Ауылдан шыққандар туралы қала қазағының ойы дұрыс па?

cover

Қоғамда ауыл мен қала адамдары екі топқа бөлінді десе болады. Екі түрлі тұрмыстық жағдайда өскен адамдардың менталитеттері мен құндылықтарында айырмашылық болуы заңдылық. Ойлап қарасақ, қала тұрғынында мүмкіндік, тұрмыс жағдай жақсырақ. Десек те, қашан да қазақты жаңа деңгейге көтерген ірі тұлғалардың басым бөлігі ауылдан шыққаны баршаға мәлім.

ORDA. редакциясы ауыл жастарына «ауыл мен қала адамдарында қандай айырмашылық бар?» деген сауалмен пікірлерін білді.

Бекзат, Алматы облысы, Сарыөзек ауылының тумасы. Филология факультетінің студенті. Алматы қаласында жеке шағын бизнеспен айналысады, 20 жаста. Бекзаттын айтуынша ауыл адамы қалаға алғаш келгенде қалалықтармен тіл табысу қиындық тудырады.

«Тіл табысқан былай тұрсын, айтып жатқан сөздерін түсіну оңай емес. Қалалықтар мен білмейтін сөздерді көп қолданды. Арада бір тосқауыл болғандай болды. Менсінбеушілік те болады. Ондай адамдарға мән бермеген жөн».

Бекзаттың ойынша, ауыл тәрбиесін көрген адам өмірде көп жетістікке жетеді.

«Ауыл адамдары қала адамдарынан тек менталитет және өмірге көзқарас тұрғысынан ғана ерекшеленіп тұрады. Ауылдан шыққан адамдар баршылықты да жоқшылықты да көтере алады. Шыдамды әрі еңбекқор болып келеді. Қазақтың небір алыптары ауылдан шыққан. Қала ондай адамдарды тәрбиелеп шығара алмайды».

Мәулен, Жамбыл облысы, Қызыл сай ауылының тұрғыны. География факультетінің 3 курс студенті. Мал бизнесімен айналысады. Ауыл адамы қалаға келгенде қандай қиындықтармен кездесетіні туралы былай деді:

«Мен бірінші рет қалаға келгенде орыс тілін білмедім. Қалалықтар орыс тілін білмеген адамдарды мақұлық көреді. Өзі ана тілін білмей мені кемсітіп тұрғандары намысқа қатты тиді».

Сұхбат беруші қалалықтардың ауылдағы қандастарына салқын көзбен қарағандарын тәрбиесіздіктен деп есептейді.

«Ауыл мен қала халқының әуелден екі түрлі екенін жақсы білеміз. Қос жақтың да ортасы, тәлім-тәрбиесі ұқсамайтын болғандықтан ойлауы да өзгеше. Бұрын қалалықтар ауылдағы ағайындарды менсінбейтін. Бірақ, бұл кімнің тәрбиелі әрі адамгершілігі мол екенін жақсы аңғартады».

Жастар мен аға буын өкілдерінің пікірлері көп жерлерде ұштасып жатады. Журналист, сатирик Көпен Әмірбек ауылдың маңызы туралы ORDA. редакциясына берген сұхбатынан:

Журналист, сатирик Көпен Әмірбек

«Қазақ халқы қалада өспеген, далада өскен. Қазақты даладай кеңдігі, таудай биіктігі, теңіздей тереңдігі ұстап тұр. Қалада теңіз жоқ, кеңдік жоқ. Адам табиғатпен үндес қой, егіз. Ауылда өскен адам жүрген жеріне, жұтқан ауасына, табиғатына ұқсас болады. Ауылда өскен адамдар қазақтың әдет-ғұрпын, салтын, дәстүрін бойына жинап барып қалаға келеді. Иманның барлығы далада, жиғаннын барлығы қалада ғой», - деп қорытындылады сатирик.

Қалада туып өскен саясаттанушы және публицист Сейдахмет Құттықадам ORDA. редакциясына шығармашылыққа ауылдың әсерін айта кетті:

Саясаттанушы және публицист Сейдахмет Құттықадам

«Мен ауылда өскен жоқпын. Менің өскен жерім Түркістан шаһары. Бірақ, ауылда тұратын нағашыларыма жиі баратынмын. Сол жаққа барып мал бағып, қора тазалап, ауыл тіршілігін көрдім. Ауыл деген қазақта киелі нәрсе. Біздің жазушыларымыз, ғалымдарымыз, зиялыларымыз жаппай болмаса да, басым бөлігі ауылдан шыққан. Біздің рухани, мәдени ұстанымдарымыздың барлығы ауылда сақталып қалған. Менің ойымша қазаққа ауылмен, көшпенділікпен, Тәңірмен байланысты ешқашан үзуге болмайды».


Танымал журналисттің ойынша ауыл адамдары мен қала адамдарының бөлінуі санаға қонымсыз.

«Қала адамдарында ауылдықтарды менсінбеушілік кездеседі. Тіпті, кейбір ауыл адамдары қалаға барып білім алса жерлестерін менсінбей кетеді. Менің ойымша бұл - мәдениеттің, тәрбиенің жоқтығынан туындайды. Қалай болса да, ауыл киелі дүние. Өкінішке қарай қазірде ауылдан бұрынғы негізі жойылуда. «Шала қалаға» айналуда. Ауылда тұрған адам міндетті түрде мал бағып, атқа мініп өсу керек. Ауылдарды сақтап қалмасақ, ертең қазақ тамырынан айрылады. Тамыры жоқ ағаш тез қурайды».

Мұхит Тұрсынәлі

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар