Бойжеткен өзінің бетіне қышқыл шашқан жігітке тұрмысқа шықты

cover

Түркияда 20 жастағы бойжеткен өзінің бетіне қышқыл сұйықтығын шашқан жас жігітпен тұрмыс құрды.

Бұл туралы оқиғаны Bild неміс басылымы жариялады.

20 жастағы Берфин Өзек Түркияның оңтүстік-шығысындағы Искендерун қаласында 2019 жылы жасырын шабуылдың құрбаны болды. Қышқыл әдемі студент қыздың бет-әлбетін бұзған. Содан бері оның бір көзі соқыр болып қалды.

Қылмысқа кінәлі адам – оның бұрынғы жігіті Казим Озан Селтик. Жас жігіт одан аяусыз кек алды.

Шабуылдан кейін Казим тұтқындалып, түрмеге жабылды. Сот қылмыскерді 13,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ жас жігіттің жолы болды. Заңға енгізілген өзгерістер және коронавирустық пандемиямен күресу шараларына байланысты ол мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды.

Темір тордың ар жағынан жігіт өзінің бұрынғы қызына хат жазып, сүйіспеншілігін білдіріп, кешірім сұрады. Бостандыққа шыққаннан кейін ол бірден қыздан қолын сұрады.

Нәтижесінде Берфин өзінің келбетін бұзған адамды кешіріп қана қоймай, оған тұрмысқа шықты. Бұл шешімге қыздың отбасы таң қалған.

– Ол бізге айтпай тұрмыс құрды. Мен ол үшін жылдар бойы күресіп келемін, бірақ бәрі бекер болды, – дейді қыздың әкесі Ясар Өзек.

Әлеуметтік желілерде жас жұбайларға өткір сын айтылды. «Егер мені әлемдегі ең ақымақ адам кім деп сұраса, осы бойжеткен деп жауап беремін. Келесі жолы оның терісін тірідей сыпырады» деп жазды қолданушылардың бірі.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар