Көшеде тұратын қыздар азайды. Оңай жол - онлайн жезөкшелік пе?

cover

Осы және де басқа сұрақтарға ORDA. жауап іздеді.

Бүгінде көлеңкедегі «көбелектер» бизнесінің (секс индустрия – ескерту ORDA.) құрықталуы туралы жаңалықтар саны қарқынды түрде төмендеп келеді. Бұл пандемия салдарынан жеңіл жүрістілердің азайғандығын білдіре ме?

Айта кетейік, пандемия «көбелектер» бизнесіне айтарлықтай шығын келтірмеді. Тек заңдастырылмаған кәсіп локдаунның алдында әдеттегі форматын жаңа форматқа ауыстыра бастаған.

Ертеректе Саин көшесін айтып дал болсақ, ендігіде Сейфуллин көшесі тілге тиек болған. Түркісіб ауданындағы Сейфуллин көшесінің қонақтары күн санап азайып келеді. «Көбелектер» онлайн форматтағы жұмысқа көшкен. Жоқ, ойлағаныңыздай қашықтағы кәсіп емес.

Онлайн форматтағы жезөкшелік

Смартфондағы қосымшалар (ДругВокруг, Badoo, Tinder) және әлеуметтік желілердегі таныстық алаңдары арқылы жеңіл жүрісті қыздар мен қызмет алушылар бір-бірімен сутенерсыз байланысқа шығады. Демек, ұйымдастырушы тарап өзінің пайызынсыз қалады.

Қазір «көбелектер» қыздар клиенттерімен хабарласып, Абылайхан көшесіндегі пәтер берушілерден сағатына пәтер алады. Хәлдері мүшкіл деуге келеді. Сағатына 5000-7000 теңге көлемінде ақша алатын жеңіл жүрісті қыз 2000 теңгесін пәтерге беруі керек. Кейде қызмет алушылар өздеріне шақырып қалады, ол лотерея ұтып алғанға тең.

Салдарынан біраз бардельдер мен притондар жабылған. Бірақ ол көбелек қыздарға еш әсер етпеді. Тек сутенерлер шығынға батты. Ал қыздар тәуелсіз кәсіп иесі атануда.

Үйреншікті пішім қалай өзгерді?

Есеп-шот жүргізіп бас қатырғысы келмейтіндер мен өзін жеңіл жүрісті қыз екендігін мойындаудан бас тартатындар массажист атануда. Бұрын соңды ешқандай сертификаты болмаған жас-қыздар элиталы SPA орталықтарда өз қызметтерін көрсете алады.

Жұмыс іздеу барысында адамдар жалақысы жақсы массажист вакансияларына тап болады. Жұмыс жағдайы керемет. Бәрін өздері үйретеді. 200 мың-600 мың теңге көлемінде жалақы береді. Жылжымалы жұмыс кестесін құрады. Басты талап – 18-35 жас аралығындағы тартымды бойжеткен болу.

Сәуле (аты өзгертілген):

«Мен 30 жасымда тұрмыс құрдым. Кейіннен бірден балалы болдық. Күйеуім жалдамалы жұмыстарға шығатын. Біз төменгі ауданда айына 30 мың теңге төлеп жертөледе тұрдық. Жалдамалы жұмыс болғандықтан, ақша бірде бар, бірде жоқ. Қарызға белшемізден баттық.

Көрші қызбен әңгімелесіп отырғанымызда ол жалақысы көп жұмыс ұсынды. «3-4 сағатқа кеңсеге барып, массаж жасайсың. Өздері бәрін үйретеді, кейін де керек болып қалуы мүмкін» деді. Негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда, бір жасар баламен жұмысқа шығу қайда?! Ақша жоқ болған соң, барып көрейін дедім.

Кеңседе мені жасы 40-тар шамасындағы апай күтіп алды. Барлық талаптармен таныстырды. Жұмыс жеңіл көрінді. Алайда мұнда бірақ мәселе туындады. Массаж түрі – боди массаж деп аталды. Мұнда тәніңді іске қосып, клиенттің басынан аяғының ұшына дейін массаж жасайсың.

Шынымды айтайын, бірден бір түрлі болып қалдым. Маған мен тек массажист болатындығымды түсіндірді. Ол «жеңіл жүрісті қыздар кәсібі емес» деп сендірді.

Алғашқы күні 15 мың теңге алдым, екі күнде пәтерімнің ақысын төледім. Өзімді-өзім сендіріп, осы кәсіпте аяққа тұрып алғанша қалуға бел будым. Балам өскенше, шығып үлгерермін.

Қазір күйеуім кәсібімді білмейді. Әйтеуір ақшадан қиналып жатқан жоқпыз», - дейді.

Еске салсақ, соңғы кездері бардельдер массаж салонының атын жамылып жүргені анықталған.

Әдеттегі онлайн формат та деформацияланды

Көлеңкеде қалған ең қымбат бизнес түрі – модель болу. Нақтырақ айтсақ, веб-модель қызметі.

Боди массаж сияқты бұл вакансия да іздеу жүйесінде жиі жарнамаланады. Сондықтан да, модель карьерасын бастаушылар осындай агенттіктерге жиі ұрынады.

Бұл формат жоғарыдағыға қарағанда, тіпті жақсы. Ешкім сенің тәніңе қол тигізбейді. Сағатына емес, минутына ақша аласың. Кейде тіпті тәніңді ашу қажет емес. Бірақ неше түрлі адам бар.

Гүлнәз (аты өзгертілген):

«Кішкентайымнан модель болуды армандадым. Алайда, сырт келбетім стандартқа келмеді. Бос вакансияларды қарап, еш үмітсіз суреттерімді жібердім. Сөйтсем жасымды сұрап, бірден кеңсеге кел деді. Қуанғаным соншалық, қалпағымды көкке көтердім.

Қаланың ортасындағы соңғы үлгідегі кеңсеге шақырды. Тым сымбатты 30 жастағы ер адам күтіп алды. Барлық талаптармен таныстырды. «Модель 17:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта студияға келіп, трансляцияға небәрі 4 сағатқа шығады. Эфир бір немесе бірнеше адамды қамтуы мүмкін. Жалақы аптасына бір рет 500-1500 АҚШ доллары көлемінде беріледі. Бәрі жұмыс істеуіңе байланысты. Көрермендер шетел азаматтары. Көбіне АҚШ, Еуропа және Азия елдерінен қосылады» деді.

Шетелдік көрермен жинап, өз мансабыңды бастау кез келген адамның арманы ғой деп ойладым. Бірден еш ойланбай келістім. Сол күні таныстыру сабақтары жүрді. Бағдарлама өте жеңіл. Модель оператормен бірігіп жұмыс істейді. Екеуінің тіл табысуы оларға табыс әкеледі. Оператор білікті болса, модельдің мансабы өрге өрлейді десең болады.

Жұмыс ұнады. Күліп қойып, эфирде уақыт созсаң жеткілікті. Бір апта солай өтті, кейіннен клиенттер бір түрлі заттар сұрай бастады. Көбіне топтық эфирлерге шығатынмын. Былай айтқанда, өзіңді ересек адамдардың киносындағы актриса сезінесің. Біртіндеп барлығы күрделене берді. Бірақ мұндай ақша ешқандай жерде төлемейтінін білдім. Кейіннен таныстарым біліп қойды, міне жарты жыл болды мансабым жайына қалды. Сол жерге кетірген энергиямды оқуыма арнауға бел будым», - дейді.

Еске салсақ, 2019 жылы Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың қызы Алия Шагиева дауға іліккен. Себебі, бойжеткеннің веб модель болып қызмет көрсету кезіндегі суреттері желі ішінде таралып кеткен.

Елімізде жезөкшелерге қолданылатын заң бар ма?

Тақырып аясында заң өкілдерінен де кеңес алуды жөн көрдік. Олардың айтуынша, өз тәнін саудаға қоюшылар ешқалай жазаланбайды, ал сутенерлер қылмыстық кодекстің 309-бабы (жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша жазаға тартылады. «Көбелектер» әкімшілік құқықбұзушылықпен шектеліп, 5 АЕК (1АЕК- 2778 теңге) айыппұл төлеп, ескерту ғана алады.

Ал деформацияланған «көбелектертерге» байланысты құқық қорғау органдары ештеңе айта алмады. Осыған қарағанда массаж салондары мен модельдік агенттіктердің әкімшілері жазаға тартылмайды.

Қарап тұрсаң тәнін саудаға қоямын деушілерге түрлі әдіс бар: клиентті өзің табасың, саған тауып береді, онлайн ба, оффлайн ба, әлде қашықтан ба?!

Ендеше 2001 жылы рұқсат етілген кәсіп неліктен әлі де көлеңкеде жүр?

Еске салсақ, 2011 жылы Карим Масимовпен өткен онлайн-конференцияда көлеңкедегі бизнесті заңдастыру туралы ұсыныс білдірілген. Кейіннен 2016 жылы жезөкшелер президентке ресми рұқсат сұрап, хат жолдаған. Барлығы бір ауыздан «қоғамда бар дүниені жасырып, тынысын тарылтудың қажеттілігі жоқ» дейді.

Бірақ көше бойлаған арулар көрсеткен қызметі үшін алған пайызын бөліскісі келмей, тәуелсіз жұмыс істей бастады.

Қазір көлеңкедегі бизнесті көз көрмесе, біраз уақыттан соң түрленген бизнес бізді байқаудан бас тартуы мүмкін бе?!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар