Біресе «Бірлік», біресе «Адал»

cover

Кейде біздің саясаткерлерге күлкің келеді. «Бауыржан-шоу» тоқтағалы
сахнаға солар шығатын болды

Түрлері ересекке ұқсағанымен, қылықтары балаға тән. Бала болғанда да, жаңғалағына қатты ұқсайды. Мысалы, «Бірлікті» алайық. Төраға Секем кезінде екі партияны қосып алған көсем. Егер естеріңізде болса, 2013 жылы «Әділет» пен «Руханият» партияларының бірігуінен құрылды. Яғни, Секе ағам «Адалға» адалдық таныта ма деген күдіктің бой көтеруі әбден заңды.

Айтпақшы, «Бірліктің» енді «Адалға» айналғанын естіген де шығарсыздар. Сол, 2013 жылы болуы тиіс. Серік Сұлтанғали тізгінін ұстаған «Бірлік» өз қатарында 53 мың мүшесі бар екенін мәлімдеді ау дейміз. Былай қарасаңыз, бір ауданның тұрғындары шамалас.
Содан бері осы партияға өттік деген кісі баласын кездестірмедік. Демек, саны соншалықты көп емес екенін іш сезеді. Саяси сарынға салсақ, ергежей партия. Ия, оған қымсынатын не бар, саны аз болса да сапасын жағынан озып жүретіндер де жолықпай ма бұл өмірде.

Серик Султангали и Жигули Дайрабаев
Серик Султангали и Жигули Дайрабаев / Фото informburo.kz

Енді әлгі бала қылыққа келейік. Әсіресе, жаңғалағы дедік қой. Ұстатқан затыңды ұмытып кетеді. Немесе, болмашыға өкпелеп қалады. Көршінің есімін есіне сақтай алмайды. Сол сияқты, Серік ағам тізгінін ұстаған партия да өз атын ұмытып қала бере ме, съезд шақырса болды, есім-сойын өзгертіп шыға келеді.

Мысалы, «Әділет» қандай еді! Адамзат біткеннің іздегені әділет. Тіпті заң шығаратын органға да әбден жарасып тұрған. Немесе, «Руханиятын» алсын. Тағы да ұраны естілсе делебең қозып, рухыңды көтеруге ұмтылатының сөзсіз еді ғой. Екі бірдей айбынды атаудан былайғы кісі бас тарта ма? Жарайды, қазаншының еркі бар. Қайдан құлақ шығарса, Секем өз еркін танытты.

Сонымен «Бірлік» болды. «Е, екі партияның қосылғанын меңзеп отыр-ау. Бір қанаты әділетті, екінші қанаты руханиятты іздесе, бұдан өткен партия болмас», - деп іштей сүйсігендер де болды. Бірлік те жақсы. Онсыз тірлік болмайтынын Ата қазақ баяғыда ұрпағына шегелеп кеткен. Серік көкем басқаратын партия ендігі жерде үлкен-кішіні бірлікке шақырып, өздері де тұтас елді біріктіру жолында еңбек етсе шынында да керемет емес пе? Бірақ, «Бірлік» тек партия атауы екен. Тірлігі ішке қонбады.

Алла мейірміне алсын, әлгі бір үйдің бес баласы өртеніп кетіп, ел еңсесін көтере алмай қалғанда «Бірлік» партиясы бүк түсіп жатып алды. Қайғыдан емес шығар, сірә. Арыста қару-жарақ қоймасы өртенді. Нағыз бірігуді қажет еткен кез еді. Атауы жақсы партия тағы да оранған «көрпесінен» ажырамады.

Анау Масаншыда жанжал шықты. Шекпенін киіп алып, алғы шепте Серік Сұлтанғали мырза жүруі тиіс еді. Қисын соны меңзейді ғой. «Бірлік» партиясының төрағасы! Жоқ, атқа «Нұр-отан» қонды. Бердібек Сапарбаев сонау елордадан ұшып барып, істі реттеуге білек сыбанды. Сондай дейміз ғой, «Бірлік» неге бірлік өзі? Қазақтың оппозиционері деп те қабылданатын Абайды тыңдайық. Бірлік туралы не айтқан екен?

Алтыншы қара сөзі:
«Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады!».

«Бірлік» деген атауды оқығандар немесе естігендер есті кісінің тірлігі деп ойлайтыны сондықтан. Қазақ Абаймен өсті, Абайды оқып өсті. Тым болмаса мал бірлігін де қыла алмаған анау партиядан не үміт, не қайыр. Енді «Адал» дейді. Кімге адалдық? Неге адалдық? Бәлкім, әлгі марғаулыққа адалдық? «Бірлік» кезіндегідей бүк түсіп, жата беру әрекетінен арылмауға адалдық па? Онда саяси өмірге не серпін әкеледі? Күлкілі ме? Жоқ! Күрсінесің! Күрсіндіреді!

Тағы да сол өткен жылдар жазбасына көз жүгіртейік. Парламент
Мәжілісінің депутаты атануға бел байлаған «Бірлік» серкесі, кезектен тыс мәжіліс сайлауына қатысты өткен құрылтайда өзі басқаратын саяси партияны «билікке көмекші», «қиындықты айтып елді шайқамайды» деп таныстырды. Яғни, «Нұр-Отанның» «інісі» болады. Бас партияның тынысы онсыз да көп деп есептеген электорат дауыс беру кезінде «Бірлікті» көзге ілген де жоқ. Оған жиған ұпайы дәлел. «Көрші аулда көкпар!», - дегенді естіген, кезінде қиқу біткенді бергі жағынан бақылаған ауыр халдегі қария басын көтермек болып, әлсіз екенін түсініп, «Апырмай,ә», дейді екен.

«Апырмай,ә-нің» заманауи көрінісі осы шығар. Ғайыптан тайып, көктен комета құламаса, бүгінгі электораттың да «Адалға» да адалдық танытуы екіталай. Сайлау сайын атын өзгертетін жаңғалақтар саяси аренада жарқ ете қалмайтынын халық түсінеді де.

Көпен ағам Әмірбек өз көкесі Мұхтар Шахановқа арнаған пародиясында:

«Біздің ауыл біресе Қызылқұм боп,
Біресе Шәуілдір боп,
Біресе Отырар боп,
Қайта-қайта өзгерді,
Білесің ғой, мен өзгерген кездерді», - дегенді ақын ағасының аузына салады.

Көпе ағам айтпақшы, біресе «Әділет», біресе «Бірлік», біресе «Адал» болып өзгерген партиядан тартымды әрекет, татымды тірлік күту әбестік. Аяз күні жүгірсе алқынып қалатын біреу, «Бәйгеден келмесек те, бойымыз жылып қалды», - деген екен. Сол секілді, бұл партияның мүшелері де болашаққа ой жүгіртуден, дәл қазір бой жылытуға көбірек көңіл бөлетін секілді. Дұрыс қой. Төрт жыл текке жатып, тоңып қалды. Тым болмаса «тірі» екенін танытсын да…

Автор: Амангелді Сейтканов

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар