Арыстанбек Мұхамедиұлының тергеу изоляторында жатқанына жарты жылға жуық уақыт болды. Ол бюджет қаражатын ұрлады және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің деректері бойынша залал сомасы шамамен 7 млрд теңге болды. Сонымен қатар, Ұлттық музей директорына «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін», «Қазақ энциклопедиясын» және «Қазақстандық мәдениет ғылыми-зерттеу институтын» жекешелендіруге заңсыз берді деген айып тағылып отыр. Orda.kz Мұхамедиұлының отбасы мен оның айналасындағылардың қандай мүлікке иелік ететінін анықтап көрді.

Қайрат Сатыбалды мен оның сыбайластары миллиардтап тонағаны үшін қылмыстық жазаға тартылды. Назарбаевтың немере інісі «Қазақтелеком» мен «Көліктік сервис орталығына» келтірілген материалдық шығынды толықтай өтеген. Сатыбалды және іске қатысы бар басқа да фигуранттар жәбірленуші тараппен медиативтік келісімдер жасасқан, олар шамамен 40 млрд теңгені қайтарып берді. Orda.kz редакциясы Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасы неге иелік ететінін, сондай-ақ мемлекетке материалдық шығын ретінде не ұсына алатынын анықтауға бел буды.

Құжаттарды қарау барысында бір қызық жағдайға кез болдық, бұрынғы мәдениет және спорт министрі отбасының бірнеше миллион долларлық активтерін Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталғанға дейін бірнеше апта бұрын сатқан немесе бір адамға берген болып шықты. Спойлер: нысандардың бірі жекешелендіруге заңсыз берілген компаниялардың тізіміне кіреді.

«Дипломат» қонақ үйі, «Қазақ энциклопедиясы» және колледж

Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова ұлдары Жандос және Дінмұхаметпен бірге «Alem Corporation» ЖШС-ға иелік етеді. Қазір компанияның ресми сайты ашылып тұрған жоқ, бірақ интернеттің ештеңені ұмытпайтынын естен шығармау қажет, сондықтан да ортаазиялық корпарация туралы ақпараттарға қол жеткізу қиын емес.

Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасы/ Фото total.kz

ЖШС елордада 2012 жылдың қыркүйегінде құрылды, компания «Astana Inter Art»/»Астана Интер Арт» продюсерлік орталығы деп аталды. Оның бастауында «Прогрессивтік даму», «Менің Қазақстаным», «Қазақ қағанаты» және одан басқа 30-ға тарта картиналар авторы, суретші Арнұр Қарымсақов тұрды. Әр жылдары ол мәдениет және спорт министрлігіне қарасты кәсіпорындарда басшылық қызметтер атқарды.

Бір жарым айдан кейін директордың продюсерлік орталықтағы креслосын философия докторы (PhD), Қазақстанның 2050 жылға дейінгі мәдени саясат тұжырымдамасы мен «Кинематография туралы» заңын әзірлеуші авторлардың бірі Андрей Хазбулатов алды. Ол да Мұхамедиұлының төңірегіндегі адам болған. 2019 жылы Мәдениет министрлігінің бұрынғы басшысы оны ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталықтың басқарма төрағасы етіп тағайындады.

Кейінірек Astana Inter Art Назигүл Бекенованың қолына өтті, содан кейін оның серіктесі Ләззат Нұрғалиева пайда болды. Дәл осы екі әйел басшылық қызметте болған уақытта кәсіпорын ірі активті жекешелендірді. 2015 жылдың қазан айында Бекенова тағы да компанияның жалғыз иесі болып қалды. Төрт жылдан кейін ғана Astana Inter Art жарғылық қатысу үлесі қайтадан бөлінді, жаңа құрылтайшы аздаған уақыт Мұхамедиұлының әйеліне тиесілі басқа компанияны – «Tulpar Resort» ЖШС-ны басқарған Санат Сағидоллаев болды.

2020 жылдың 26 тамызында ғана Astana Inter Art атауы Alem Corporation болып өзгерді, ал құрылтайшысы және директоры Ғалия Ысқақова болды. Кейінірек ол өзінің жарғылық капиталындағы үлесін өзі мен ұлдары арасында бөлді.

 Egov.kz

Сәуір айының ортасына дейін Alem Corporation Холдингтік тобы мыналардан тұрды:

  • KAZAKH ENCYCLOPEDIA – кітап өнімдерінің бай ассортименті бар салмақты баспа ісі.
  • Alem study – студенттерге шетелге оқуға түсуге көмекші орталық.
  • Alem IT pro – озық технологияларды, сараптамалық білімді, кәсіпқойлықты және қызметкерлердің тәжірибесін пайдалана отырып білім беру.
  • Alem Languages – Астанадағы тіл орталығы.
  • Alem Travel – жергілікті немесе шетелдік ұйымдар мен жеке тұлғалар үшін іскерлік, спорттық және жеке сапарларды ұйымдастыру.
  • Alem Tutor – жеке репетиторлық қызмет.
  • Қазақстандық Швейцариялық-Американдық колледж – Астанадағы көпсалалы мансаптық колледж.
  • Alem Educational Systems – талапкерлерге арналған портал.
  • Diplomat қонақ үйі және бизнес орталық – Астанада Мәңгілік ел көшесінде орналасқан.
  • THE FAMILY CAFÉSI – Орталық Азия, еуропалық және американдық тағамдардың жайлы отбасылық мейрамханасы.

Корпорация мемлекеттік сатып алу сайтындағы тендерге бір рет қана қатысқан. Олар мәдениет және спорт министрлігіне ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған мәдени бағдарлама сайтын әзірлеу және сүйемелдеу бойынша қызметтер ұсынған, ол үшін алдымен 6 160 000 теңге, содан кейін бір айдан кейін жасалған қосымша келісім шеңберінде тағы да сонша теңге алды. Оларға республикалық бюджеттен ақша төленді. Техникалық сипаттамада сайт Мәдениет министрлігінің ресми интернет-ресурсымен интеграциялануы керек деп жазылған. Тендер өткізілмеген сатып алулар бойынша бір көзден берілген.

Осындай үлкен активтерге қарамастан, салық аударымдарына қарағанда, корпорация ісі аса мәз емес секілді. Осы жылы компания бір тиын да төлемеген. Мұның себебі кенеттен сатылған немесе бір қолға берілген активтер болуы мүмкін. Сәуір айының ортасынан бастап «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, «Қазақстан Швейцария-американдық колледжі» ЖШС және «Дипломат» қонақ үйінің жаңа құрылтайшысы пайда болды. Арман Байқадам өзінің филологиялық білімімен танымал, ол тіпті қазақ тіліне арналған латын әліпбиі нұсқасы авторларының бірі болды. Ол сондай-ақ тұрғын үй кешендерін салудан және қоғаммен қарым-қатынасқа көмектесуден бастап, аралас ауыл шаруашылығы мен IT-технологияларға дейінгі барлық нәрселермен айналысатын бірнеше холдингтерді басқаратын өте жолы болғыш кәсіпкер.

kgd.gov.kz

Айта кету керек, Жандос Мұхамедидің Alem корпорациясындағы үлесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шектеу қойған, ал экс-министрдің әйелі мүлік салығын төлемеген. Ғалия Ысқақова мемлекеттік қазынаға барлығы 2458.72 теңге қарыз.

Қазақ Энциклопедиясы: баспа үйі қалай жекенің қолына өтті және қалай сатылды

1967 жылы Алматыда ҚазКСР Ғылым академиясының жанынан «Қазақ Кеңестік энциклопедиясы» құрылды. 2001 жылы компанияны «Қазақ энциклопедиясы» ЖАҚ етіп қайта құрды, ал 2005 жылдан бастап ұйым ЖШС мәртебесіне ие болды. Екі жағдайда да кәсіпорын басы бүтін мемлекетке тиесілі еді. Бұл іргелі энциклопедияларды, энциклопедиялық анықтамалықтарды, сөздіктерді және ғылыми-танымдық әдебиеттерді шығаруға маманданған жалғыз баспа үйі.

Ресми сайттың мәліметінше, кәсіпорын Алматыда орналасқан: №8 шағынауданы, 19 үй, бірақ ол 19а үйде тіркелген.

Ғимарат баспа үйінен гөрі мектепке немесе балабақшаға ұқсайды.

2014 жылдың мамыр айында ЖШС жекешелендіруге шешім қабылдаған компаниялар тізіміне енді. Сол кезде кәсіпорын Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарған мәдениет және спорт министрлігінің балансында болған. Жарғылық капиталдың 100% нарықтық құны 326,1 млн теңгені құрады. Компанияның активтеріне 0,8 га жер учаскесі бар 2100 шаршы метрден асатын әкімшілік ғимарат, қоймалар, шаруашылық құрылыстары, үш машина, жиһаз, тұрмыстық техника және жабдықтар кірді. «Қазақ энциклопедиясы» инвестициялық ресурстары шамамен 60 млн теңгені құрады, оның 5,2 млн-ы жарғылық капиталға, ал қалғаны – бөлінбеген табысқа тиесілі.

 «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС активтері/ Фото total.kz

Алты айда сатып алушылар табылмады және бастапқы баға бірден 20% – ға төмендеді. Екінші рет электрондық сауда-саттықтағы лот 221,8 млн теңгеге қойылды. Нәтижесінде баспа үйі 222 млн теңгеге сатылды. Активті Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі мен оның ұлдарының қолына кейіннен өткен «Astana Inter Art»/«Астана Интер Арт» продюсерлік орталығы» ЖШС сатып алды. Сатып алу кезінде (2015 жылғы 7 тамыз – ред) ЖШС құрылтайшылары Назгүл Бекенова мен Ләззат Нұрғалиева болды.

2022 жылғы 28 сәуірде Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталғанға дейін бір ай бұрын Alem корпорациясы өзінің ең ірі активтерінің бірінен айрылды. Заңды тұлғаның орнына «Қазақ энциклопедиясының» құрылтайшысы жеке тұлға – Арман Байқадамға өтті. 6 қыркүйекте оның компанияға қатысу үлесіне Алмалы ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімі шектеу салды.

Жыл сайынғы салық аударымдарына сүйенетін болсақ, компанияның табысы өте жақсы. 2019 жыл «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС құрылтайшылары үшін ең тиімді жыл болды, кәсіпорын салыққа 31,5 млн теңгеден астам ақша төледі, бірақ пандемия кезінде істе өзгерістер пайда болды. Коронавирустық инфекция кезінде оқулықтар, кітаптар мен энциклопедияларды сатудың пайдасы аз сияқты. Десе де, биылғы жыл алдыңғы екеуіне қарағанда әлдеқайда табысты болған секілді, ЖШС бірінші жартыжылдықта 10,4 млн теңгені қазынаға құйған екен.

«Қазақ энциклопедиясының» табысы көптеген жағдайда мемлекеттік сатып алуға тікелей байланысты болған. 2016 жылдан бастап мәдениет және спорт министрлігі тендерге қатысуға өтінімдерді үнемі орналастырып отырды. Айта кетейік, келісімшарттардың сомасы көптеген миллионды құрайды. 2018 жылы Министрлікке білім басқармалары мен бөлімдері қосылды, өйткені «Қазақ энциклопедиясы» 6-сыныпқа арналған музыкалық оқулықтарды қазақ және орыс тілдерінде шығара бастады. Алты жыл ішінде ЖШС 321,3 млн теңгеге 456 шарт жасасқан.

Orda.kz

Арман Байқадам деген кім?

Арман Байқадам 1982 жылдың 22 қыркүйегінде дүниеге келген. Мақала жазу кезінде ол Қазақстандағы 30 компанияда құрылтайшы болып тіркеліп тұр. Кәсіпорындардың негізгі бөлігі Астанада «Дипломат» қонақ үйі орналасқан Дінмұхамед Қонаев көшесі 29/1 мекен-жайында немесе Алматыда Ақсай-1а шағын ауданында, 27а үйінде тіркелген. Соңғы мекен – жайы бойынша 2GIS-те чат-боттарды әзірлеу компаниясы, аударма бюросы, көлік компаниясы және автоәйнек шеберханасы тіркелген.

Арман Байқадам өте жан-жақты тұлға. Ол қазақ тілін латын қарпіне аударып та, өзінің көптеген компанияларын басқарып та, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп те үлгереді.

2017 жылғы 10 тамызда және 2022 жылғы 8 маусымда Арман Байқадам сарапшы-филолог, латын әліпбиіндегі қазақ әліпбиінің балама нұсқасының авторы болды. Бірінші сұхбатында ол өз көзқарасын, ал екіншісінде Apple алгоритмдері мемлекеттік тілде сөздердің дұрыс жазылуы үшін қалай жұмыс істеуі керек екенін түсіндірген.

Видеодан алынған скрин

2021 жылғы 26 маусымда Арман Байқадам Baik adam Holding компаниясының бас директоры атынан құрылыс саласының сарапшысы болды. Кәсіпкер жылжымайтын мүлік бағасының өсу себептері туралы сөз қозғаған.

Шартты түрде Арман Байқадамның барлық кәсіпорындарын бірнеше топқа бөлуге болады: Paster, Baiterec атауы, оның тегі немесе Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасы оған берген я сатқан активтер.

Кәсіпорындардың қызметі әртүрлі: холдингтер, IT-сала, аралас ауыл шаруашылығы, кино және бейнефильмдер өндірісі. Мұның бәрі үлкен табыс әкелуі тиіс, бірақ Алмалы ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімі ЖШС-дегі барлық үлестеріне шектеу қойғанын ескерген жөн.

Orda.kz тілшісі Арман Байқадамға қоңырау шалып көрді. Әуел баста әңгіме оның латын әліпбиін құруға қатысуы туралы болған кезде, филолог сұрақтарға бар ынта-шынтасымен жауап берді, бірақ тақырып оның бизнес-жобаларына ауысқаннан кейін, ер адам қоңыраудың мақсатын нақтылай бастады. Мұхамедиұлы отбасына тиесілі жаңа активтер туралы сұрақ қойыла бастаған кезде ол телефон тұтқасын қоя салды.

Келесі бөлімде Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының басқа бизнес-жобалары мен активтері, сондай-ақ экс-министр қамауға алынғанға дейін бір ай бұрын Арман Байқадамның қолына түскен компаниялар туралы оқыңыз.

Бөлісіңіз: