Дипломатиялық сәтсіздік пе? Қазақстанның АҚШ-тағы елшісінің отставкасының астарында не жатыр
Коллаж: Orda.kz
Нью-Йорктен оралғаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтпеген жерден Ержан Ашықбаевты АҚШ-тағы Қазақстан елшісі қызметінен кері шақырып алды. Дипломат Вашингтонда төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Бұл — жай ғана жоспарлы ротация ма, әлде президент сапарының нәтижелеріне көңілі толмағаны ма? Orda.kz сарапшылардың пікірін жинады.
Трамппен кездесу болмады
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың толыққанды кездесуі болған жоқ. Ресми қабылдау өткізілмеді, тек қысқа әңгімемен шектелді. Ал АҚШ президенті өз кезегінде өзбекстандық көшбасшы Шавкат Мирзиеевке уақыт бөлді.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев елші жұмысының бағалануының маңызды критерийлерінің бірі — мемлекет басшысының кездесулерін ұйымдастыру екенін еске салды:
«Біздің елшілік, сөзсіз, Тоқаев пен Трамптың кездесу мәселесін пысықтаған. Бірақ ол орындалмады. Әрине, Трамптың АҚШ президенті ретінде бәріне бірдей уақыты болмауы да мүмкін. Тек қана қоңырау шалып, құттықтаумен шектелді. Осы тұста Мирзиеев Трамппен кездесіп үлгерып, Өзбекстан Boeing-пен ауқымды келісімшартқа қол қойды. Дегенмен Ақ үйдің назары көршілерге ауды».
Мүмкін, Трамп ең алдымен бизнесмен ретінде әрекет еткен болар. Вашингтон Ташкенттен көлемі сегіз миллиард доллар болатын ондаған Boeing 787 сатып алуға арналған ірі келісім алды. Ал Қазақстан Нью-Йоркте соған тең инвестициялық қызығушылық таныта алмады.
Сәтсіз келісімшарт себеп болуы да мүмкін
Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, дәл осы жағдай себеп болуы мүмкін. Айта кетейік, ҚТЖ Wabtec компаниясымен төрт миллиард долларлық келісімшартқа қол қойды.
«Біздің сарапшылар, оның ішінде ҚТЖ-ның бұрынғы басшылары да бұл келісімге теріс пікір білдірді, оны тым қымбат және тиімсіз деп бағалады. Мұндай келісімдер жасалғанда, елшілік олардың саяси тұсына міндетті түрде қатысады. Сондықтан бұл келісім елшіні кері шақыру шешіміне әсер еткен де шығар», — дейді сарапшы.
Дегенмен, Бейсебаев елші қызметінің мерзімін де еске салады. Мүмкін, уақыты келген болар.
«Ресми түрде президент оның мандатын ұзартпады. Егер елші қажет болса және нәтиже көрсетіп жатса, оның мерзімі жиі ұзартылып жатады. Бұл жолы басқаша шешім қабылданды», — деп түсіндірді ол.
Бейсебаевтың пікірінше, Нью-Йоркке жасалған сапардың ұйымдастырылуының өзі де мәселе болған. Қазақстан делегациясының құрамында бизнесмендер аз болды.
«Шетелге барғанда миллиардтаған долларлық құжаттарға қол қойылады. Бірақ көп жағдайда бұл — тек меморандумдар мен ниет хаттары. Біздің шенеуніктер болашақ туралы айтқанды жақсы көреді, бірақ нақты нәтижелерді сирек көрсетеді. Осыдан барып сапардың қабылдануы да осындай болады. Boeing-пен өзбек келісіміне тең келетін бірде-бір үлкен келісім Қазақстанда болмады».
Ашықбаевтың жұмысына баға бере отырып, сарапшы АҚШ-тағы миссияның өте күрделі болғанын атап өтеді. Мұндай жұмыс көзге көрінбейді, бірақ ол өте маңызды.Президенттің көңілі толмады ма?
Президенттің көңілі толмады ма?
Саясаттанушы Дос Көшім дипломаттың отставкасын экономикалық келісімдермен тікелей байланыстырудың қажеті жоқ деп есептейді. Бірақ оның ойында неге президент Ашықбаевты Нью-Йорктен оралған бойда кері шақырды деген сұрақ қалған.
«Біз, әрине, отставканың нақты себептерін білмейміз. Локомотивтер туралы келісімге келсек, Ашықбаевтың қандай да бір қателік жібергеніне сенбеймін. Өйткені бұл — экономика. Ашықбаевтың негізгі міндеті — кездесуді ұйымдастыру, келіссөздер жүргізу, техникалық мәселелерді шешу. Төрт жыл — елші үшін аз уақыт емес. Мүмкін, бұл жоспарлы ротация шығар. Бірақ президенттің жеке бағасын да жоққа шығаруға болмайды. Тоқаев — өзі де дипломат, сондықтан елшілерге жоғары талап қояды. Егер ешқандай наразылық болмаса, оны кем дегенде уақытша қалдыруға болар еді. Ал оның Нью-Йорктен келген бойда кері шақырылуы белгілі бір көңіл толмаушылықты көрсетеді», — дейді сарапшы.
Біз Көшім мырзадан Трамптың неге Тоқаевқа көңіл бөлмегенін сұрадық. Саясаттанушы мұны соңғы жылдары АҚШ-тың Орталық Азиядағы қызығушылығының Өзбекстанға қарай ауысқанымен түсіндіреді.
«Онда жұмыс күші арзан, шетелдік инвесторлар үшін жағдай жеңілірек. Ал Қазақстан бизнесті жүргізу қиынырақ ел ретінде қабылданады. Бұған елдің имиджі де әсер етеді. Инвесторлардың кетіп қалуы немесе көлік өндірісін ашпақ болғандағы сыбайлас жемқорлық даулары ұмытыла қойған жоқ».
Жалпы, саясаттанушының айтуынша, Орталық Азия Вашингтонның басым бағыттарының қатарына кірмейді. АҚШ бұл өңірге ерекше қызығушылық танытып отырған жоқ, тек соғыс аясында санкциялардың сақталуын бақылап отыр.
Осы уақытта Астанадағы АҚШ елшісінің орны да бос тұр. Дэниел Розенблюм кеткеннен кейін Джули Стаффтың кандидатурасын Ақ үй әлі ресми түрде бекіткен жоқ. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық үзіліс орын алды.
Айтпақшы, Ержан Ашықбаевтың отставкасы тағы бір резонансты отставкамен тұспа-тұс келді. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу де орнын босатты. Оның орнына Ермек Көшербаев тағайындалды.
Авторы: Зарина Файзулина
Жаңалықтар
- Санитарлық дәрігердің қаулысы: Астанада тұмау белгілері бар балалар мен ұстаздар сабаққа жіберілмейді
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды