Азық-түлік бағасының өскені үшін екі аймақ басшылары жазаланды

cover

Жамбыл және Атырау әкімдерінің орынбасарлары өз аймақтарында азық-түлік бағасының өсуіне жол бергені үшін қатаң сөгіс алды.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

– Мен Әлихан Асханұлының Атырау және Жамбыл облыстары әкімдерінің жауапты орынбасарларын әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бергені үшін жазалау туралы ұсынысын қолдаймын, - деді премьер-министр Асқар Мамин.

2021 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 3,2%-ға өсті. Бұған дейін министрлер кабинеті 45 шарадан тұратын бағаны тұрақтандырудың жол картасын бекітті.

Бірақ, бұған қарамастан, Жамбыл облысында баға 4,2%, Атырауда 3,8% өсті. Ең аз өсім - 2,9% Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында тіркелді.

Қазақстанда азық-түлік бағасы үлкен проблема болып табылады: статистика бес жыл ішінде олардың 45%-ға өскенін көрсетеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар