"Байлар да жылайды"

cover

Алайда, пандемия кесірінен бұл елдің халқы да әлеуметтік экономикалық қыспаққа түсіп жатыр. Қараша айынан бастап, Норвегия Үкіметі короновирус жұқтырғандар санының күрт өсе бастағанынан карантиндік шараларды күшейткен болатын.

Шетелден келген барлық азаматтар әуежайда бірден тест тапсырып, он күн қатаң карантинде отыру міндеттелген. Карантиндік шараларды бұзған азаматтарға бірден айыппұл салына бастады. Эпидимиологиялық шаралар шеңберіндегі талаптар бәріне бірдей. Ешкімге кешірім, жеңілдік жоқ.

Өткен аптада Еуропаның өзге елінен келіп, норвегиялық карантиндік шараларды елемей, шіркеуге келушілермен кездескен діни қызметкер 1860 евро көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Карантиндік талаптардың күшейтілуімен Норвегияның қалаларында қаншама адам жұмыссыздар қатарын толтырып жатыр. Басылым беттерінде жария етілген ақпарат көздеріне қарағанда, қазірдің өзінде 200 мыңға жуық адам уақытша және мүлде жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыссыздардың негізгі бөлігі тамақпен қамту саласының еңбеккерлері.

Қазір үлкен қалалардағы, әсіресе, Ослода көптеген дәмхана, мейрамханалар қаңырап бос тұр. Күн сайын олардың қызметкерлері жұмыссыздар армиясын толықтырып жатыр. Тіркеуден өткен жұмыссыздарға бұрынғы жұмысының 60 пайыз мөлшерінде үкіметтік жәрдемақы беріледі. Дегенмен, Үкіметтің қатаң карантиндік шараларына қарсылар қатары да өсіп отыр.

Өткен аптада норвегиялық әуе компаниялар қызметкерлері Парламент ғимаратының алдында қарсылық акциясын өткізді. Стортинг алдына жиналушылар пандемияның екінші толқыны бизнес өкілдерін тығырыққа тірегенін, биліктің жағдай шиеленіспеуі үшін тезірек шешім табуын талап етті. Норвегия әуе компанияларында бұрын 11 000 қызметкер, 156 ұшақ болса, қазір тек 600 қызметкер, 6 ұшақ жұмыс істеп тұр екен. Оның өзі локдаун енгізілетін болса, тоқтап қалуы әбден мүмкін. Билік өкілдері наразылық білдірушілерді әзірге тек тыңдап қайтты.

Норвегия Премьер министрі Эрна Сольберг, ,,қиындыққа қарамастан, вирустың еуропалық өзге мемлекеттеріндегідей таралып кетуіне жол бермеуіміз керек,, деді.

Норвегия бұған дейін короновирустың ең аз таралған елдері қатарында болатын. Алайда, қазан айынан бастап, елде вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, күніне бірнеше жүздеген адамдар тіркеле бастаған. Жергілікті билік мектеп, жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқуға көшіріп, кинотеатр, фитнес, спорт залдарын жабуға мәжбүр болды. Жаңа карантиндік талаптар бойынша әр үйде бес адамнан артық жиналуға тиым салынды.

Карантиндік шаралар шеңберінде Үкімет норвегия футбол құрама командасын Румыния командасымен жоспарланған матчқа қатысуға рұқсат бермеді. УЕФА дисциплинарлық комитеті матчтың өтпеуіне байланысты норвегиялық футболшылар Румыния құрамасынан 3:0 есебімен техникалық ұтылғанын жария етті. Тәжді тажал кесірінен норвегиялық футбол жанкүйерлері мен жұмысссыздар "көз жасына ерік беруге" әзір".

Автор: Бибигуль Жексенбай

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар