Арменияның экс-президентіне аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылды

cover

Арменияның бұрынғы басшысы Сердж Саргсян аса ірі көлемде пара алды деп айыпталды. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды, деп хабарлады Арменияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің баспасөз хатшысы Марина Оганжанян.

Саргсянның адвокаты Амрам Макинян бұған дейін оның клиенті айыпталушы ретінде жауап алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке шақырылғанын айтқан. Адвокаттың айтуынша, кәсіпкер Сильва Амбарцумян Серж Саргсянға пара бергенін мойындаған.

Сильва Амбарцумян 2018 жылдың қарашасында әр кез жоғары лауазымды шенеуніктерге пара беріп келгенін мәлімдеді. Амбарцумян бұған дейін Серж Саргсянға пара бермегенін және онымен таныс емес екенін айтқан. Бірақ қазір ол айғақтарын өзгертті.

– Саргсянға аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылды. Бұлтартпау шарасы ретінде ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Басқа мәліметтерді әлі айта алмаймын, – деп түсіндірді Оганжанян.

Қазір экс-президент басқа іс бойынша сотталушы ретінде қатысып жатыр. 2019 жылдың соңында Арменияның арнайы тергеу қызметі оған мемлекеттен жымқыру арқылы миллион доллардан астам ұрлық ұйымдастырды деген айып тағылды. Бұрынғы президент бұл істі саяси қудалау деп санап, кінәні мойындамайды.

Арменияда 2018 жылдың 13 сәуірінен бастап экс-президент және республикалық партияның жетекшісі Саргсянның премьер-министр лауазымына сайлануына қарсы оппозицияның наразылық акциялары өтті. Наразылықтар аясында Саргсян премьер-министр болып сайланғаннан бір аптадан аз уақыт өткен соң, 23 сәуірде отставкаға кетті. Саргсян көпшілік алдына сирек шығады. Ол бұған дейін «уақыт әлі келген жоқ» деп, журналистермен сөйлесуден бас тартты.

Арменияда билік ауысқаннан кейін елдің бірқатар бұрынғы басшыларына, соның ішінде бұрынғы президент Роберт Кочарянға, парламенттің бұрынғы спикері Ара Баблоянға, бас штабтың бұрынғы бастығы Юрий Хачатуровқа, бұрынғы қорғаныс министрі Сейран Оганянға қарсы қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер «лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану» бабымен қылмыстық іс бойынша сотталушы ретінде Конституциялық соттың қазіргі басшысы Грейр Товмасянды да атап өтеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар