кикбоксингтен спорт шебері екені атап өтілді.

«Тергеу деректері бойынша ол Максим Бақиевтің досы болған» делінген хабарламада.

Садырқұлов пен  Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры Сергей Слепченко және жүргізуші Кубат Сулайманов 2009 жылы 13 наурызда Бішкек маңында болған жол апатында қаза тапты.

 «Адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты бойынша Ош облысының жұмыссыз тумасы Омурбек Осмонов айыпталды. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырып, колонияға жіберді. 2010 жылғы сәуір оқиғасынан кейін Омурбек Осмонов өлтірілді. Мәйіт Бішкек маңындағы жаңа ғимараттардың бірінен табылды. Белгісіз біреу оған 11 рет пышақ сұққан. Бұл айуандық пен үш кісінің өлімі Бақиевтер кланы құлағаннан кейін ғана ашылды» деп жазады басылым.

Тергеу мәліметтері бойынша, Садырқұловтың көлігі шекара бекетінен өтіп, оны Қырғызстанның ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы мен ІІМ Бас басқармасының қызметкерлері, Мемлекеттік күзет қызметінің (МҚҚ) бұрынғы және қазіргі қызметкерлері тоқтатқан.

 «Жолаушылар президент Бақиевтің бұрынғы менеджері Құрманбек Темірбаевтың саяжайына жеткізіліп, сол жерде өлтіріліп, кейіннен апат ұйымдастырылды» делінген хабарламада.

Аталғандай, 2011 жылы Ішкі істер министрлігі бастығының орынбасары Мелис Тұрғанбаев бұл іске 26 күдікті қатыстырылғанын, 17 адам ұсталғанын, оның ішінде полиция қызметкерлері мен Мемлекеттік күзет қызметі бар екенін хабарлаған.

«Кісі өлтіруге тапсырыс беруші Құрманбек Бақиевтің ағасы Жаныш Бақиев болып шықты», - деп жазады басылым.

Еске салайық, Құрманбек Бақиев билікке 2005 жылы президент Асқар Ақаев үкіметіне қарсы «қызғалдақ төңкерісі» нәтижесінде келген, бірақ ол да 2010 жылы тақтан тайдырылып, бұрынғы президент сияқты елден қашып кеткен болатын. Қазір Бақиев Беларусь елінде саяси қуғында жүр. Өз елінде ол екі қылмыстық іс бойынша сырттай 49 жылға бас бостандығынан айырылған, басқа қылмыстық істер  бойынша да іздеуде.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар